Оскар Уайльд және оның ертегілері: Бақытты ханзада

Оскар Уайльд және оның ертегілері: Бақытты ханзада
жеке
блог

  Сіздерге ағылшын тілінен біраз грамматиканы қайталаған соң, Оскар Уайльдтің ертегілер әлеміне саяхат жасаймын деп уәде бергенмін. Бүгін сіздерге Оскар Уайльдтің "Бақытты ханзада" ертегісін ұсынамын.

   Ертеде бір қаланың үлкен алаңында, биік тұғырда "Бақытты ханзаданың" мүсіні тұрушы еді. Оның барлық денесі алтыннан жалатылған, көздері сапфирден, ал қолындағы қылышының сапысында үлкен лағыл жарқырап тұратын. Қала тұрғындарының бәрі оған қызыға қарайтын.

   Бір күні  Солтүстік Еуропадан алыс Мысырға аттанып бара жатқан бір Қарлығаш күні бойы талмай ұшып, түнде бір қалаға тоқтайды. Қала ішінен бір түнге паналайтын жер іздейді. Ақыры биікте тұрған алып мүсінді көріп, мүсіннің аяғына қарай қонып, ұйықтауға қамданып жатады. Бір кезде үстіне ауыр тамшы құлайды. Сонда Қарлығаш таңданып:

  - Қызық! Аспанда жұлдыздар жайнап тұр. Қалың бұлт та көрінбейді. Қайдан келген жаңбыр екен?-дейді. Сол уақытта тағы бір тамшы құлайды. Қарлығаш:

 - Осы мүсіндерден не пайда? Тіпті, аспаннан жауған жауыннан да қорғана алмаса! Одан да өзіме төбесі жабық бір баспана іздейін. - дейді. Қарлығаш қанатын қақпай жатып тағы бір тамшы кеп құлайды. Солай Қарлығаш төбеге қарайды. Қызық, ол не көрді десеңізші!

   Бақытты ханзаданың көзі жасқа толы еді. Көз жасы алтын бетінен сырғи бастаған. Оның ай жарығына шағылысқан бұл жүзі ерекше әдемі көрініс болатын. Ал, оған Қарлығаш аяушылықпен қарап:

  - Сен кімсің? - дейді. 

  - Мен Бақытты ханзадамын. - деп мүсін оған тіл қатады.

  - Бірақ сен неге жылайсың? Сен менің үстіме жасыңды төктің ғой!

  - Мен тірі болған кезімде менің тірі жаным болды. Мен сонда көз жасы дегеннің не екенін де білмеппін, - деп мүсін жауап береді. - Мен Санс-Суси атты сарайда өмір сүрдім. Мен онда күні бойы достарыммен сауық-сайран құрып, көңіл көтеріп, ал кешкісін Улкен залда асыр сала билейтінмін. Менің сарайымның бағының қабырғасы үлкен дуалмен қоршалған болатын. Ал, мен оның сыртында не болып жататынын бірде-бір рет сұрамаппын. Менің айналам өте тамаша еді! "Бақытты ханзада" деп жақындарымның бәрі мені ұлықтайтын. Шынында, мен бақытты едім. Солай өмір сүрдім, артынша солай дүниеден өттім. Міне, мен енді тірі жан емеспін. Мені осы жерге қойды.Жоғарыға, өте биікке! Енді мен бар қаланың тіршілігін және қаламның барлық кедейлерін көре аламын. Ал, менің жүрегім қалайыдан жасалса да, көз жасымды тыя алар емеспін.

  - А, сен сонда таза алтыннан құйылмағансың ғой! - деп Қарлығаш ішінен ойлайды.

  - Алыста, бір тар көшенің бойында бір кедейдің үйін көріп тұрмын. Оның терезесі ашық тұр. Ал, оның ішінде бір жүдеу жүзді әйел үстел басында көйлек тігіп отыр. Қасында төсекте баласы аурып жатыр. Ол анасынан апельсин сұрағанымен анасында өзен суынан басқа ештеңе жоқ. Балақай болса жылап жатыр. Қарлығаш, Қарлығаш, кішкентай Қарлығаш! Сен менің қылышымның сабындағы лағылды оған апарып бересің бе? 

  - Менің Мысырға кетуім керек. Менің құрбыларым мені күтпейді. Біраздан соң олар басқа елге аттанады. - дейді Қарлығаш.

  -Қарлығаш, Қарлығаш, кішкентай Қарлығаш! Өтінемін, бір түнге қалып менің айтқанымды орындашы. Бала қатты шөлдеп жатыр, ал анасына сондай обал.

