Мақсат – жетістік желкені
блог
Кез келген адам алдындағы сәт сайынғы сынаққа психологиялық түрде дайын болуы тиіс. Өйткені, "сенің қолыңнан келмейді". "Сен жетістікке жете алмайсың" деген сөздерді жиі естуің де мүмкін. Психологиялық тұрғыда дайындығы жоқ адам, естіген сөзіне көп сеніңкірейді. Әрі өзін төмен дәрежеде бағалайды. Сондықтан ең әуелі жұрт сөзін елемеу үшін, өзіңе деген сенімділікті арттыруың қажет.
"Қорқасың ба – жасама, жасадың ба – қорықпа!" деген даналықты еске түсіре, ісіміз қаншалықты қиын болса да, соңына нүкте қоюымыз қажет. Әуе шарының бірінші заңы: артық салмақтан арылу. Сонда ғана көкке еркін өрлей алады. Біздің мақсатқа жету жағдайымыз да әуе шары іспетті. Артық ойлардан арылып, тек нақты мақсатқа жетуді ойлау... Нәтижесі міндетті түрде болады деп сену. Уақыт, уақыт, уақыт... Мұның мәнісін өсе келе ұғынады екенсің. Уақыт зымырап өтеді де кетеді дейміз. Оның түбіне терең бойламаймыз. Қамшының сабындай қысқа ғұмырымыздың жүрегі уақыт қой! Оны тиімді пайдалануымыз керек. Бастысы істі оңынан бастау. Ертең істеу емес.
"Болашақ бүгіннен басталады". Жетістікке жеткіміз келсе, өз-өзімізге сенімді болуымыз қажет. Өмірде сенімсіздігіңнің арқасында қаншама мүмкіндіктерден құр қаласың. Сенімділік сенің қаруың. Сенімділік жай сырттай сенімдімін деп айта салу емес. Сен олай айта салғанның өзінде ішкі сезімің жалған дегендей күдік беріп тұрады. Ол өзіңді алдауға жатады. Шын сенімді болу үшін, сенімге лайық болу керек. Ал сенімге қайткенде лайықты боламыз?! Еңбектенсең міндетті түрде өзіңнің бір белесті, бір жотаны бағындыратыныңа ерікті түрде сене аласың. Міне, еңбек үлгісі сені сенімділікке жетелейді. Елестетіп көрші:
Кең далада, қыстың бір күнінде, адам аяғы басылмаған қалың ақ үрпек қардың үстінде жалғыз өзің жол жүріп келесің. Үстіңде қалың күртеше, қолыңда ауыр дорба. Артыңда қалың кітаптарға толы зілдей сөмке. Қыс болса да күн ыстық. Терлеп-тепшіп, ауыр сөмке асынып, елсіз далада келесің. Қар да қалың. Адам аяғының ізі болмағасын, аяқ алыс қиынға соғуда. Бір-бір қадымдап, жылдамдатып, кейде шаршап, әлің құрып тынығып жылжисың. Шыдамсызданып жатқан жоқсың. Жолда қалып та қойған жоқсың. Әйтеуір сендегі мақсат – үйіңе табан тіреу. Сабырлылық тынытудасың. Міне, осы сабырлылық деген термин жетістікке жету жолындағы тағы іс.
Талпын! Мейлі, талпынба. Бәрібір өмірді сүресің. Талпынсаң жетесің. Талпынбасаң құр өтесің. Қайсысы жақсы?! Өзің сарала... Қарныңды қамсыз-көңілсіз тойдыратын, атақ-абыроймен өлшеп шіренетін мамандық емес, қанатыңды қайыстырмайтын, сені шабыттандырып саған әсемдік пен рақат сыйлар, қадіріңді жоғалтпас мамандық иесі болуға тиістісің. Сол себепті де, мамандық таңдау жолында қабілет-қарымға қарап, ынта-бейілге қарап, дұрысын таңдайық.
Арман, жоспар, мүмкіндік, әрекет, ынта, талпыныс, жетістік, рақат! Бұл сөздерді жай айта салғандай орындау күрделі. Ал сен сол күрделіні дара қылып, негізге алып, туындатпай іс жаса. Өзіңе сенсең болғаны. Алдыңа мақсат қойдың ба?! Орында... Алдыңда тұрған қандай кедергі бар? Кедергі болса, кесіп өт.
Мақсатыңа жету үшін көптің бірегейі болмасаң да, айналаңдағылармен сабақтасып та жүресің. Мұратқа жету үшін, бәріне төзетіндермен араласып та құраласып та тұрасың. Ыңғайына қарайсың, адамдармен салаласа сөйлесесің. Қарсылық мән білдіресің. Себебі мен салдарын іздейсің, кезектесесің. Кейде затты талғайсың. Мұғалім сөзін тілге тиек етіп түсіндіріп, қимылдайсың. Мезгілдер өтеді де кетеді. Оны барлайсың. Шарт қоясың. Жарысасың, сатылап көтерілесің. Бағыныңқы болма, басыңқы бол... Енді міне, мақсатқа табан тіредің. Мінеки, жетістікке жету үшін соншама іс тындырасың. Бірақ соңғы нүктеге келіп өзіңе-өзің рақмет айтасың.
Достар! Өзіме де, сіздерге де тілерім:
Қанатты еркін серме, қанатыңды тез-тез қақ... Қыран бол! Қарсы соққан желді елеме. Тақала бергенде тайқып кетпе. Соңына дейін ұш! Мақсатымызға адаспай жетейік! Көпшіліктің сөзін елемейік. Өз-өзімізге сенейік, өз-өзімізді дамытайық!