Қазақ қызының сипаты (Байқау)
блог
«Өз отыңды өшірме» - жазушы Оралхан Бөкейдің роман жанрындағы тұңғыш шығармасы. Автор бұл кітабында қазақ даласында Кеңес өкіметін түпкілікті орнату мен Түркістан – Сібір магистралын салудағы қарапайым еңбек адамдарының жанқиярлық ерлігін баяндайды. Романның оқиғасы қызықты, тілі көркем.
Бұл шығармадан қазақ қызына тән сұлулық пен инабаттылықты және нағыз ер жігітке лайықты намыс пен батылдықты көре аламыз.
Елді аузына қаратып, ер атаулының бәрі тамсанатын кейіпкер Гүлия – Омар атты байдың ерке қызы, Дүрияның сыңары. Көптің қолы жетпеген ару сол ауылдағы Түркістан – Сібір теміржолын салып жүрген, қолында жалғыз ғана қайласынан басқа түгі жоқ Дархан атты жігітке ғашық болып, соған тұрмысқа шыққан. Шашын он күн тарап, бес күн өрген, ішкені алдында, ішпегені артында, ерке боп өскен Гүлия өзінен басқа ешкімі жоқ Дарханның лашығына келін боп түскенді қорсынбады. Себебі ол ақылды болатын. Дарханның бір кемшілігі болса, ол – кедейлігі. Оның адамгершілігі мол, ешкімге жағымпаздануды білмейтін намысшыл әрі ұяң, еңбекқор, қара күш иесі болатын.
Романда тағы сол кездегі ауыл жастарының кешқұрым алтыбақан құрып, әншілері ән айтып, күйшілері күй шертіп, соңында ақсүйек ойынын ойнайтындығы жазылған. Міне, қазақ ауылы. Қанша жерден Кеңес үкіметі жаңа заман орнатып жатса да, салт-дәстүрі сақталған. Алтыбақан демекші, Дархан Гүлияны сол алтыбақан аясында кезіктіріп, оның бойжетіп қалғанына таңғалып, бойынан биязылық пен ұяңдықты, теңдесіз сұлулықты байқаған.
Иә, Гүлия-нағыз қазақ қызы. Үлгі аларлықтай кейіпкер. Қазіргі кез бен бұрынғы заманды салыстыруға келмес. Десе де, біз өмір сүріп жатқан ХХІ ғасырда осындай ізгі қасиеттерді бар бойына жиған арулар азайып бара жатқан тәрізді.