Абай Құнанбайұлы... Бұл күнде Абайды білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Қазақ үшін оны білмеудің, танымаудың өзі ұят. Абай әр қазақтың жүрегіне ана сүтімен дариды десек, артық айтылғандық емес. Бүгінде Абай атамыздың туғанына 170 жыл болыпты. «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндері Абай құрметі күннен күнге артылыр. Бірінші ақынымыз деп қадірін халқы жиі-жиі зиарат етер, халықпенен Абай арасы күшті махабатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар»,-деген екен Міржақып Дулатов. Абай - өз заманының тынысы, үні бола білген жан.
Абай - философ. Абайдың қай өлеңін, қай қара сөзін алып қарасақ та, астарында үлкен мағына жатыр. Оның өлеңдеріндегі философиялық ойлары, табиғатқа, болмысқа көзқарастары, таным, ақыл, сана жайлы толғаныстары көрініс тапқан: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Көк тұман - алдындағы келер заман» т. б. Абай өз сол кездегі өз көзқарасын қара сөздері арқылы жеткізе білген. Абайдың қара сөздері- өзінің мәні мен мағынасын жоғалтпаған, ұлттық мәдениетіміздің асыл мұрасы. Ақынның шығармалары қазақтың қоғамдық- философиялық ойы мен мәдениетінің даму тарихын сапалық жаңа белеске көтерді.
Абай - аудармашы. Ол Батыс әдебиетінің, орыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармасын қазақ тіліне аударған. Оның әр аудармасы өзінің төл туындылары секілді, қазақ әдебиетінде өзіндік орнын қалыптастырды.
Абай - сазгер. Ол тек өлең шығарып қоймай, өз өлеңдеріне ән жазып отырған. Абайдың рухани жан-дүниесі, көзқарасы оның лирикалық әндерінде айрықша көрсетілген. Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» қазақтың ән өнерінде ойып тұрып орын алатын туындылар. Абай Құнанбайұлы қазақтың музыка қорын байыта отырып, оған жаңалық із сала білді.
Абай- лирик. Абай лирикасында қайғы мен қуаныш тұтасып жатыр. Оның жырларын сезінудің өзі оқырманның жан дүниесін, көңіл күйін түгел тебіренте толқытады. Абайдың лирикалық туындылары оның ұлылығын танытады. Жылдың төрт мезгілі туралы жазылған өлеңдері сол кездегі елдің тұрмыс-тіршілігін, аумалы-төкпелі күй кешкен көшпелі ауылды, сол дәуірдегі қоғамдық қарым-қатынастың әр алуан белгілерін қанық бояумен көрсетеді.
Абай-жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы. Қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған ұлы тұлға. Абай - мәңгілік тақырып. Оның әр туындысы - түсіне білген адамға үлкен қазына. Абайды танып-білу әр қазақ үшін үлкен міндет.