Мен келдім! Қапшық-қапшық қып жинаған мақсаттарымды жүзеге асыруға келдім... Тек аздап кешіктім, әрине , оның да өз себебі бар...
Мен әжемнің «бұйрабас» қызымын. Күлкілі естіледі, бірақ, бұл сөз мен үшін ең «асыл» сөз. Өзім туралы сыр шертсем , тағы да кеп бала кезіме тіреледі. Мен бір үні шықпайтын «жуас» қыз болдым. Қазір соның есесін қайтарып жатырмын... Шашым туылғаннан бұйра болған, ауылдың көбісі «Бұйрақыз» дейді. Бірақ , қазір ол сөздің орны бөлек, әжем айтуы керек еді, әлі де...Тек қана... Мен құрметтілерімнен айырылдым , мені баққан мамамнан және ... Мені баққан мамам дегенім – әжем ғой, көз ашқалы сол кісіні «Мама» дедім, ақтық демі біткенде де «Мама» дедім. Жә, бұл өзімнің кешігуімнің түсіндірмесі...
Есімім: Аяжан! Қоскөлдің «Бұлбұлымын»! Құрбыларыма «Әйжөкпін»! Киелі де қасиетті Қаратөбенің қара топырағынан жаралған Нұржанның Аяжанымын! Қаратөбеден небір дүлдүлдер түлеп ұшты. Ескендір Хасанғалиев, Ғарифолла Құрманғалиев, Мұхит Мерәліұлы сынды тұлғаларды қалайша көкке көтермеске?! Мен солардың ізімін!
Бұл байқауға қатысуыма - әдебиетке деген сүйіспеншілігім ықпал етті. Бағымды сынап, қатысушылармен етене араласып, олармен пікір алмасып, жазу стильдерімен танысып,өзіме мол азық жинау еді.Жетекші ретінде Жолдас Өрісбай ағамды таңдадым. Осы кісіні таңдағым келді,ешбір себепсіз... Әттеген-ай дейтінім, жарыс басталатын уақытта жоғарыдағы айтқан жағдай болып , өзімнің басымдағы оқиғамен әуре болып, тобыммен дұрыс жұмыс жасай алмадым. Менің «Эрудиттерім»! Мен оралдым! Сендермен бір кемедемін!
Әкем: «Кітап оқымасаң, әдебиетті жақсы көрме » - деді. Бұл сөзді жиі айтып тұрады. Өзі кітапты көп оқиды. «Бала кезімде мамамның `көзің ауырады` деп ұрысқанына қарамай, көрпенің астына тығылып оқитын едім. Мен тез бітіріп тастағым келіп, өзіммен-өзім жарысатынмын» - дейді. Осы сынды әңгімелер мені жігерлендіреді, алға ұмтылдырады.
Бос уақытымда әр іспен шұғылданамын. Кітапханаға барғанды ұнатамын. Орталық кітапхана мәдениет үйінде орналасқан. Онда барып ,бір оқпен екі қоянды атып келемін. Дауысымды сақтау үшін ара-тұра өлең айтып тұрамын, әрі кітапханада журналдарды оқып, әлем әдебиетімен танысамын. Үйдегі кәсібім: үй шаруасымен шұғылдану, дәмді тағамдар пісіру, анам мен әкем жұмыстан шаршап келгенде , көңілдерін көтеру мақсатында өзім неше түрлі салаттың авторы боламын. Ғаламтор желісінде де отырамын, көрген-білгенімді,естігенімді қағаз бетіне түсіріп, әңгіме қып жазамын, оны балалар басылымдарына жариялаймын. Мақалаларым бірнеше рет «Ұлан» , «Ақжелкен» сынды балалар басылымдарына шықты. Теледидар қарауды да қалыс қалдырмаймын. Жалпы, әр күнімде өзіме ұнайтын кәсіппен айналысамын!
Басқа топтарға сәттілік! Сендер бәрің де мықтысыңдар! Бұл жарысты ұйымдастырушыларға мың алғыс!
«Эрудитпіз» ,қайраттымыз,бойда жігер,күш қуат,
Көңілде тоқ, жалқаулық жоқ, өмірге тән салтанат
Мақсатымыз массагетпен, көкке самғап бәріміз!
Хәм лайымда бірге болмақ, алар асу, кәмілміз!
P/S: Ойым шашыраңқы, сөге көрмең, мен мақсатым үшін болған оқиғаны бір сәтке ұмыттым...