"Кітабым - асыл қазынам". 2-ші бөлім (байқау)
блог
Бұл уақыттарда көркем шығарманың табиғатын тану үшін көркем əдебиет туындыларын үзбей оқуды əдетке айналдыра бастадым. Оқуға тиіс 10 кітаптың да саны азайып бара жатыр... Осы аптада оқыған кітаптарымның мазмұнына тоқталайын. Кітаптарда да жазылған кейіпкерлер ескі қазақ дəстүрінің құрбандары болған - жастар. Олардың сезімдерінің баянды болмауына себеп - əмеңгерлік салт, байлық, дүниеқорлық, сауатсыздық...
1. Қазақ əдебиетінің тұңғыш романы, ХХ-шы ғасырдың басында жарық көрген, Міржақып Дулатұлының көркем туындысы - Бақытсыз Жамал. Романның қысқаша мазмұны:
Балаға зар болған Сəрсенбайдың екінші əйелінен қызды болып, есімін - "Жамал" қоюы. Байлыққа қызыққан əкесі есейіп келе жатқан қызын Байжаннаң тақыр баласы Жұманға атастыруы. Бірақ, Жамал өзі қалаған жігіті - Ғалимен бірге қашып кетіп, қашып жүрген кездерінде Ғалидің аяқ астынан ауыр науқастанып, дүниеден озуы жəне соның нәтижесінде Жамалдың тақыр-Жұманға амалсыздан қосылуы баяндалған. Оқиғаның соңы іш құса болған Жамалдың ауыр қайғыда өмірден өтуімен аяқталады...
2. Қай кезде бай мен кедей арасындағы жанжал мүлдем болмады деп ойлайсыз? Ондай болмаған да шығар, бізге беймәлім... Сəбит Мұқанов жазған поэмадағы кейіпкерлердің арасындағы қайшылық, осы - бай мен кедей бақталастығы. Ия, айтқым келіп отырған шығарма - Сұлушаш поэмасы. Алтай есімді кедей баласының Сұлушаш атты байдың сұлу қызына ғашық болуы. Жамал мен Ғали сияқты сезім жолында Сұлушаш пен Алтай да қашып кетіп, жазатайым жағдайлардан өлім құшты. Кіршіксіз сезімдері тапталды.
Қандай-да бір қазақ əдебиетіндегі махаббат туралы ақын-жазушылардың туындысын оқыған да соңын біліп тұрамын) Бəрінің аяғы трагедиямен аяқталады. Осы қазақ əдебиетінде шын сезіммен қосылған ғашықтар бар ма өзі? Жүсіпбек Аймауытовтың Ақбілегі ғана қуанышпен аяқталады-ау. Оның өзі де Балташты ұнатып тұрғаны шамалы.
Сонымен қатар, кітап үшін жинаған ақшама толқып жүріп қалаған кітаптарымды алдым. Өте қуаныштымын)
Өз еңбегіңмен табылған адал қаражатқа не жетсін, шіркін...