Өмір құлпының кілті – мақсат

      Ұзақ өмір, қиындықсыз өмір, қызық өмір, бақытты өмір... Осындай ғажайып өмірді әрбір жан қалайтыны анық. «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет» атты байқаудың көздеген мақсаты да осыған байланысты. Менің осы байқау барысында алға қойған мақсаттар тізімім көп болған. Бірақ маңыздыларын жазсам... Ал оны төмендегі тізімнен қарасаңыз болады. 
Жеңіл көлікте жүруді үйрену, жол ережелерін сақтап білу; 
• Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жаңа туындылар дайындау (жинақ шығару); 
• Туған өлкені таныту (балабақша, қалада өтіп жатқан іс-шаралар);
• Жаңа ас мәзірлерін дайындау; 
• Сән әлемінде, сұлулық тақырыбында кеңестер жазу.           Осы мақсаттарды алға қойған себебім, бұл менің баяғыдан келе жатқан армандарымның бірі. Үйрену – өзіме жақсы. Мақсатым орындалу үшін талмай еңбектеніп, еріншектікті қойып, жұмыс жасауым керек. Байқауда жеңіс маңызды емес, бастысы – қатысу. Ал жеңістің дәмін тату үшін өз қамыңды ғана емес, өзгені де ойлай білуің керек.           Топтың жеңісі – өз жеңісің, өзіңнің жеңісің – топтың жеңісі. Байқауға ат салысудағы мақсатым қатысушыларды жеңу емес, өзімді жеңу! Байқау нәтижесі Жангүл атты қызды әлемге толықтай жаңа көзқарас қалыптастыруды үйретеді. "Өмір құлпының кілті – мақсат" демекші, алғашқы мақсатымның бірі Тәуелсіздікктің 25 жылдығына арнау болса, өзімнің туындымды сіздерге арнаймын. Астана – арман қала!

Астана, Астана – арман қала!
Өзіңнен бастау алған мына дала, 
Киіз үйдің керегесі қайысса, 
Туырлығын түзеген ата-баба. 

Ел жүрегі Астанамнан арайлы 
Бар әлемге күн сәулесі тарайды. 
Ортасында «Бәйтерегі» еңселі 
Қаламызға мерейлене қарайды. 

Астана – бас қала, арман қала, 
Көрінген көкжиектен асқақ дара. 
Тұрады әр ұлт, саны – жүз үш, 
Жалаулап, жаңа қауым енген қала. 

Астана – асыл елдің ғұмыры, 
Сан мыңдаған білімдінің тұғыры. 
Салт-дәстүрін құрметтей білген, 
Қазағымның тағылымды ғұрыбы. 

Бүгін, міне, Елорданың таңы атты, 
Шуақты күн шілденің белі қатты. 
Бойындағы Есілдің қала атанып, 
Көркіне сән-салтанат қосып жатты. 

Зәулім сарай, үлкен-үлкен ғимараты, 
Түсіп тұр күн сәулесі шапағатты. 
Ұлылардың көздері тие-тұғын 
Міне, біздің бас қаламыз – Астана! 

Ей, Астана Еуразияның жүрегісің, 
Бөрі мінез батырлардың білегісің. 
Астана – тәуелсіз ел Елордасы, 
Бейбіт елдің арман мен тірегісің! 

Тәуелсіздік 

Тәуелсіздік оңай бізге келмеген, 
Үлесі бар елім деген, жер деген. 
Бабаларым сан ғасырлар айқасып, 
Ел намысын жау қолына бермеген. 

Өткен ғасыр қазақ үшін зар заман, 
Ел қиналып қиындықпен күн кешкен. 
Сол бір ғасыр қазақ үшін тар заман, 
Бостандықтың өр жолында күрескен. 

Татулықты ұран қылып күнде біз, 
Берекемен берік болды іргеміз. 
Орындалды ата-баба арманы, 
Егеменді ел Елбасымен біргеміз. 

Ашық болсын қазағымның аспаны, 
Ел намысын қорғап жүрсін жастары. 
Көк байрағы желбіресе көгінде, 
Қазағымның мәртебесі асқаны.


Бөлісу: