Математиканы мойындадым(Байқау)
блог
Мектептегі әр сәтсіздікке көз жұма қарайтындардың бірі мен. Кемшілігмнен ұялмай,керісінше, оқылықтың орнын толтыруға тырысамын. Басқасы басқа, математика пәнімен түсінісуім қиын болды. Кейде «маған математика керек емес» деген түсінік санама сап ететін. Қолымды бір сілтеп,назар салмаған сәттердің болғаны өтірік емес. Шығармашыл адамдар көбіне осы тұста осал болып келетін сияқты :-). Ендігі сынаққа бір табан жақындағанда жинақылық танытып, қолға алуға бекіндім.
Барлығын басынан бастауды жөн деп танып, 5 сыныптың материалдарын шығарып жүрмін. Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы бойынша қосылған негізгі пән – математикалық сауаттылықты естігенде бәріміз шошынған едік. Енді қарасам, сол есептер бізге бастауыштан белгілі екен. Есепті шығару барысында алдымен әрбір сөзді мұқият оқып алу керек. Одан соң логикаға салып,сол есепті формулаға келтіресің. Математикалық сауаттылықтың есептерін де жинап, шығару жолдарын 5 сыныптың математика кітабынан оқып,мәселе есептерді шығарып үйрендім.
Мәселе есептерді игергеннен кейін келесі қадамымды да жасадым. Ендігі жәй бөлшектерге амалдар қолдану,қысқарту,ықшамдау,салыстыру және берілген амалдарды орындауды үйрену.Есеп барысында таңбаға баса назар аудардым.Бұл мен үшін аса қиынға соқпады. Ендігі күрделі амалдарды орындап үйреніп жатырмын. Математикалық сауаттылық кезінде келген есептерден жаңылғаным бар еді. Осы тұста көп қателіктер орын алып жатыр. Дегенмен,қателіктен қорықпаймын.Тек сол қателіктерді енді қайталамайуға тырысамын.
Тағы бір үйренгенім есептеуіш құралды қолданбауым. Оймен есептеп,егер қиынырақ келген есепті қосымша параққа жазуым.
Заман- білімді қажет етсе, математика - білімнің ажырамас бөлігі.Мен мұны мойындаймын! Алда мені тригонометрия мен логарифм күтіп тұр. Осы қарқынмен ең қиын деген есептерді де еңсеру түк емес. «Талапты адам тау қопарады» демей ме? Көздеген мақсатыңа тек талпынсаң ғана жетесің!