Мен де - "Мұзбалақ" мықтыларының бірімін (байқау)
блог
Асығу керек,
Тындыру керек барлығын!
Ешкімнің күтпей жарлығын,
Апармай кешке, асығу керек, асығу
Түстегі ісіңнің қалдығын...
Иә, Мұқағали атамның бұл өлеңін оқыған сайын, қайраттана түсемін, мақсатыма бір қадам қалғандай күй кешемін. Өмір – ағыны қатты асау өзен, кері ақпайды, күшті толқындарға қарсы тұра алмасаң жағаға шығарып тастайды, қарсы жүзуге қауқар бермейді.Демек, осынау өмірде мақсатыңа қандай жылдамдықпен жететінің маңызды емес, ең бастысы тоқтап қалмау керек екен. Не дегенмен, адам өз арманына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді. Мақсат демекші, әдетінше әлеуметтік желілердің бірінде отыр едім. Сол уақ екен, Ақерке құрбым Massaget.kz порталы мектеп оқушыларына арнап байқау ұйымдастырғанын айтқан болатын. Мән – жайын біліп, порталға дереу тіркеле кеттім. Жетекші таңдауға көп ойланбай Ербол Жұмабайұлын бірден таңдадым. Себебі, Ербол ағамен жеңіске жететінімізге тобымызбен кәміл сенеміз.
Өзім туралы не айтуыма болады?
Аты-жөнім:Лунара Аманғалиева Тілекқалиқызы. Есіміді әкем «Айды аспанға шығарады» деген ниетпен қойса керек –ті. Көпшілігі, достарым да, тіпті мектептегі ұстаздарым да «Лунтай» деп атайды. Өзіме мақтау айта алмаймын, керісінше мені біреудің мақтағанын қалаймын. Еліміздің қалаулы, мақтаныштарына айналған Ғарифулла Құрманғалиев, Мұхит Мерәліұлы және Ескендір Хасанғалиев дүниеге келген, топырағында аунап өскен, құт – береке дарыған, киелі өлке Оралымның Қаратөбе, Қоскөл деген жерінен боламын. Биыл 11- сыныпқа аяқ басқалы отырмын. Алдымда үлкен сынақ күтіп тұр.
Болашақта журналист болғым келеді. Менің кумирлерім біріңізге ұнаса, біріңізге ұнамас. Дегенмен, Гүлбану Әниятқызы, Жайнагүл Төлеміс,Айда Боранбай, Мейіржан Әлибекұлы сынды қара қылды қақ жарар аға-әпкелерімнің қатарынан көрінгім келеді
Бос уақытымда: газет – журналдар, кітап оқимын, үй шаруасымен айналысамын, кейде тәттілер пісіргенді де ұнатамын,теледидарды да қараймын. Басылым беттеріне де жазған мақалаларым жарияланып тұрады. Құлаққап тағып алып, сүйікті әндерімді тыңдап болашағымды елестеткенді ұнатамын.
Менің ойымша тек журналист болғысы келетін балғындар емес, мектеп оқушыларының барлығы дерлік шығармашылық қабілетін шыңдайтындай, тіл байлығы жетік болатындай, шығарма мен мақала жазуға икемдейтін сайыстар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болмақ.
P.S: Мен армандарымды, мақсаттарымды жайып сала бергім келмейді. Оларды тізбектеп айтып отырғанша, іспен дәлелдегенді қалаймын. Қатты сүрінген сайын, келесі жеңіске мықты дайындалу керек. Осы кезең «табысқа жету жолы» деп аталады. Мен «Мұзбалақ» тобының мықтыларының бірімін. Бұл топта болғанымды мақтанышпен айтар едім.