Мен саған есірткі жайлы айтып беремін
блог
Балтабай Бауыржан
Арал қаласы
№13 Т.Г.Шевченко атындағы
мектеп 8 «а» сынып оқушысы
https://bilim-all.kz/article/14076
Мен саған есірткі жайлы айтып беремін
Еріксізден Санаңды Ірітіп, Ретсізден Тәніңді Күйдіретін Ірің (есірткі)
Соңғы кезде неліктен жайсыз жүргеніңді енді түсіндім. Сырыңды ашып айтқаның өте дұрыс болды. Басқа мектепте оқысаң да, екеуміз құрдас емеспіз бе, әрі көршіміз.
Саған ол пәлені бір кісілер ұсынды дейсің бе? Неге бас тартпадың, әлде қызық көрдің бе? Бар болғаны бір-екі рет тарттым, темекі сияқты деп ойладым деймісің? Демек, шылымның да дәмін татып көрген болдың ғой.
Бүгінгі қадамың өте орынды деп есептеймін, мені дос деп сырласқың келді ме. Жарайды, есірткінің зиянын шамам келгенше түсіндірейін саған.
Көз алдыңа елестетіп көрші: Шілденің шыжыған қапырығында жапан түзде шөл қысып, жалғыз келе жатқан сәтіңде алдыңнан сағымданған жалған көлшікті көріп жаның жай таба бастайды. Жетем деп жүгіргеніңмен, жете алмай қорланасың. Кенеттен, айдалада құмды дауыл борап, қара түнекке тап болдың. Бір жұтым суға зар болып, аузы-мұрның сусыған топыраққа толып, есіңнен адасып, жаның алқымға келді. Өңешіңе жиналған құм жыбырлаған құрт секілді жеп жатқандай арпалыс күйге түстің. Адастың, елеріп құладың, санаң өшіп барады...
Ал енді, ойлап қара: аты өшкір есірткіні әдепкіде әлдекімдерге еріп қолданған кезіңде көзіңе елестеген сағымдай, бір сәттік алдамшы рахат сезімге бөленгеніңмен, шын мәнінде ұйыққа батып бара жатқаныңды сезбей де қаласың. Санаңмен қоса тәнің де іріп-шіріп, түптің түбінде тірі өлікке айналасың, ақырында қор боп өлесің.
Қорқып қалдың ба? Дұрыс, дұрыс, қорқа біл және дереу қаш бұл бәледен. Саған жаным ашып айтам. Сені есірткіге тартқан ессіздер күлдіріп айтса, мен жылатып та, қорқытып айтамын.
Есірткі мен темекіден бойыңды аулақ ұста, спортпен әуестен. Салауатты өмір салтын ұстансаң үнемі сергек жүресің, көңіл күйің де жақсарады. Мен сияқты ұлттық жекпе-жек үйірмесіне қатыссаңшы. Қаласаң, бүгіннен бастап жаныма ертейін. Мойныма таққан медальдерімді байқадың ба, спорттық сайыстардан алған жүлделерім. Бәлкім, бір күндері жеңіс тұғырында бірге тұрармыз...
Міне, енді ұқтың ба. Түріңнен байқап отырмын, түсінгендейсің. Өткен іске өкіне берме, қайта дер кезінде есіңді жиып, ақылға келдің. Еңсеңді тікте, бойыңды жина. Қамықпа, бұл әңгіме арамызда қалады, айтқан сырың аманатың болсын. Айтпақшы, сенің де сабағың түске дейін емес пе еді. Олай болса, сағат үште менімен бірге стадионға барасың ба? Тамаша! Келіскеніңе қуаныштымын. Басы артық бокс қолғабы бар еді менде, саған шынға берейін.
Жарайды, онда сәлден соң күтем, үйге кел, бірге шығамыз. Кездескенше!
#УПНДПКЗО