Қазір болмаса, онда қашан?
блог
Аптаның екінші жазбасын «Шешімі қиын сұрақтардың 4»бөлімімен аяқтауды жөн санадым. Ал соңғы бөлімін осы айдағы жазылатын соңғы жазбада сіздермен бөлісіп, сеніммен бір белесті артта қалдырмақпын.
Шешімі қиын сұрақтар 4
1) Өміріңіздегі қандай оқиға сізге өміріңіздің шынайы мәнін ұқтыра білді?
Жауабы: Осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы Массагет порталынан «Өмір сүруге жетелейтін 16 сөз» атты мақаланы оқыған болатынмын. Және де олардың маған қатты ұнағаны соншалық, ол сөздерді ақ қағаз бетіне шығарып алып, бөлмемнің қабырғасына жабыстырып қойған болатынмын(сол сөздерді әлі күнге дейін жиі оқып тұрамын). Сол сөздедің бірі жоғарыдағы сұрақтың жауабы болатынына сенімдімін.
"Ешқашан уақыт жоқ деп айтпаңыздаршы. Микеланджело, Леонардо да Винчи, Томас Джефферсон, Пастера, Хелен Келлер, Альберт Эйнштейндерде қанша уақыт болса, біздерге де бірдей уақыт берілген!"
Джексон Браун
Керемет сөздер! Менің түсінгенім сіз және барлығымыз жоғарыдағы аталған ұлы тұлғалардан артықшылығымыз, не кемшілігіміз жоқ. Олардың жасағанын сіз де жасай аласыз. Бұл олардың қолынан келген іс, сіздің қолыңыздан да келеді деген сөз. Себебі барлығымызға да бірдей уақыт берілген.
Жоғарыдағы «Өмір сүруге жетелейтін 16 сөз» атты мақала порталда 2013 жылы жарияланған екен. Сол сәттен бастап құдіретті 16 сөз маған өз өмірімнің шынайылығын талай мәрте ұқтырды. Ол кезде мақала авторына көңіл бөлмеген екенмін. Бүгін іздестіріп қарасам ол кісі қазіргі таңдағы біздің топтың жетекшісі Шерхан Талап ағамыз екен. (?)
2) Қазір болмаса, онда қашан?
Жауабы: «Кедей, бақытсыз, денсаулығы нашар жан , ол «Ертең» деген сөзді көп айтатын адам!»
Роберт Кийосаки
3) Егер сіз діттеген мақсатыңызға әлі жетпеген болсаңыз, онда сіз нені жоғалтасыз?
Жауабы: Уақытты және Сенімді жоғалтасыз! Мақсатыма жетемін деген сенімнен айырыласыз!
4) Сіздің басыңызда осындай жағдай болды ма: Сіз біреумен кездесіп, онымен еш тілдеспедіңіз, және сізге кейіннен, бұл сіздің өміріңіздегі ең керемет тілдесу деген ой келді ме?
Жауабы: Кейде, маған жағымды жандармен алғашқы кездесуде, олармен тілдеспей-ақ жақын адамға айналатын кездер де бар. Мен соны керемет тілдесу деп атар едім!
5) Неге махаббат тарихтағы көптеген соғыстың басталуына себепші болған?
Жауабы: Сатуға келмейтін, адалдың қолындағы, ғашықтық жолындағы асыл дүниелердің бірі болғаннан соң болар...
6) Күмәнданбай-ақ, ненің жақсы, ненің жаман екенін білуге бола ма?
Жауабы: Кез келген нәрсенің зиян және пайдалы жағы болады. Күмәнда сондай секілді. Онсыз ненің жақсы, ненің жаман екенін біле алмайсың. Әрі көп күмәндансаң сенімсіз бола бастайсың.
7) Егер сізге 1 миллион доллар берсе, сіз қазіргі қызметіңізден кетер ме едіңіз?
Жауабы: Мен қызметте емеспін, мектепте білім аламын.Ал егер маған 1 миллион берсе, мектептен кетер едім. Мектепте тек теориялық жағынан білім аласың. Ал оны сынап көру үшін, практикалық білім алу үшін мектептің қажеті аз.
8) Сіз қайсысын таңдайсыз: сіздің жасауыңыз тиіс көп жұмысты ма, әлде өзіңіз ұнататын бір ғана жұмысты ма?
Жауабы: Өзім ұнататын істі.
9) Сізге дәл бүгінгі күн бұрында бірнеше жүз рет қайталанған секілді болып көрін бей ме?
Жауабы: Өмірінде мақсаты жоқ жандардың жауабы: «Иә!». Менің жауабым: «Жоқ!»
10) Сіз соңғы рет қашан өзіңіздің жүрек соғысыңыздың дыбысын естідіңіз? Ал тыныс алуыңызды ше?
Оқырман! Әдеттегідей оныншы сұрақтың жауабын сізден күтемін. Тек оныншы емес қалаған сұрағыңызға жауапты пікірге жазыңыз. Әркімнің өз ойы бар. Бұл сұрақтарға сіздің өзіндік жауаптарыңыз бар екеніне сенемін.