Мақсат. Әрекет. Жетістік (Байқау)
блог
Құрметті, массагеттіктер! Байқаудың басталғанына көп бола қоймаса да, "Арша" тобының мүшелері және тәлімгеріміз Марғұлан ағаймен тез тіл табысып, оңай сіңісіп кеттік. Тіпті, бір-бірімізді бұрыннан танитын жандар секілді араласып та алдық. Бұл үшін құрбым Айданаға алғысым шексіз. Ол болмаса, мұндай байқаудың ұйымдастырылып жатқанын да білмес едім. Байқау басталғалы алдыма мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында жұмыс жасап келе жатырмын.
1. Ең алдымен мақсатымды айқындап алдым. Себебі, мақсат қоюдың өзі жетістік деп білемін.
2. Аз уақыттардан соң, 11-сыныпқа өтетін болғандықтан ба, көңілде қобалжу мен үрей басым. "Ең ұлы жеңіс-өзіңді-өзің жеңу" демекші, бойымдағы үрей мен күдікті басу үшін негативті ойлардан арылу керектігін түсіндім. Сөйтіп, әр күні "Массагет" сайтында жарияланған мотивациялық мақалаларды оқи отыра, іштей күш жинай бастадым. Өзіме сенімділігім артып, дайындықты бастап кеттім.
3. Бұдан кейін де бос уақытымды тиімді пайдаланғым келді. Түрік тіліне деген қызығушылығым артып, ғаламтордан тіл үйренудің оңай тәсілдерін іздей бастадым. Жалпы, тіл бүтін бір ұлттың қүндылығы секілді. Шет тілін үйренуге бет бұрған адам міндетті түрде білім көкжиегін кеңейту үшін сол халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысқысы келеді екен. Күніне 1-2 сағат түрік тіліне арнаймын.
4. Болашақ филолог болған соң, барлық жағынан талапқа сай, білімді адам болуың керек. Сол себептен тек тестті жаттап қана қоймай, әдеби кітаптарды оқи бастадым. Массагетке кіріп, қызықты кітаптардың тізімін іздеп, әр қазақ оқуы тиіс 50 кітапты таптым. Қарап отырсам, бүгінгі күнге дейін 30-ға жуық кітап оқыппын. Мен үшін бұл өте аз. Сондықтан оқылмаған 20 кітапты оқу негізгі мақсатым.
5. Үйдің тұңғышы болған соң, барлық жауапкершілік сенің мойныңда. Соған қарамастан менің ең керемет көмекшім бар. Сіңілім бір жұмысқа үлгермей жатсам қол үшін беріп, мені қуантып тастайды. Мен негізі үйді сырлап, түсқағаздарды таңдағанды жақсы көретінмін. Кішкентайымнан сурет салуды емес, бояғанды ұнататынмын. Расымен, іздегенім алдымнан сұрамай-ақ табылды. "Массагет" сайтынан түсқағаздарды қалай таңдау керектігі туралы айтылған мақаланы тауып, біраз нәрсені көңіліме тоқыдым. Ең қызығы, үйге түсқағазды таңдар сәтте анашым мені алып кетіп, маған таңдатты. Оқыған мақалымды тез еске түсіріп, бөлмеміздің сәнін келтіретін әдемі түсқағаздарды сатып алдық.
Расында да, "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет" байқауының маған берері мол екеніне көзім анық жетті. Болашақта да, мақсатыма жету жолында "Массагеттің" сенімді серігіме айналары сөзсіз. Менің ғана емес, "Арша" тобының барлық мүшелерінің арманын орындайтын асылына айналса игі.