Жастық шағымызда бойға даналық дарытамыз

Сəлем, əлем! Мақсатыма "Массагетпен" бірге жету – мен үшін зор қуаныш!

"Мақсатсыз адам тұншығады" дегенді естулеріңіз бар ма? Дегенмен де, кез келген адамның өмірлік мұраты болады ғой. Тек оларды "мақсатына жететін" және "оған жетуге ерінетін адамдар" деп екі типке бөлуге болады. Мақсатына жетті деген сөз — аянбай тер төкті, еңбектенді деген ұғым. Ал мақсатына əлі жете алмай жүргені — оның əлсіздігі. Әлсіздік неден құралады? Əрине, жалқаулықтан. Негізінен мақсатына жету жолында əрекеттенсе, ешкім де осал емес-ау! Бірақ ол бір орында тапжылмай тұр. "Жалқаулықтан өткен жексұрын кемістік жоқ", мұны айтқан — С.Барнд. Иə, күллі адамды тоздыратын нәрсенің бірі – осы. Ал бұл кеселден арылу – өзіміздің қолымызда.

Өмірде бізді шыңға шығарар – мақсат қана. Сол мақсатқа жетер күн де алыс емес. Біз аса алмайтын асу жоқ. Жұмсаған күш-жігеріміз пайда алып келгенде, рахаттанатын күнге де жетеміз. Өзімізге сенейік. Біздің қолымыздан бəрі келеді! Біз қожа бола аламыз! Еркін самғай аламыз! Олай болса тек қана алға!

 

Мен жастық шағын бойына даналық дарытуға жұмсайтын "Кемеңгер" тобын таңдадым. Əсел Асанова əпкемізді үлгі тұтып, мақсатқа топпен бірге жетуді көздедім. Біз – "Кемеңгер" тобынан құралған қыздармыз, аяулылар, ардақтыларымыз. Тəлімгерімізді өнеге тұтатын жандармыз. Əпкеміз — бас болғанда, біз, қыздар – кеудеміз. Түлкілерді тазы боп шаламыз. Солай ғой, иə?!

"Армандар орындалу үшін міндетті түрде екі нәрсе керек: айқын мақсат пен азғантай уақыт",— дейді Альберт Хаббарт. Берілген мерзім ішінде мақсатымызға жеткіміз келеді. Мен алдыма мынадай мақсаттар қойып отырмын. 

1-мақсат. Биыл 11-сыныпқа қадам бастым. Баршаңызға белгілі, менің алдымда үлкен сынақ тұр. Ата-анамның үкілеген ақ үмітін ақтауым керек. Əрі өз армандарыма жету жолында осы сынақтан сүрінбеуім қажет . Ал ол дамылсыз дайындықты талап етеді. Осы жазда "Қазақстан тарихы", "Қазақ тілі" пəндерінен тест дайындығына бар күшімді салсам деймін. Жақсы көрсеткішке жету – негізгі мақсатым.

2-мақсат. Артық ғылым іздемекпін. Ал, "Артық ғылым кітапта" екені баршаға аян. Барынша көбірек кітап оқып, санамды нұрландырып, рухани байып, жақсы кейіпкерлермен əңгімелеспекпін.

3-мақсат. Журналистикаға жарамды жазба жазу. Сауатты жазуға машықтанып, өз мақалаларымның санын да, сапасын да арттыру. Əңгіме, өлең жанрларына да қалам қыдырту.

Ал, кеттік! Іске сәт, достар! Сіздер де өз мақсаттарыңызға межесінде жетіңіздер. Алдымен жоталарды жүгендеп, кейін биік белестерді, одан соң шыңдарды да бағындырар күнге жетейік. Əзірге осы... Сəт-сапар!



Бөлісу: