Жарықтың жылдамдығымен жарысар журналист жазбасы

Өмірде мақсатсыз жүрер адам болмас, тегі. Бәріміздің де мақсатымызға нық қадам жасап, белімізге өзіміз көтере алар шоқпарды ғана байлап, артқа бір бет бұрмай, тек алға жылжитын, сол адымымыз арқылы көпке үлгі болатын мүмкіндік туды.

Менің басты мақсатым – журналистік шеберлікті шыңдау. Өзімнің қабілетімді қайрап, жарықтың жылдамдығымен жарысып, жүйріктерді жолда қалдырар журналист атану.

Ағылшын тілін  жетік меңгеру. Өз ана тілімдей сайрайтын жағдайға жетпесем де, бастапқы кезеңін (Beginner) толық оқып, аяқтау.

Қолынан бал тамған, халықтың ыстық ықыласына бөленген айтулы аспаз атану.

Түбіміз түріктің тарихына тереңдей үңіліп, төте жазу үйрену.

Домбыра аспабында ойнап, көптеген күй үйрену.

Мақсат көп болса, жүзеге асыру да қиындай түседі. Басты қағидам – бет алған биігімнен құламай, шыңға тура тарту.

Әр сәттен өзіме жаңалық ашу. Өзіме деген сенімділігіме селкеу түсірмей, парасатты пікір қалыптастыра білу. Өзіңе сенсең ғана, мақсатың айқындалып, өмірлік сара жолыңды қалыптастырасың.

Алғыр қыздардан құралған «Кемеңгер» атты тобыма сәттілік тілеймін. Бастысы – жеңіс емес, қатысып, өмірлік сабақ алу, үйрену. Жетекшіміздің ақыл-кеңестерін есімізден шығармай, өзімізді қилы қырымыздан көрсету үшін барымызды саламыз.

Байқауда бәрі де жүлделі болғысы келеді. Бірақ жеңіс оңайлықпен келмейтіндіктен, қажырлы еңбек етіп, жетекшімді марқайтқым келеді. Менің де еңбегім еш кетпей, оқырман оң бағасын беріп, көңілдерінен шығып қалармын деп үміттенемін.



Бөлісу: