Кішкентай ханзада
блог
Біз есейген сайын өзгеше ойлана бастаймыз. Балалық шақтағыдай емес әлде қайда күрделірек. Айналамыздағы мәселелермен әуре болып жүріп, өз өмірімізді де күрделі мәселеге айналдырамыз. Уайымсыз, еркін балалық шаққа оралып, бүгінгі ересек күніңізге балалық көз қараспен қарап көрдіңіз бе? Жауабыңыз «жоқ» болса,онда сіздің әлі де мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін сізге француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзадасын» оқуға кеңес беремін. Өткен апта мен бұл шығарманы оқи отырып ерекше әсер алдым. Олармен бөліспей тұрып сізге бір суретті ұсынамын. Бір сәт төмендегі суретке мұқият қараңыз. Қалай ойлайсыз онда не бейнеленген?
Жауабыңыз қандай? Сізге бұл қорқынышты ма? Сіз шляпаның немесе төбешіктің несі қорқынышты деуіңіз әбден мүмкін.Негізінде бұл пілді жұтып қойған жыланның(анаконда) сыртқы бейнесі. Ал ішкі бейнесі келесі суретте.
Бізге белгілі анаконда өзінен әлденеше үлкен жануарларды оңай қылғыта салады. Бұл «Кішкентай ханзададағы» басты кейіпкердің(баяндаушы) балалық шағында салған суреттері болатын. Ол өз туындысын (№1 суретін) ересектерге көрсеткенде олар шляпаны барлығы сала алады деп жауап қайтаратын.Ересектердің кемшілгі осында.Олар ерекше ойлау қабілетінен айырылғандар.
Автор өз шығармасындағы балалықты суреттеу арқылы ересектердің өмірді түсінуді өте төмен бағалайтынын, ең бақытты шақ балалық екенін еріксіз еске салады.
Шығармадағы оқиға желісі бойынша ұшқыш ұшағының ақауларына байланысты Африкадағы Сахараға амалсыз қонуға мәжбүр болады. Сол шөлде ол Кішкентай өзгеше киінген ханзаданы жолықтырады.
Ханзада қызығушылығы мол, егер сұрағына жауап алмаса сұрағын қайталаудан жалықпайтын,бірақ өзгелердің сұрағына үнсіздікпен жауап қататын жан.Ұшқыш одан елсіз шөлде қайдан жүргенін сұрағанда, ешқандай жауап ала алмайды. Тек кейіннен екеуі тіл табыса бастағанда ханзаданың өте қашықтағы өзінен сәл ғана үлкен ғаламшарда жалғыз тұратыны белгілі болады. Ол ғаламшардың атауы "астероид В-612".Онда кішкентай ханзаданың тізесінен ғана келетін 3 жанартау, гүлдер бар. Сонымен қатар ханзданың күндегісін айналысатын ісі жаңадан өсіп келе жатқан баобабтарды тамырымен жұлып тастау. Олар онда өте көп. Әрі баобабтар өте үлкен ағаштар,ал оның ғаламшары ханзаданың өзінен сәл ғана үлкен.Егер оларды тамырымен жұлмаса ғаламшарды баобабтар өте ұсақ бөліктерге бөліп тастары анық.
Ханзада кейде өзіне көңілсіз болғанда кешкілік күннің батуын тамашалайды. Ол бір жолы 1 күнде күннің батуын 43 мәрте тамашалаған екен. Ол үшін орындығыңды сәл ғана алға жылжытсаң болды. (кішкене ғаламшарда бұл да мүмкін).
Жалпы айтқанда шығармадан өмірлік көп нәрсе ұғуға болады. Мен сізбен олар жайлы келесі жазбада бөліспекпін. Бүгінгі жазба тек сіздің бұл шығармаға деген қызығушылығыңызды ояту, Басты кейіпкермен таныстыру.
Мен сізге бұл шығарманы оқуға кеңес беремін! Оны оқу арқылы өзіңіздің балалақ шағыңыздың қадірін білесіз.Ал сіз маған қандай шығарманы оқуға кеңес бересіз?
P.S. Кішкентай ханзада көңілсіз болғанда күннің батуын тамашалайды. Ал сіз ше?