Жігітке жеті өнер де аз...

Жігітке жеті өнер де аз...
жеке
блог

Сәлем, Массагет! Менің аты-жөнім Ерболған Ерсұлтан Қанатбекұлы. 2005 жылы 25 наурызда  Талдықорған қаласында дүниеге келдім. Отбасында төрт баланың кенжесімін. Талдықорған қаласындағы №26 орта мектептің бесінші сыныбын бітірдім.

Өмірлік ұстанымым: Жігітке жеті өнер де аз. Бұл ұстанымды ұстану себебім - әрқашан өзімді шыңдағым келеді. Ежелгі қазақ батырлары бес қаруы сай, елі мен жерін қасық қаны қалғанша қорғаған, айбатты болса, мен елімнің ертеңі, бәсекеге қабілетті бүгінгі күннің батыры болғым келеді. Бес қаруым - білім, спорт, өнер, еңбек және ата-анамның маған берген асыл тәрбиесі деп білемін.

Менің сүйікті тұлғамҚайрат Нұртас. Ол қазақ өнеріндегі өзінің ерекше талантымен, айрықша стильімен, қайталанбас болмысымен танылып жүрген жас әнші. Оның маған әнді бар жүрегімен айтқаны ұнайды.

Менің еліктейтін тұлғамКасабаева Роза Өмірқажықызы. Ол менің Киокушинкай каратэден жаттықтырушым, яғни біздің сэнсэй. Мен болашақта сэнсэй Роза сияқты каратэден әлем чемпионы болып, қара белбеу 2 данды иеленгім келеді.

Хоббиім - каратэмен айналысу. Киокушинкай каратэ - адамға ерекше жігер, күш береді. Кешкі жаттығудан кейін үнемі өзімді сергек, батыл сезінемін.

Бос уақытымды пайдалы өткіземін.  Жаттығу алаңында түрлі жаттығулар жасаймын. Велосипед тебуді де жақсы көремін. Достарыммен асық ойнаймын. Мектепте жаратылыстану пәнін сүйіп оқығандықтан youtube видео сайтынан немесе Animal Planet телеарнасынан жануарлар туралы бағдарламалар көремін. Сонымен қатар, түрлі темір-терсектерден техникалық құралдар жасаймын. Массагеттегі мақсатым да осыған байланысты. Алдағы күндері көретін боласыздар.

Байқауға қатысуға ниет білдірген себебім – өз мүмкіншіліктеріме жол ашу, жазғы демалысымды дұрыс пайдалану және дүниетанымымды кеңейту.

«Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!» байқауымен өткен жылдан бері таныс болсам да, бұл алғаш қатысуым. Байқау барысында көптеген жаңа достар табамын деген үміттемін.