"Мөлдір махаббат" және "Адасқандар" романдарының айырмашылығы

Армысың, алашым!

Мақсаттарымның бірі кітап оқып, рецензия жазу болатын. Білетін болсаңыздар, "Əдебиеттің ажырамас бөлшегімін" атты жазбамда Сəбит Мұқанов атамыздың "Мөлдір махаббатын" жоғары бағалайтынымды жазғанмын. Кезекті оқыған кітабым сол "Мөлдір махаббаттың" алғашқы нұсқасы – "Адасқандар".

Əрине, екі кітаптың да мазмұны бір болғанымен, екеуінің де өзгешеліктері жоқ емес. Алдымен кітаптың мазмұнына тоқтала кетсем:

Шығарманың бас кейіпкерлері бала кезден бірге өскен қос ғашық – Бəтес (Бəтима) пен Бүркіт (Сұлтанбек). Олар бір-бірін жақсы көргеннен бастап ел көзіне түсіп, жұрт сөзіне ілігеді. Жігіт ер жетіп, қыз бой жеткен соң Бүркіт Бəтесті əкеткелі жатқаны жайлы сөз шығып, оған қос ғашықтың ата-аналары қарсы болады, себебі екеуінің арғы тегі бір болады. Ауыл адамдары Бəтесті алдаусыратып, өздері Бүркітке ұзатып беретінін айтып, милициямен келе жатқан Бүркітке кері қайтуы жөн екенін айтқызады. Бірақ Бəтима елден кетіп, Бүркітке жолықпақ болады. Алайда, олардың арасында талай кедергілер пайда болып, біздің сүйікті кейіпкерлер бір-бірінен көз жазып, адасады. Романның соңы трагедияға айналып, Бүркіттің түрмеге түсуімен аяқталады. Екіншіден, бірінші нұсқа мен екінші нұсқаның айырмасы:

"Адасқандар": Бірінші бөлімнен бастап Бүркіт Бəтес жайында айтады.
"Мөлдір махаббат": Бірінші бөлім тек Бүркіттің балалық шағы, ал екінші бөлімде Бəтеспен танысуы және Бəтес жайында жазылған.

"Адасқандар": Мүсәпір жайлы ең алдымен Бəтес жазады. Мүсәпір арақты Бəтеске тек өзі ішкізеді.
"Мөлдір махаббат": Ең бірінші Мүсәпір туралы Бүркіт баяндап, Бəтеспен қалай таныстырғанын айтады. Мүсәпір Бəтесті өз ағайындарының үйіне апарып, сол жерде сыра ішкізеді. Бəтестің есін жоғалтуына басқалар да атсалысады.

"Адасқандар": "Бəтестің сыры" деп аталатын бөлімде Бəтес оянғанда, жанында Мүсəпірдің жатқаны жайында айтқан соң бөлім аяқталады.
"Мөлдір махаббат": Бұл бөлім ишанның Бəтес пен Мүсәпірді некелестіруі баяндалған соң аяқталады.

"Адасқандар": Бүркіт Мүсәпірді өлтіруімен роман шегіне жетеді.
"Мөлдір махаббат": Мүсəпірдің өлімі, Бүркіттің қамалуы, түрмеден шығуы жəне Бəтима өзгемен тұрмыс құрып, баласы, күйеуі жəне өзі Бүркітті қарсы алуы жайында жазылып бітеді.

Бұл жайында толығырақ білгілеріңіз келсе, кітапты міндетті түрде қолдарыңызға алып, оқып көріңіздер. Романнан жақсы əсер алдым. Тіпті, көзімнен жас еріксіз ыршып шыққан кездер де болды.

Екеуін де оқып көрсеңіздер артық етпейді. Есесіне, Бəтима мен Сұлтанбектің кіршіксіз, мөлдір махаббаттарына көз жеткізіп, таң-тамаша боласыздар.

Роман желісі шынайы өмірден алынған.



Бөлісу: