Мақсатқа бастар баспалдақтар (байқау)
блог
Естеріңізде болса, менің мақсатымның келесісі сахна шеберлері, қазақтан шыққан сахна майталмандарының өмірі мен шығармашылығымен танысу болатын. Ұлттық сахна өнерінің көрнекті өкілі, талантты актриса Лидия Кәденованы білмейтін қазақ жоқ шығар. Қазақы қалжыңды көркем деңгейге көтеріп, сахналық сатираны жандандыруға үлкен үлес қосқан дарын иесі кезінде «Тамаша» әзіл-сықақ отауы арқылы халыққа кеңінен танылды.
Қазіргі уақытта Лидия Тәжидинқызы – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының беделді актрисасы. Өмірін өнермен ұштастырған сахна шебері сонау 1974 жылдан осы театрда үзіліссіз еңбек етіп келеді. Кейінгі жылдары бірқатар отандық кинофильмдерде де сәтті рөлдерді ойнап жүр. Елдің сүйікті актрисасына айналған Лидия Кәденова 1952 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында арнайы білім алып, қазаққа танымал талай тарландармен үлкен сахналарда бірге өнер көрсетті. «Тамашада» тамаша образдарды сомдаса, Жастар театрында да үздік рөлдерді бейнелеп келеді. Соған сай актриса қалың көрермені мен әріптестері арасында еңбегі жоғары бағаланып, ҚР еңбек сіңірген артисі, Құрмет орденінің иегері атанған. Бүгін алпыстың асқарына көтеріліп отырған актрисаның жемісті шығармашылығы жайында таныстым. "Өзгелерге пайдалы адам мәндірек, өзіне пайдалы адам ұзағырақ өмір сүреді" демекші Лидия Каденованың өмірі, шығармашылығы мені қатты толғандырды.
Үшінші мақсатым: данышпан ұлы ойшылдардың нақыл сөздері мен афоризмдерін жинақтау, жаттау. "Шешендік нақылдар мен толғаулар – ата-бабаларымыздың қалдырған сөз сарайы, тіл маржаны, ақыл-ойдың дариясы, келер ұрпаққа айтып кеткен кір шалмас ғұмырлық өсиеті" деп айтқан Мұхтар Әуезов атамның нақыл сөздерінен бастадым. Көптеген нақыл сөздерді оқып, ата-анама, дос-жаранға, айналамдағы адамдарға, өмірге деген көзқарасым өзгерді.
*Адам ірілігі бір сипат емес, ішкі-тысқы сан сипат қасиеттерінен құралады.
*Әділет тілесе – атаңның болсын айыбын айт.
*Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпас болар.
*Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле.
* Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?! (М.Әуезов)
Қойын дәптеріме ата бабаларымнан қалған нақыл сөздерді жазып, көкейіме тоқып алдым.
Өмір - дәптер, адам- өмір қаламы.
Қаламыңмен парағыңа не жазсаң, өміріңде солай ғана қалады...
Құрметті Массагеттіктер! Алдағы күндері жетер жетістігіміз, алар асуымыз, бағындырар белестеріміз мол болсын! Мақсатқа жетер жолда Массагет бізбен бірге болсын!