Тыныштық. Өлі тыныштық. Туған елін сағынып, терең ой құшағында отырған Аңсарды телефон шырылы өз əлеміне қайта əкелді.
- Алло?
- Ұлым, - деген ана дауысы дірілдеп шықты. Жылап тұрғанға ұқсайды.
- Апа, не боп қалды? - деп Аңсар шошып кетті. - Неге жылап тұрсыз?
- Əкең... əкең...
- Əкеме бірдеңе болды ма?
Үнсіздік. Кейде ғана ананың жылаған дыбысы естіледі.
- Апа, не болды?
- Елге қайт, балам. Əкең жол апатына ұшырады. - Тұтқа қойылды. Аңсар мең-зең. Не істерін білмеді. Жылдар бойы армандаған шетелдегі оқуын тастап елге орала ма, əлде əкесін шетелде жоқтап отыра бере ме?
Аңсар сабырсыздана бастады. Əкесін өз көзімен көрмей жаны жай табар емес. Əкесі бұл жарықпен Аңсарды күтпестен қоштасып кетсе ше? Ол Аңсарға өмірде көрген-білгенінің тек жақсысын үйретті. Осы күнге де жеткізген сол - асқар тау, сол - əке!
Бір кезде Аңсар орнынан атып тұрып: "Несіне ойланып отырмын?" - деді де, жиналып əуежайға қарай тартты.
Əуежай. Кассадан билет алып, ұшағын күтті. Ойланып отыр. Көз алдына əкесінің өзін атқа отырғызып, домбыра үйреткені елестеді. Көзіне жас алып, əкесін өлімге қимады. "Апам оның жағдайын да айтпады. Бірақ, жағдайы жақсы болса неге жылайды? Неге мені шақырады? Халі нашар шығар" - деп Аңсар уайым үстіне уайым қосты. Сағатына қараса ой үстінде отырып, екі сағатын өткізіп алыпты.
Ұшақ кешігіп жатыр. Бір сағат өтті, жоқ! Екі сағат өтті, жоқ! Үш сағат... Осылай арада жеті сағат уақыт өтіп кетті. Аңсар тағы да алаңдады. "Үлгермей қалсам ше?" "Əкем кетіп қалмай ма?" Əйтеуір, бір кезде ұшақ келді. Солай Аңсар елге оралды.
Арада уақыттар өтті. Бір апта, екі апта, үш апта... Əкесінің жарақаты ауыр боп шықты.
Сары уайым Аңсарды жүдетіп жіберді. Күнде тəңірден əкесінің сауығуын тілейді. Енді оның тілегі қабыл болды. Алты айдан соң əкесі сауықты.
Егер мынау жарық жалғанда бақыт деген бар болса, оны тек осы қазір, дəл осы басынан кешіріп отырған азғантай тіршілігіңде ғана көресің; əйтпесе, өткен бақытқа өксіп, келешек бақытқа емешегіңді үзіп құр бекерге əуре болмасаң да болады.
Аңсардың да шын бақытқа кенелген күні жол үстінде өткен сол бір күні еді. Көңілін еш қаяу шалып көрген жоқ. Əкесінің қасына кеп жайғасқанда-ақ төбесі көкке жеткендей боп масайрап шыға келген марқа сезім бүкіл ұзақ жол бойында көңілінде шалқар көл боп шалқыды да жатты...
Аңсар шетелге əкесімен бірге кетіп бара жатты.