"Ойып орын аларлық 5 үздік роман" (арнайы тапсырма)
блог
"Роман - көркем сөздің ең биік шыңы", - деп академик Қайрат Жұмағалиев айтқандай, əдеби шығармалар ішінде мен үшін де биік шың, сүйіп оқитыным, осы - роман.
Роман - күрделі сюжетімен, өзіне түрлі əдеби жанрларды сыйғызу арқылы заманның шындығын, адамдар арасындағы қарым-қатынасты әр түрлі сезімдермен суреттейді. Эпикалық шығармалардың бұл түріне жазылған кітаптардың мазмұнын, ерекшеліктерін жазу аса қиын шаруа емес, егер де сіз оны оқып, сол романнан оң жақты пікір қалыптастырсаңыз. Қазақ романын көркейтуде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин, Жүсіпбек Аймауытов сияқты жазушылардың еңбектерін атап айтуға болады. Бүгін оқырмандарға ұсынғым келіп отырған 5 үздік шығарма ерекше тарихы, жазылған стильдерінде əдеби тіл мен қарапайым қара сөздерді қолданып, оқырман жүрегінен шыққаннан соң тізіміме енді.
1. ХХ-шы ғасырдың басында қазақ әдебиеті сандық жағынан да, сапалық жағынан да жаңа биікке көтерілді, жазба әдебиетімізде ақын-жазушылар өзіндік стильмен айқын көріне бастады. Қазақ әдебиетінде жаңа туындылар туды. Соның бірі - Міржақып Дулатұлының қаламынан туған, 1910-шы жылы Қазан қаласында жарық көрген - "Бақытсыз Жамал " романы. Қазақ əдебиетіндегі тұңғыш роман болғандықтан, тізімге бірінші енді. Бұл романның жарыққа шығуының келешекте қазақ əдебиетінде сан түрлі романдардың дүниеге келуіне жол ашты. Оқиғаның басты идеясы - қазақ халқының ескі салт-дəстүрін сынау. Оқыған, сүйгеніне қосылғысы келетін, еркіндікті қалайтын қарапайым қазақ қызының басынан кешкен қиындықтары туралы айтылған. Жамалдың образынан қазақ қызына тəн тəрбиелікті, ақылдылықты, адалдықты байқауға болады. Ғали – сол замандағы көзі ашық, мәдениетті жігіт. Жамал бір отырыста Ғалиді кездестіріп, сол арада танысады, екеуі бірін-бірі іштей ұнатып, кейініректе хат жазысу, бірнеше кездесулер арқылы сезімдерінің беріктігін біліп, қашып кетуге мәжбүр болады. Оның себебі, жылдар бойы күткен алғашқы перзентін билікке қызыққан əкесі бай баласы тазы-Жұманға еріксіз атастыруы болатын. Ия, Ғали Жамалға лайықты жігіт болатын, тек қолының қысқалығы оны махаббатынан кері шегіндіре бастады. Ал, Жұман – өте нашар, бүлікшіл,сауатсыз бай баласы болатын. Соңы трагедиямен аяқталады, бірін-бірі адал ұнатқан екі аққу өмірге өкпесін айтып, о дүниеге оза береді. Міржақып Дулатұлы "Бақытсыз Жамал " романы арқылы ескі қазақ дəстүрінің шынымен де ескі екенін ащы шындықпен айқындап көрсеткен. Жастарға тәрбиелік мән беретін эстетикалық-көркемдік талғамы нәзік те жоғары туынды.
2. ХХ-шы ғасырдың басында шыққан ескілікке қарсы үн көтеруші тағы бір роман, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың алтын туындысы - Қамар сұлу. Бұл роман - өлең жолдар мен қара сөздерді біріктірген көлемді туындылардың бірі, адам құқығын қорғаушы, әділетсіздікті, зорлық-зомбылықты айыптаушы ретінде әдебиет сахнасына шықты. Романның басты кейіпкерлері - ғашықтар, бірге бола алмайтын ғашықтар... Сол ескі əмеңгерлік салт, надан елдің ескі сенімі. Бұл уақытта "қазақ аруы" деп кез-келгенін айта алмайсың. Ал, өткен замандағы Қамар ше? Қамар - бойына қазақ қызына тəн мінезді, сыртқы сұлулығы мен ішкі жан дүниесінің сұлулығын тең ұстай білетін ару. Ахмет - оқыған, білімді, салмақты жігіт. Бай мен кедей теңсіздігі, бай-шонжарлар бірінші орында тұрғанда, кедей шіркіннің не жаны бар?! Автор шығармасында халық санасының ескіргеніне қатты налиды, халық арасында тәуіп-бақсылар жиі шығып, елдің санасын улап жатқанын қараңғы жұртына жеткізе алған. Оқиғаның соңы, әрине, трагедиялық жолмен аяқталады. Бұл романның маңыздылығы мен ерекшелігіне келер болсақ, әлеуметтік өмір шындығын бейнелеу, кейіпкерлерді мінездеу, əйел теңдіктері шебер суреттеледі. Тұрмыс-салт жырлары кеңінен айтылады. Автор ауылдың тұрмысына тəн тіршілікті осы роман арқылы оқырманға жеткізе білген.
3. Тарих тұңғиығынан сыр шертетін, атақты, күрделі құрылымы жағынан ерекше, рухты, Ілияс Есенберлин жарыққа шығарған теңдесіз тарихи кітап - "Көшпенділер" трилогиясы. Жазушы тарихи романда тарихты жаңғыртумен шектеліп қоймай, адамгершілік, психологиялық, мәдени мәселелерді біртұтас көтеруге көңіл бөлген. Осы байқау арқылы оқып шыққан - "Алмас қылыш", "Жанталас ", "Қаһар" романдары туралы мол мəліметтер келтіруге болады. Өмірде болған саяси-тарихи шындық жазылатын кітаптарды ұнатамын. "Алмас қылыш" романында автор Шайбани ұлысының құрамынан жаңа, жас хандықтың бой көтере бастауын, халықтың бастан кешкен қуаныш-қайғысын, Қазақ хандығының ішкі, сыртқы жауларымен кескілескен күрес үстінде шынығып ширауы, бұл жолғы қыруар кедергілер қиынырақ екенін көркем жеткізе білген. Романның басты идеясы - қазақ руларының бірлесуі, бір хандықта ынтымақ құру мәселесі. Бұл кітапта халық санасында мәңгі есте қалған Жәнібек, Керей, Қасым, Қобыланды, Қазтуған сынды еліне аянбай еңбектенген батыр-хандарды ұрпағы ұмытпас үшін тереңінен суреттеген. "Алмас қылыштан" кейінгі екінші кітап - "Жанталас" романы. Бұл роман бірнеше бөлімнен тұрады. Əр бөлімі өзіндік саяси маңыздылығымен көзге түседі. Жоңғар шапқыншылығы, қазақ хандығының жауға қарсы құрылтайы, Бұланты мен Аягөз өзендері маңындағы жеңісі, Ресей империясының боданы болуы сынды түрлі тарихи кезеңдерді хронологиялық түрде мəтіндеген. Бұл романда қылшық жаны қалса да еліне адал қызмет еткен Əбілқайыр, Абылай, Бөгенбай, Бұхар сынды тұлғалар бой көтереді. Соның ішінде, жазушы Абылай ханды айқын, толық сипаттап жазады. Оның қазақ жерін жаудан босату, жан-жақтан талауға тырысқан көп дұшпандарға төтеп беруі, қазақ елін біріктіру жолында біраз тер төккенін жазады. Трилогияның үшінші кітабында ХІХ-шы ғасырдың 30-40-шы жылдарындағы Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің саяси-тарихи маңыздылығы туралы паш етіледі. Романда Кенесары бейнесі тарихи толық мазмұнда көркем сомдалған. Автор оның жеке басындағы ерлік пен парасаттың үйлесімін шебер аңғартады. Қазақ хандығының соңғы ханының бұлай қан төгіске баруының себебі, Ресей империясының көздеген мүддесі қазақ елін бөлшектеп, талан-таражға салу екенін біліп, елінің болашақ тағдыры үшін жанын шүберекке түйеді. Көтеріліс сәтсіз аяқталса да, болашақта ірілі-ұсақты қозғалыстардың болуына халықтың көзін ашып, рух беріп, қазақ халқының азаттық күресі ретінде тарих сахнасынан мəңгіге орын алды. Бұл романдағы басты кейіпкерлердің адамдық болмыстары, психологиялық күйзелістері нанымды да әсерлі. Жалпы айтқанда, "Көшпенділер" трилогиясы - Отансүйгіштікке, рухтылыққа, тарихи танымдыққа үйретеді. Қазақ əдебиетінде тарихи роман ретінде бұл кітаптардың шоқтығы биік.
4. ХХ-шы ғасырдың бас кезінде жарық көрген, жазушы, ғалым, журналист-публицист Жүсіпбек Аймауытовтың қайғы мен мұңды, қуаныш пен шаттықты алма-кезек суреттеген үздік шығармасы - Ақбілек. ″Ақбілек" романы – адам тағдырын, қиын-қыстау сәттерін, шуақты күндерін психологиялық терең сезіммен бейнелейтін, сондай-ақ өзінің сюжеттік композициялық құрылымы жағынан ерекшеленетін туындылырдың бірі. 1918-1922-ші жылдары Ресей билігіне Кеңестіктер келуіне байланысты азамат соғысы болып, ел іші үлкен дүрлігеді. Романның жарыққа шығуына түрткі болған, осы – тарихи маңызды оқиғадан зардап шегуші халықтың көз жасы мен әлеуметтік тұрмысы. Жазушы Ақбілекті басты кейіпкер ретінде ала отырып, ауылдың шынайы бейнесін, Кеңес үкіметінің қазақ ауылдарына əкелген өзгерістерінің өрбігендігі туралы баяндайды. Мен оқыған романдардың ерекшесі, осы - "Ақбілек" романы. Қандай құштарлықпен оқыдым десеңші?! Ақбілек - өмірдің қиыншылықтарына төзіп, адал жарын кездестіріп, Алтайдың баурайында өмірге жаңа есік ашқан сəбидей, жан-еркіндік сезімін бастан кешетін қарапайым қазақ қызы. Қарапайым ауылдың тұрмысын кешіп жүріп, ақ патша адамдарының қолына түсіп, қиындықтың алғашқы дәмін татады. Атастырған жігітінен айырылып, қаншалықты қиын жағдай орын алса да, ағасы мен жеңгесінің көмегімен оқу оқып, көзі ашық жандардың қатарына қосылады. Автор романда кейіпкерлерді сюжетке ала отырып, оларды жеке суреттейді. Әр бөлімінде бой көтеретін тұлғалардың өмірінен үзінділер келтіреді. Роман өте күрделі, шиеленісті. Оны оқып шығуға төзім мен щыдамдылық керек.
5. "Берілуге болмайтын 9 кітаптың" ішінен көзіме ерекше іліккен болуы керек, əлде автордың өзі мені қызықтырды ма? Бұл роман əлем əдебиетіндегі озық туынды, оқырман жүрегінде ерекше әсер қалдыратын, Джон Гриннің үздік шығармасы - Жұлдыздар кінəлі (Виноваты звезды). Фильмін көріп, керемет дəйек сөздер, өмірлік мəні бар дүниелерді ойыма түйдім. Ал, кітабын электронды түрде оқып шықтым. Бұл кітапта махаббаттан бөлек асыл нəрсе бар, ол - арман. Адам тағдыры - жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді танудың өзгеше тәсілі. Автор бұл кітабы арқылы жаңаша өмір сипатына ие болған да шығар. Қатерлі ісікке душар болған Хейзел Грейс пен Огастус Уотерстың армандары жолындағы ғажайып оқиғалары туралы жазылған. Оларды өмір қатал жазалағанымен, армандары үшін күресе білді. Олардың танысулары, қызығушылықтары, өмірге деген құштарлықтары бәрі-бәрі ерекше. Бұл кітаптан түсінгенім – «Егер де біз ауыртпалықты сезбегенде, қуанышты қалай білетін едік?». Барлық өткінші қиыншылықтардың әсерінен арманыңнан қол үзсең, бақытқа қалай жететініңді ойландың ба? Өте əсерлі роман, көңілім босап, жылап та алдым. Әлем әдебиеттеріне қызығушылығымды оятты.
Оқыған романдарым - адамға өмірді танытып қана қоймайды, олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырады, мінез-құлқына, тұрмыс-тіршілігіне ықпал етеді, көңіл-күйінде сан-сапа құбылыстар туғызып, із қалдырады. Бұл әдеби шығарманың, яғни романның эстетикалық әсері, оның таным, тәрбие тарапындағы мәні де осыған негізделген. Көркем шығарманың табиғатын тану үшін кітаппен ғана шектеліп қалу жеткіліксіз. ХХІ-ші ғасырдың озық техникаларын пайдалану арқылы оқыған романдарыңыздың тарихына шолу жасауға барлық мүмкіндіктер бар. Қазақ әдебиетіндегі заман шындығына, елеулі оқиғаларына жазылған романдардың желісі бойынша фильмдер түсірілсе екен. Тарихын зерттемек тұрмақ, кітап беттерін парақтамайтын жастар өте көп. Фильмін түсіру арқылы біз ұлттық құндылықтарымыздың бағасын таразылаған, мәңгілікке қызмет ететін ұлттық идеяның өміршеңдігін аңғартқан туындыларды қазақ прозасының аса құнды мұрасы ретінде көзбен көріп, бағалай алатын едік. Сөз соңында, әдебиетіміздің ұшан-теңіз туындыларын іріктеген күннің өзінде, олардың бәрін қамту мүмкін болмас. Сол сияқты мен үшін де "үздік" деп танылған романдардың саны тек 5-еу емес. Əр романның өзіне тəн оқырман жүрегінен жол табатын арнайы тəсілдері бар. Егер бұл романдарды оқымаған болсаңыз, сіздерге оқып шығуға кеңес беремін, өкінбейсіздер!