"Мәшһүр" (БАЙҚАУ)
блог
Көктем жайма-шуақ нұрын төкті-ау дегеннен ел-жұрт болып тақымымызды қысып,шалғайда жүрген ұлдың тілеуін тіледік. Сенбінің ақ таңы атар-атпастан сергелдеңге түстік, уайым жедік.Еңбек еш,талант тарта қашпасын деумен болдық. Иә,айтар сөздің асылын теріп,бүгінгі мақаланы жұрты мен жаһанның ерекше ықыласына ие болған Димашқа арнаймыз.
Естеріңізде болса,қарбаласқа толы өтіп жатқан демалыс күндердің бірінде,таң қылаң беріп,ұйқымыздан оянғанымызда әрбіріміздің қолымыздағы смартфондарымыз жағымды жаңалықты сүйіншілей хабарлап жатты. 1,3 миллиард халықтың назарын үш минуттық теңдессіз үнімен-ақ аударған Димаш Құдайберген сол уақыттан бері үлкен жетістіктерге жетіп үлгерді.
«1% талант, 99% еңбек» деп жатады ғой, «Халықаралық деңгейдегі танымал әнші», «Азияның ең танымал әншісі» марапаттары - еш кетпеген еңбектің, бабы мен бапталуының, телегей таланты мен талабының көрсеткіші. Әлбетте, «Патша әнші» атануға әбден лайықты еді. Күні кеше алған "Шет елдік ең танымал əнші" жүлдесін тағы түртіп қоялық. Өзінің ғана емес, елінің де атын аспандатқан абыройлы ұлдың бойынан қазақы тәрбие мен ұлтжандылықтың тоғысқан толқынын анық байқауға болады. Талайлардың алдында талантын танытқан дарабоздың лайықты бағасын беру, шыңынан әрі асырып, биігіне қондыру-халықтың еншісінде.
Ғажап тым!
Күй ұққандай көңіл сарасы.
Қазақтың күміс таңдай,
Алтын баласы.
Шартарапты дархан даладай кең дауысымен, домбыраның үніндей нақтылығымен, қаны қазақ,тектілігімен тәнті етіп жүрген Димашқа мақтаудың қай түрін жаудырсақ та, көптік етпейді-ау. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп те үлгерді.Елі үшін туған ерлер жасай берсін!
Сөзімді мына бір өлеңіммен аяқтағым келеді.
Бәйгеде озып,шаң қаптырып жүйрікті
Желмен есіп,Димаш,әнің құйғытты.
Ықыластан артық жеңіс жоқ.
Бірақ,
Болсын дейміз сый құтты.
Тербей берсін патша көңіл жұртты әнің.
Алға қойған мақсаттарың айқын боп
Жүлделердің ұт бәрін!
Мен жалғаймын өлең жолды тез іле.
Азияда мәшһүр болған талантың
Тарасын жер жүзіне!
Алатауың,Хан Тәңірің-төрің бұл!
Әміре ата салған дара жолменен
Шартарапқа қазақ атын мәлім қыл.
Асырмасын адуындар айласын.
Тақым қысып,тілеу тілеп отқан жұрт
Бөрікті атып,жеңісіңді тойласын!