Бұл дүниедегі әрбір адамның өз армандары болады, соған жетсем екен деп қиялдайды. Арманға жету үшін ең алдымен мақсат қоя білу керек. Ал мақсатты орындау үшін талпыныс, қажымас қайрат, табандылық пен шыдамдылық, ұмтылыс қажет.
Менің де өз арман-мақсаттарым бар. Мен мақсатымның орындалатынына кәміл сеніп, оған табандылықпен ұмтылсам мақсатым орындалады деп ойлаймын. Алайда, мақсатқа жету - оны жай ғана орындау ғана емес, өз-өзіңді жетілдіру. Сол арқылы сенің ой-өрісің, күш-жігерің дамиды.
Ал мен мақсаттарымды тізбектеп жазар болсам, өте көп.
1. Ең алдымен мен осы байқау барысында фотошоптың қыр-сырын үйренгім келеді. Табиған көріністерін, адамдар мен жануарларды, түрлі заттарды суретке түсіріп, оны өңдегенді ұнатамын. Осы ісімді одан әрі дамытып, жақсы дәрежеге жеткім келеді.
2. Екіншіден, менің қатты қалайтыным, видеомонтаж жасау. Интернеттегі видеоблогерлердің видеоларына қарап қызығып кетемін. Видеоның жасалу жолы, оны өңдеу, монтаждау мен үшін өте таңқаларлық болып көрінеді. Осыны да үйренемін деп ойлаймын.
3. Үшіншіден, менің қолдан бұйымдар жасауымды жетілдіру. Қолөнерге не жетсін?! Бұрын қолдан көптеген заттар жасайтынмын. Қазір де сол өнерімді әрі қарай жалғастырғым келеді.
4. Содан кейін, көптеген кітаптар оқу. Өзіміздің қазақ жазушыларының да, әлем жазушыларының да шығармаларын оқып, тіл байлығымды жетілдіру менің мақсаттарымның бірі.
5. Бесіншісі, ағылшын тіліндегі әндерді көп жаттау. Маған басқа елдерден гөрі, осы Американың музыкалары қатты ұнайды. Қазір де көп әндерді білемін. Бірақ, одан сайын жаттай беремін, жаттай беремін.
6. Одан соң, би үйрену. Мен қазіргі заманның түрлі стиліндегі билерді леп үйренгім келеді. Би де спорттың бір түрі десек те болады. Билегенде адамның бұлшық еттері шынығып, бір сергіп қалары сөзсіз.
7. Жетінші, ағылшын тілін үйрену. Қазіргі таңда ағылшын тілі әлемдік тіл болып есептеледі. Сондықтан, ағылшын тілін әрбір адам білуі шарт. Менің де ағылшын тілін жетілдіріп, бұл тілде еркін сөйлегім келеді.
8. Келесісі, шаш өрімдерінің түр-түрін өріп үйрену. Шаш өруге қызықпайтын ару жоқ шығар, сірә. Шашыңдағы өрімдер өте әдемі болып көрінеді. Сондықтан да, осыны да үйренемін деп шештім.
9. Тоғызыншы, шпагатқа отыру. Бұл әрине, күлкілі көрінетін шығар, бірақ, мен жаз бойы соның жаттығуларын жасап, шпагатқа отырып көргім келеді.
10. Соңғысы, тамақ жасап үйрену. Түрлі тағамдарды жасап үйрену пайдалы әрі қызықты.
Міне, менің мақсаттарым осылар. Мақсатқа жету үшін, алдымен жалқауланбай, мақсатқа қарай талпыну керек.
Байқауда бір топ болып әрекет етудің орны ерекше. Бұл - қатысушыларды ұйымшыл болуға үйретеді. Егер топ мүшелері жұмыла әрекет жасаса, жеңіске жетері сөзсіз.