  -Жоқ, мен сенің айтқаныңды орындай алмаймын. Жалпы, мен ұл балаларды ұнатпаймын! Былтырғы жылы өзен жағасында тұрғанымда олар мені таспен ататын! - деп Қарлығаш қырсықтанды.

  Сол кезде Бақытты ханзаданың жүзі солғын еді. Қарлығаш оны аяп, былай деді:

  - Мұнда өте суық. Бірақ... Жарайды, ештеңе емес. Мен бүгін осында қалып сенің айтқаныңды орындаймын.

  - Саған алғысым шексіз, кішкентай Қарлығаш! - деп Бақытты ханзада тіл қатты.

  Солай Қарлығаш әлгі баланың үйіне аттанады. Үйдің терезесінен кіріп үстелдің үстіне лағыл тасты тастап кетеді.

   Қарлығаш Бақытты ханзадаға қайта оралып оған:

  - Қызық! Айнала қанша суық болса да мен ешқандай суықты сезбеймін. - деп өз әңгімесін аяқтады. Ханзада оған:

  - Себебі, сен жақсылық жасадың! - деп оған Бақытты ханзада түсіндірді. Қарлығаш соны ойлап жатып ұйқыға кетті. 

    Ертеңінде Қарлығаш өзенге шомылуға барады. Сонда көпірден өтіп бара жатқан бір орнитолог профессор қыс ортасында жүрген Қарлығашты көріп таңғалып, "Қарлығаш - қыс ортасында!" деп газетке мақала жариялайды.

   Түн бата Қарлығаш Бақытты ханзадаға оралады. Қарлығаш:

  - Сенің маған Мысырда беретін тапсырмаң жоқ па? Мен қазір біраз минуттан соң ұшамын. Мені құрбыларым күтіп тұр. Қазір Ніл өзенінің ар жағына барамыз. - дейді. 

  - Қарлығаш, Қарлығаш, кішкентай Қарлығаш! Менің саған тағы бір өтінішім бар. Тек бір-ақ түнге қалшы. 

  - Мені құрбыларым Мысырға баруға күтіп тұр ғой.

  - Қарлығаш, Қарлығаш, кішкентай Қарлығаш! Мен алыстағы қала сыртынан мансарда отырған жас адамды көріп тұрмын. Ол театр директорына пьеса жазып, соны аяқтауға тырысып жатыр. Бірақ, ендігі ол әбден қалжыраған. Ол аш. Оған жейтін зат керек.

  - Жарайды, тағы бір күнге сенімен қаламын. Бірақ сенің басқа жерде тағы лағыл тасың бар ма?

  - Өкінішке орай, менің басқа лағылым жоқ! Ендігі менде қалғаны сапфир көздерім.Олар өте бағалы, Мың жыл бұрын Үндістаннан әкелінген екен. Жарайды. Сен осыны оған апар. Ол бұны зергерге сатып, өзіне азық сатып алсын. Сосын пьесасын аяқтасын. - дейді. 

  Қарлығаш тағы қаланың шатырларының үстінен өтіп, алыстағы жас жігітке барады. Ол кезде жігіт қолына бетін басып отырып, Қарлығаштың келгенінде сезбейді. Көзін ашса алдында асыл тас.

  - О, тым болмаса біреу мені бағалайды екен ғой! Енді мен өз пьесамды аяқтай аламын! - деп жас жігіт қатты қуанып, жүзінен бақыт көрінеді.

   Ертеңінде Қарлығаш айлаққа барды. Ол алыстан келетін кемелерді көргісі келді. Кемеден үлкен-үлкен жәшіктерді түсіріп жатты. Қарлығаш оларға:

  - Мен Мысырға ұшамын! - деп хабарлады. Бірақ оған ешкім назар аудармады.

  Кешке таман, күн батып ай шыққанда Қарлығаш қайтадан Бақытты ханзадаға барды. 

  - Мен сенімен қоштасқалы келдім! - деді Қарлығаш.

  - Қарлығаш, Қарлығаш, кішкентай Қарлығаш! Бүгін менімен таңға дейін қалмайсың ба? 

  - Енді қыс басталды. Жақында мұнда қатты аяз, үскірік жүреді. Ал Мысырда қазір күн жайнап тұр. Мен сені ешқашан ұмытпаймын! Келерімде саған Мысырдан екі асыл тас әкеп беремін.

  - Орталық алаңның төмен жағында кішкене қыз сіріңке сатып тұр еді. Қыз болса сіріңкені құлатып алып, енді олар бұзылып калды. Егер ол үйіне ақшасыз оралса әкесі оны өлтіреді. Оның қазір ақшасы да, аяқ киімі де жоқ. Менің екінші көзімдегі сапфирді алып, оған апар. Сонда оны әкесі ұрмайтын болады.

