Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді, ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен еңбегің екі жақтап.
(Абай)
Еліктейтін тұлғам - С.Ж.Асфендияров. Себебі Ол Қазақстандағы тұңғыш Жоғары оқу орнын ашып (1928 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеті), соның бірінші ректоры атанған. Сосын үш жылдан кейін, яғни 1931 жылы қазіргі Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің негізін қалап, оның да тұңғыш ректоры атанады. Ол қазақтың баласына білім беруді мақсат еткен ұлы тұлғалардың бірі. Осындай сан қырлы тұлғаның ізін жалғастырып, менің де дәрігер болғым келеді.
Адам баласы ес біліп, өскен шағында өзінің жүрегіне жақын, шын айналысқысы келетін ісі болады. Шынайы ұнататын ісіңмен шұғылданғанда керемет дем алып қаласың. Және ол әр кісінің мінезіне сай түрліше болмақ. Сол секілді менің де сүйікті ісім бар. Оным өзіме қатты ұнайды. Менің сүйікті ісім воллейбол ойнау және би билеу. Сабақтан тыс уақытта мектепке келіп дайындық жасаймыз. Сүйікті ісімнің нәтижесін көріп жатырмын. Жарыстарға қатысып жетістіктерге жетудемін.
Өмірге күнде келіп жатқан жоқсыз, ойыңыздағы арманыңыз бен мақсатыңызға жету үшін уақытты тиімді пайдалануды дағды етіңіз. Уақытты тиімді пайдалану дегеніміз — жақсылыққа ұмтылу. Әрбір сағатыңыздың тықылы сіздің өтіп бара жатқан өміріңіз, сіз өз өміріңізге бей-жай қарамайтын боларсыз?! Өзім күн сайын кететін уақытымның бір бөлігін кітапқа арнаймын, екінші бір бөлігін спортқа дегендей. Ниет болса болғаны, қалған игі дүниелер табыла кетеді. Күннің шығысынан кештің батысына дейін беріліп жатқан ұзын-сонар сериалдарға қарап, уақытыңызды сарп етпеңіз!
Бұл байқауға қатысу себебім өзімді интернет желісінде сынап көргім келеді. Және де жазғы демалыс кезіндегі уақытымды тиімді пайдаланып, әр сәтімді қызықты өткізу.Осы жазғы демалыста алдыма қойған мақсатыма Массагетпен бірге жету болып табылады.
Интернетте оқушыларға қатысты желілер көп болса деймін. Оқушылардың жазғы демалыс кезіндегі қызығушылығын арттыру барысында түрлі ойындар мен логикалық тапсырмалар және өз ойларын ашық білдіру үшін түрлі блогтар жазу арқылы сайыстар жүргізілсе деймін.
Бұл байқау жазғы демалыс кезіндегі оқушылардың уақытын тиімді пайдалануына өте тиімді.Оқушылардың алдарына мақсат қоюына, оны интернет желісі арқылы орындауына көмек көрсетеді.Бүгінгі жас - еліміздің ертеңі. Елдің дамуына білікті, білімді азаматтар керек. Сол азаматтар осындай кішігірім байқау, жарыстардан өздерін барлық жағынан көрсетеді. Біліктілік жинайды.
«Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!» байқауы оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, ізденіс үстінде болуға көмектеседі. Жарысқа қатысушы оқушылар мен жетекшілер ғаламтор желісі арқылы байланыс жасап,бір-біріне көмектесіп отырады. Бұл байқау барысында көптеген достар тауып жатырмыз. Өз тобымдағы достарым да, жетекшім- Жолдас ағай да қатты ұнады. Байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Массагет ұжымына көп рахмет.