Мүмкін емес еш нәрсе жоқ! Арманы бар адамға....(байқауға)
жеке
блог
блог
Ерте, ерте ертеде Отырардай іңкәр жарқын өлкеде, білімді де дарынды Дойыл мен Әбу атты екі жас бала қатар өсіпті. Екеуі бірге оқып, бірге ойнап, көп күндерін кітап оқуға жұмсаған екен. Дарынды қос жас балаға ел қызыға да қызғана да қарап жүріпті.
Бір күні екі шәкіртті Отырардағы ойы жүйрік, ақылман қария шақыртып мынадай сауал қойған деседі:
-Екеуіңді көптен естіп жүр едім, кімсіңдер?
- Армандарың қандай?
Дойыл айтты: - Жалғыз арманым бар.
Аты сонау Йемен, Мысыр, Бағдат елдеріне тараған саудагер болып шықсам деймін.
Қарт: Мұның көрсоқырлық болады балам, арманыңды тағы да қарарсың.
Дойыл: Жоқ! Ата, арманымды өзгерте алмаймын.
Қарт күрсіне Әбуге қарап: - сенің арманың қандай, жасырмай тек шыныңды айт? деп, ұяң шәкіртке сауалын қойыпты.
Әбу:
- Ата, менің де жалғыз арманым бар, бірақ ол парыз бен махаббаттан құралған. Ғылым мен өнердің шамын жақсам, еліме еңбек етіп, сүйеніші боламын деп, жауабын айтты.
Қарт Жымиып:
- біреуіңнің арманыңнан шошып едім, екіншіңе риза болдым, деп батасын беріп, шығарып салыпты.
Көп жыл өтіп, Дойыл атақты саудагер болып шығыпты алайда, ұрпақтары оны тез ұмытып, есіне де алмай кетті деседі. Ал Әбу ше,
Кеңге жайды ол қанатын,
Әбуіміз - әрі ғалым, әрі ақын.
Әбуіміз - біздің ұлы бабамыз,
Әбу-Нәсір әл-Фараби болатын.
(М.Шаханов - Арман)
Иә, Әбу-Нәсір әл-Фараби бабамыздай ғалым, Ұлы Абайдай ақын болу маған да арман. Арманың орындалар мақсатың айқын болса!
P.S. Құрметті оқырман! Менің айтқым келгені, кең арман құрыңыздар. Адам нені армандай алса, сол арманға жетуге шамасы келеді екен. Оқиғадағыдай, Дойыл секілді емес, Әбу атамыз секілді армандап, тарихта атымыз қалсын! Ұрпақтарға ұлы өнеге қалдыру, бүгіннің қолында.
Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға! (М.Шаханов)
АВТОР: Арапханұлы РЫСБЕК