  - Жарайды, мен сенімен бүгін қала аламын. Бірақ, сенің көзіңді қалай жұлып аламын. Сен онда мүлде соқыр болып қаласың ғой.

  - Өтінемін, тілегімді орындашы! Кішкентай Қарлығаш!

   Қарлығаш Бақытты ханзаданың екінші көзіндегі тасты алып қыздың қолына береді. Кішкентай қыз:

   - Қандай әдемі әйнек! - деп қуанып үйіне қарай жүгірді.

    Қарлығаш ханзадаға оралды.

   - Сен енді ештеңені көре алмайсың ғой. Мен сенімен мәңгі бірге боламын.

 - Жоқ, менің сүйікті Қарлығашым! Сен Мысырға кетуің керек.

   - Мен сенімен мәңгі бірге боламын! - деп Қарлығаш ханзаданың аяғында ұйқыға кетті.

    Ертесінде таңертеңнен күні бойы Қарлығаш ханзаданың иығында отырып оған бұрын Мысырда бар көргенін айтады. Әңгіме барысында Ніл өзені жайлы, Сфинкс туралы, шөлді жерде өмір сүретін халық жайлы, баяу қозғалысты түйелерімен талай жол жүріп, сауда жасайтын саудагерлер жайлы, ұлы Жасыл Жылан жайлы, ұйықтайтын пальма ағашы туралы айтады. Ханзада:

  - Сүйікті Қарлығашым! Сенің әңгімелерің маған өте қызық! Енді сен менің қаламды тағы шарлап шығып, маған бар көргеніңді айтып келші.

   Қарлығаш қаланы аралауға кетті. Төбеден төменге қараған ол не түрлі жағдайларды көреді. Бай адамдар қалай шат - шадыман қуанып жатқанын, ал кедейлер олардың босағасында отырғандарын көреді. Сонымен қатар, қара көшеде беті мен аузы суықтан бозарған балаларды көреді. Көпірдің астында бір-бірін құшақтап, бірін-бірі жылытуға тырысып жатқан балаларды көреді. Олар:"Біздің тамақ ішкіміз келеді!" деген дауыстарын естиді.

   Қарлығаш ханзадаға қайтып оралады. Көргенінін бәрін баяндайды. Сонда Бақытты ханзада:

   - Менің барлық жерім алтын ғой. Сен соны шешіп, барлық кедейлерге тарат. Адамдар бақыт алтында деп ойлайды ғой.

    Солай Қарлығаш ханзаданың денесіндегі барлық алтынды кедейлер адамдарға таратып берді.  Ханзаданың денесі сұршыл тартып, өңсіз болып қалды. Ал, адамдар қуанып, балалардың бетіне өң кіріп, қызарып, барлығы мәз-мейрам болды. Олар:

   - Енді бізде нан бар! - деп айғайласты.

   Қақаған қыс келді. Қарлығаш Ханзадасын тастап кетуге қимады. Ол оны жылыту үшін бар қанатын ханзадаға жаятын. Бірақ, аяғында Қарлығаш өлетін уақытын сезді.

   - Қош бол, сүйікті ханзадам! - деп Қарлығаш оған сыбырлады. - Сен маған қолыңнан сүюге рұқсат бересің бе?

    - Мен сенің ақыры Мысырға ұшатыныңа қуаныштымын. Сен осында ұзақ тұрақтадың. Сен менің ернімнен сүюің керек, себебі мен сені сүйемін.

   - Жоқ, Мен Мысырға ұшпаймын. Мен мәңгілік сапарға кетемін. - деп Қарлығаш ханзадасын сүйді де оның аяғына құлады.

    Сол уақытта мүсіннің денесінде бірдеңе сынғандай болды. Бұл оның қалайы жүрегіне түскен сызат болуы керек.

   Ертеңінде қала ішінде қыдырып жүрген қаланың Мэрі мүсінді көріп шошып кетті. Қасындағы кеңесшілермен ақылдасып, ақыры бұл мүсінді керегі жоқ деп танып оны өртеп жіберді. Мүсіннің сыртқы денесі жанғанымен, ішіндегі қалайы жүрегін от жандыра алмапты.

   Бір күні Құдай періштесіне сол қаладан ең құнды затты алып келуді бұйырыпты. Сонда періште қаладан өлген құс пен қалайы жүректі алып келеді. Құдай:

   - Сен дұрыс таңдау жасадың! Енді бұл құс менің жұмақ бағымда мәңгі ән салатын болады, ал Бақытты ханзада болса мәңгі бақытты болатын болады. - депті. 

P.S. Бұл ертегі маған қатты ұнады. Аса мейірімділікке толы ертегі. Ал, сіздерге ше?