ҚАЗАҚЫ ЛАТЫН ӘЛІПБИІ

§ 1.  Латынға негізделген қазақ әліпбиін таңдаудың талаптары
 
Бұл істе таңдаумыз – екі жол болмақ:
1) Латын әліпбиіне түпкілікті көшу;
2) Кирилдік әліпбиде қалып қою.
Бұл екі жол – біздің таңдар жолдарымыздың "ең шеткілері" – деп есептей отырып, "ортаңғы" – "күре тамыр" жол іздесек қалай болар екен? Мысалға:
3) Кирилдік әліпби мен қазақша техникалық латынды қатар пайдаланайық.
Түпкілікті таңдауды болашақтың құзырына қалдырайық.
Енді осы "күре тамыр" жолды былайша тарқатып көрейік:
3-а) Компьютерде, компьютер жиі қолданылатын жүйелерде, алыс-жақын шетте жүрген қандастарымызбен Іnternet, E-maіl, жерсеріктік коммуникацияларда, теледидар, телеграф, телетайп жүйелері арқылы хат-хабар, ақпарат алмасуымызда, яғни елшілік жүйесіндегі мемлекеттік деңгейде қолдана тұрған дұрыс деп табылсын; өзіміз таңдап бекіткен ағылшын таңбаларын қазақ-латын транслитерациялық таңбалар жүйесі ретінде, яғни  "волапюк" рөлінде қолданайық.
3-ә) Мектепте төменгі сыныптардан бастап латиницаны үйретейік (ағылшын тілімен бірге). Қазақ сөздерін ағылшын әріптерімен жазуды ойын ретінде (компьютердегі ойын ретінде) үйрете бастайық.
3-б) Қазақ-латын транслитерациялық таңбалар жүйесін қазақ тілінің компьютерлік-мағлұматтық және байланыстың техникалық және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару ісін жүргізудегі жазба таңбалары деп қабылдайық.
3-в) Басқа жағдайларда кирилицаны әзірше қолдана берейік.
Осыдан кейін "әліптің артын" бағайық. Болашақ ұрпақтарымызға өздері біржола түпкілікті таңдауын жасап алуына мүмкіндік қалдырайық.
Қазақ-латын транслитерациялық таңбалар жүйесі бола ма, әлде қабылдануға тиіс әліпбидің өзі бола ма, әйтеуір ауыстырмас бұрын терең зерттеп, мұқиат таңдауды талап етері хақ. Бірақ, әліпбиге қарағанда транслитерациялық таңбалар жүйесін таңдаудың "жарасы жеңіл" болады-ау деп пайымдаймыз, өйткені транслитерациялық таңбалар жүйесін қазірдің өзінде аса көп ойланбастан қабылдай тұрып, кейін уақыты келгенде оны әбден жетілдіріп, түрлендіріп, өзгертетін жерлері болса түзетіп, түпкілікті  әліпбиге айналдырып алуға болады ғой демекпіз. Себебі, бүгіндері қазақ тілінің дыбыстық жүйесі тыңғылықты түзілмей отыр [1], оны жүйелеу үшін уақыт қажет. Ал транслитерациялық таңбалар жүйесін мемлекеттік деңгейде стандарттап алу – уақыт күттірмейтін шараға айналатын күн туып тұр!
Енді осы транслитерациялық таңбалар жүйесін таңдау жайында біраз ой саралап көрейік.
Латын әліпбиіне көшетін болсақ, оны тиімдірек атқару үшін кем дегенде мына екі талап-қағиданы ұстану қажет деп білеміз:
І қағида: Техникалық әліпби тек қана ағылшын таңбаларынан тұруы қажет, яғни қабылданатын әліпбиде ағылшын тіліне арналған латын әліпбиінен басқа әліпбилердің таңбалары болмауға тиіс, және де әріптердің орналасу реті ағылшын тіліндегідей болуы тиіс.
 
ІІ қағида: Қазақ тілінде сөздер естілуімен жазылады; осыған мейлінше жақын халықаралық деңгейде орын алып отырған латын әліпбилік таңбаларын транскрипциялық оқу – ауызша айту жүйесін өз тілімізге оңтайлы етіп алуға жол ашылуы тиіс. Демек, балалар бүлдіршін жасынан бастап ағылшын әліпбиін екі тіл үшін (қазақ, ағылшын) бір ғана рет жаттап үйренгені дұрыс болар еді.
§ 1. Ұсынылатын латын нұсқасы
Көп ойланып, көп толғанып, соңғы жасаған нұсқамыз (оны біз М. Өтелбаев пен К.О. Ерғалиева және Д.Ә. Әубәкірдің XI-нұсқасы дейік: 2-Кестені және де сонымен сыбайлас 2-1, 2-2, 2-3-кестелерін қараңыз, ол бұрынырақ жасалған І-X нұсқаларды ескере отырып жасалды: бұл жерде берілмей отырған X нұсқаға дейінгі қалған нұсқаларды мына жарияланымдардан тауып алып, көруге болады [2]-[4]:
 
 

2.1. XI нұсқаның ерекшеліктері (техникалық немесе түбегейлі нұсқа)

 

1-ші: латынның “H”, “h” харіптерімен қазақ әліпбиінің “Ң”, “ң” әріптерін таңбалауға ұйғардық; тиісінше қазақ тілінде үш-төрт сөзде кездесетін “Һ”, “һ” тиісінше “Х”, “х” алмастырылды деп есептелетін болсын: қаһар – қахар, жауһар – жаухар, қаһарман – қахарман, жаһан – жахан;

2-ші: латынның “C”, “c” харіптерімен қазақ әліпбиінің “Ш”, “ш” әріптерін таңбалауға ұйғардық; бұл өз кезегінде “Щ”, “щ” әріптерін орыс тіліндегідей 4 латын харпімен shsh емес екі-ақ харіппен cc деп жинақы белгілеуге жол ашады: accy, tuccy, kecce, pecci  т.с.с.;

3-ші: латынның “W”, “w” харіптерімен қазақ әліпбиінің “У”, “у” әріптерін таңбалауға ұйғардық; бұл шешімнің мәнісі арнайы негіздеуді қажет етпес;..

4-ші: фонемнің жуан айтылуын бкп үш дауыссыз дыбысының латыншасына латынның “h” харпiн қосақтау арқылы қамтамасыз етуді ұйғардық (2-3-кестесін қараңыз!), ал ң дыбысы жоғарыдағы екі дауыссыздарға ешқашан жалғаспайтынын ескердік бұл жерде;

5-ші: тіліміздегі сингармонизм заңына сәйкестікті ескеру мақсатында и дыбысын ұяң-жуан айтылуларына қарай екі түрлі латынша қосарлы харіптеуге ұйғардық: 2-2-Кестені қараңыз!

 

Әлімхан ЖҮНІСБЕК ағаның төл тіліміз жәйлі зерттеулері мен айтқандары іс жүзіне асатын болса, яки осы күнге дейін стандарттауға көнбей келе жатқан қазақ тілі фонемасы мен графемасы жүйеленіп, өз стандартын алатын болса, онда солай жаңғырған төл тіліміз үшін түбегейлі латын графикасына көшу заңды түрде қолға алынар еді. Міне, осындай жағдай үшін біз XI нұсқаны ұсынбақпыз. Әлбетте, ағаның өзі де дайындаған қазақы латын әліпби нұсқасы бар болар, онда ештеңе етпес, - салыстыра отырып, түбінде бір шешімге келерміз.

6-шы: Төл тілімізде 28 дыбыс қалады - 9 дауысты: А, Ә, Ы, І, Е, Ұ, Ү, О, Ө және де 19 дауыссыз:  Б [бы], Д [ды], Г [гі], Ғ [ғы], Ж [жы], З [зы], Й [ый],       Қ [қы], К [кі], Л [ыл], М [мы], Н [ны], Ң [ың], П [пы], Р [ыр], С [сы], Т [ты],    У (w) [ұу], Ш [шы]; мұндағы дыбысталу ЖҮНІСБЕКШЕ алынды; сондықтан қазақы латын әліпбиін құрастыру - осы дыбыстарды латын графикасында өрнектеуге барып тіреледі; ағылшын латын әліпбиінде 26 таңба; олай болса 2 таңба жетіспейді; бұл проблеманы шешу жолын 2-1-кестеде көрсетіп отырмыз;

7-ші: Тілімізге жетпіс жылдай қызмет істеген 11 дыбысты 2-2-кесте мен 2-3-кестеде көрсетілгендей екі топқа бөліп, транслитерациялық таңбалар жүйесі («волапюгi») ретінде пайдалануды ұсынамыз; осында бір ескеретін жай: біз орыс-латын «волапюгiн» азғана өзгертіп алғанды жөн көріп отырмыз, оның и мен щ дыбыстарына қатысты себебін біз жоғарыда айттық; ал 2-3-кестесіндегі 3 дыбыс орыс тілінің төл дыбыстары болғандықтан оларға латынның қосарланған әріптерін өзімізге таңдауға тура келді; ф дыбысы ағылшын тілінде дәл осылай ph дифтонг (диграф) ретінде саналады;

8-шы: 1929 жылғы қазақ тілінде қабылданған латын әліпбиінде “Қ”, “қ” әріптерін латынның “Q”, “q” әріптерімен таңбаланған, бұл нұсқаға келісуге болар еді (к дыбысына k қалдырып!), бірақ ол сонша қағидалы шешім болмас. Өйткені .kz сайттар мен электрондық пошталарда домендік рөл атқарады және де KAZ – ұлттық валютаның белгіленуі халықаралық деңгейде әбден қалыптасып қалған (бұларды орыс тілі тұрғысынан таңбаланған деп қабылдамай, енді – төл тіліміз тұрғысынан бекітілді десек, еш оғаштығы жоқ деп білеміз!).

9-шы: 2-1-кестедегі “Ә”, “ә” мен “Ө”, “ө” әріптерін белгілеуге дәл осылай жазылатын немесе Æ/æ тиісінше Œ/œ түрінде жазылатын халықаралық дыбыс-транскрипция таңбаларын (ДТТ) алсақ болар еді, онда 2-кестеге 27-і, 28-і екі жол қосылып, 2-1-кесте қажет болмайды. Бұл шешімнің тағы бір пайдасы латын-қазақ мәтіндері бірден “мен-мұндалар” еді.

 

Шынайы көңілімізбен ескертпе ретінде айтарымыз (бұл идеяны алғаш айтқан академик Мұхтарбай Өтелбаев ағамыз): осы соңғы техникалық X нұсқаны һәм түбегейлі XI нұсқаны қазақ тілі үшін латын әліпбиін жасасуға араласып жүрген барша әріптестеріміздің атынан жариялап, ол қабылдана қалған күнде оның авторы ретінде солардың баршасын қамтитын ұжымдық топ есептелсін! (Жоғарыда аттары аталғандармен бірге: Ахмет Жанділда, Әбдуәли Қайдар, Әлмағамбет Төрехан, Әлімхан Жүнісбек, Бәтен Төрехан, Гүлсім Бөлеген, Дәуренбек Әубәкір, Жанат Аймағанов, Жанбек Уатай, Табылды Қайыпов, Жәкебай Бапыш, Исламбек Томай, Кеңесбай Мұсаұлы, Күнсұлу Ерғалиева, Мұрат Алтай, Мұрат Жұрынов, Мұрат Хасенов, Мұхтарбай Өтелбаев, Нариман Айтхожин, Серік Ерғали тағы да басқалар.

Бұл мамандар жасаған әліпби нұсқаларының кейбірін мына жинақтан көруге болады: [3].

Әлбетте, транслитерациялық таңбалар жүйесін - қазақ-латын “волапьюгін” қабылдаған күннің өзінде, тіліміздің емлелік нормаларының кейбір тұстарын қайта қалыптастыруға тура келетіні айдан анық. Мысалға, қазақ тілінде сингармонизм заңына сүйенетінін оңтайлы пайдалану көп ретте латын харіптерін пайдаланып жазуда жеңілдетілген ережелерге әкеліп тіреуі әбден ықтимал.

Тағы бір ескеретін жәйт мынау: латынша қосарланған қазақ дыбыстарының қосарлылығы жоғалатын жағдайлар адам үшін ғана алғашында қиындық туғызуы мүмкін, бірақ компьютерлік-ақпараттық жүйелерде бұл жағдайды оп-оңай шешіп алуға әбден болады.

 

Қорытынды тұжырым. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан халықтары Ассамблеясының XII сессиясында сөйлеген сөзінде қазақ тілінде латын қарпіне көшетін уақыт жеткендігін, ол үрдіске барша Қазақстан халықтары зәрулі екенін ашықтан-ашық жариялаған болатын. IT-технология, соның ішінде Internet, E-mail, MS-Office, Windows, Unix, E-commerce, E-money, 1C-бухгалтерия, Web-banking секілді дүниелер адам өмірінің күнделікті қолданылатын кәдесіне айналуда. Осынау заманауи дүниелермен бүгінгі жоғарғы санатты техникамен байланысты мамандар осыдан он-он екі жыл бұрын-ақ дабыл қағып, қазақ тілінде латынның техникалық нұсқасын стандарттауды ұсынған болатын. Бірақ кейбір зиялыларымыздың жалған қорқытуларының кесірінен, яки – латынды қабылдасақ, кирилде жасалған бүкіл игіліктерімізден айырылып қаламыз – дегендей лаж айтулары осы үрдісті тығырыққа тіреп қойды. Соның нәтижесінде бүгіндері ӘДК (СИК) қазақша латындалмайтын болды, төл құжаттарымыз қазақша-латынша төте жазылмайтын болды т.с.с. келеңсіздіктер Елімізді әлем алдында ұятқа соқтырып отыр. Ұят емей – немене – «Қазақстан» сөзі және басқа да әлемдік қарым-қатынас деңгейінде ағылшынша жазылып оқылуға міндетті қазақ сөздері – жер-су аттары, адам аты-жөні мен тегі осы күнге дейін орыс-латын транслитерациялық әріптік таңбалармен ағылшыншалануда. Мысалға, “Kazakhstan”, “kazakh”, “Ashshysaj”, “Khalyk bank”, “Nursultan Abishevich Nazarbayev”, “Tokhtar Aubakirov”, “Ular umit» т.с.с. Басқасын айтпағанда, бұл егемендігімізге, ұлттық қауіпсіздігімізге зор нұқсан екенін ең алдымен сол зиялыларымыз түсінуі керек еді ғой!?

Егер жоғарыдағы XI нұсқа қабылданса, онда бұл сөздер былай жазылмақ: «Kazakstan», «kazak» немесе «Qazaqstan», «qazaq», «Accysaj», «Kalyk banqi» немесе «Qalyq banki», «Nursultan Æbiculy Nazarbaebh» немесе «Nursultan Әbiculy Nazarbaebh», «Toktar Æwbækirobh» немесе «Toktar Әwbәkirobh», «Ular vmit»,              «tœr» немесе «tөr»  т.с.с.

ДСҰ құрамына енуімізге орай енді бірер жылда халықаралық деңгейде стандарттанған жеке басты куәлендіретін ID-код дегенді енгізуге тиіс болады екенбіз. Ал соны енгізгенде де орыс-латын «волапюгін» ұялмай-қызармай пайдаланамыз ба?!

Ресей нағыз егеменді ел ретінде өзіне лайық орыс-латын транслитерациялық графема жүйесін («волапюк») лезде жасап, стандарттап алды. Мәскеуде болған әр адамның оған бірден көзі жетеді, өйткені метроға бір түссең болғаны: “Krasnaya Ploshshad”, “Chernaya reka”, “Shshedrovitskaya” т.с.с. көргенде, орыс-латын «волапюгі» не екенін бірден түйсінесің. Дәл осы «волапюк» орыстарға бүкіл компьютерлік MS-DOS, MS-Windows секілді жүйелерді орысшалауда, Интернеттің алғашқы браузерлерінде орысша мәтіндерді теріп, пайдалану үшін зор рөл атқарғаны барша мамандарға мәлім.

 

Қорытынды. Жоғарыдағы айтылғандарды қорыта келе, тағы да қайталаймыз: төл тілімізде қазақ-латын транслитерациялық графема жүйесін - қазақ-латын «волапюгін» ғылыми тұрғыда пісіріп-жетілдіріп, халықаралық деңгейдегі ISO стандартын бекітіп алсақ, онда түбегейлі латынға тілімізде көшпеуге де болады. Ал, егер-әки, төл тілімізде латынға көше қалатындай күн туса, онда енді біз “құр алақан” емеспіз: біздің «волапюг» емес нағыз қазақы латын әліпбиі ретінде ұсынатын нұсқамыз да, шүкіршілік, дайын - ол қазақ тілі үшін латын графикасының XI нұсқасы. Қанеки, кімде-кім оған өз нұсқасын балама ретінде қоям десе - біз көріп алайық: түптің түбінде біз баршамыз бір жеңнен қол шығарып, ортақ латын әліпбиін жасақтап та алатын шығармыз. Қалай дегенде де, осы бір күрмеуі шиеленіскен мәселені шешпесе - болмас.

 

ӘДЕБИЕТ КӨЗДЕРІ:

 

1. Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. – Алматы: Сөздік, 1999.

2. Өтелбаев М., Әубәкір Д.Ә. Сына жазу әліпбиінің антропологиялық жаңғыруы һәм мәдени қайта түлеуі – өркениеттің үйлесті-жасампаз пәрмені. // Материалдар: Қазақ Республикасының 10-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция "Байырғы түркі мәдениеті: жазба ескерткіштер" (Астана қ., 2001 ж., 18-19 мамыр). – Алматы: Ғылым, 2001, 452-463 бб.; Өтелбаев М., Әубәкір Д.Ә., Ерғалиева К.О. Қазақы  латын әліпбиін таңдау және стандарттау: философиялық, этнолингвистикалық және техника-лық мәселелері. // Тіл және қоғам альманахы. – Астана: 2004. – №1. – 122-130 б.

3. Алтай М.Б., Бөлеген Г.С., Төрехан Б.Н. Латын негізіндегі қазақ әліпбиі. Жобалар, Алматы: 1998

4. Өтелбаев Мұхтарбай, Әубәкір Д.Ә., Ерғалиева К.О. Қазақша  техникалық  латын графикасының жай-жапсары. // Еуразияшылдық идеясы контексіндегі Қазақстан түркітануы: мәселелері мен болашағы: Халықаралық ғылыми теориялық конференциясының ғылыми теориялық мақалалар жинағы (12-13 желтоқсан, 2009 ж., Астана қ.). – Астана: «1С-Сервис» ЖШС, 2009. – 105-115 б.

 

P/S: Материал [4] мақаласына қарағанда соңғы кездегі жаңалықтарды ескере отырып, аздап өзгертілген (авторлар ескертпесі!) 


Бөлісу: