Мүмкіндікке толы EXPO-2017
блог
Қазақстан EXPO-2017 көрмесін өткізу мәртебесін алғаннан бері, осы көрме туралы көптеген ойлар айтылып, көзқарастар қалыптаса бастады. Кейбіреулері оны қазақ жеріне пайда алып келеді десе, кейбіреулер оны халық ақшасын босқа шашу дейді. Алайда, бұл көрмені мен мүмкіндіктерге толы алаң деп санаймын.
Осы көрме негізінен қазақ жерін дамыту үшін үш зор мүмкіндік береді. Ең біріншіден, EXPO-2017 арқылы Қазақстан өзінің халықаралық бейнесін қалыптастыра алады. Бәрімізге мәлім Ларри Чарльздің "Борат" атты фильмі бірнеше жыл бұрын қазақтың жері мен халқын бүкіл әлемге мазақ етіп, Қазақстанды "танымал" еткен болатын. Қазіргі таңға дейін, көптеген шетелдіктер осы фильмде паш етілген бейнелер мен таптаурындар Қазақстанның нағыз бейнесі деп санайды. Ал Қазақстандағы EXPO-2017 көрмесі, бұл жағдайды түбір асты өзгертуге мүмкіндік береді. Әртүрлі мәліметтер бойынша, EXPO-2017 көрмесін көруге бес миллионға жуық адам келеді деп күтілуде. Осынша көп шетел азаматтарының қазақ жеріне келуі, қазақстандықтардың өзінің халықаралық бейнесін өз қолдарымен жасауға мүмкіндік береді. Өзіміздің қонақжайлығымызды көрсету арқылы, әрдайым тыныштық пен бейбітшілікті қалайтынымызды таныту арқылы және дамыған мемлекеттермен тең дәрежелі екенімізді көрсету арқылы Қазақстанның жаңаша әрі шынайы бейнесін қалыптастыра аламыз.
Екіншіден, EXPO-2017 көрмесі шетел инвесторларына Қазақстанмен жақын танысуға мүмкіндік береді. Келуші бес миллион адамның ішінде көптеген шетелдік компанияларының мүшелерінің бар болу мүмкіндігі өте жоғары. Олардың көрмеден алған оң әсері мемлекетімізді әрі қарай тануға, жан жақты қарастыруға ынталандырады. Осы ынтаның арқасында, Қазақстанның қысқа уақыт ішінде жоғары даму деңгейіне жеткенін байқаса және болашақ потенциалын ескерсе, олардың Қазақстанға инвестиция жасау ниеті пайда болады. Осы арқылы мемлекет өзінің экономикасын көтеруге, ал шетел кәсіпкерлері өзінің бизнесін дамытуға мүмкіндік алады.
Үшіншіден, EXPO-2017 көрмесі ресурстық экономикадан жаңа инновациялық экономикаға көшуге серпіліс бере алады. Қазіргі таңда Қазақстанның басты табыс көзі мен экономикасы түсті метал мен мұнай экспортына негізделді. Алайда, осы заттардың бағасы тұрақсыз болғандықтан да, мемлекетіміздің экономикалық жағдайы да бірқалыпты болмауда. Сол себептен экономика жаңа негізге сүйену керектігі байқалады. Осы негіз инновациялық, яғни жаңа технологияларға негізделген болуы мүмкін. Оңтүстік Корей мемлекетін қарастыратын болсақ, олардың экономикалық жағдайы мұнай мен басқа ресурстардың бағасына қарамай жылдан жылға жақсарып бара жатыр. Осы дамудың басты себебі жаңа технологияларға зор назар аударуында жатыр. Жалпы Оңтүстік Корея жылына 230 000 патент берсе, Қазақстан шамамен он есе аз патент береді. Ал EXPO-2017 көрмесі, адамдардың назарларын осы жаңа технологияларға аудартып, мемлекеттің және әлемнің келешегі инновациялық экономикада екенін көрсете алады да, ресурстық экономикадан жаңа инновациялық экономикаға көшуге түрткі болады.
Қорытындылай келе, EXPO-2017 көрмесі Қазақстанға жоғарыда жазылып кеткен және тағы да басқа осында жазылмаған мүмкіндіктерді береді. Сондықтан, осы көрмені мүмкіндікке толы EXPO-2017 деп неге айтпасқа?! Алайда, мүмкіндік сөзінің түбірі мүмкін, яғни не ия, не жоқты білдіреді, және көрме тек осы мүмкіндікті сыйлайды, ал мүмкіндікті қолдануымыз немесе қолданбауымыз тек бізге байланысты.