Гүлдің ұзақ өмір сүруінің сыры неде? (байқау)
блог
"Сөз анасы - сәлем" демекші, сәлем "Массагет" оқырмандары! Мақсатымызға Массагетпен бірге жететін де уақыт келді. Алдыма койған үш бірдей мақсатыма жетуге деген қадамдарымды бастап та кеттім. Оның біріншісі: бөлме гүлдерін өсіру, баптау.
Гүл өсіру оны баптау, күту менің күнделікті ісіме яғни, хоббиіме айналды. Гүл өсіруді ең алдымен мына төмендегі гүлден бастадым.
Гүл өсіру жалпы қарапайым болғанымен, оңай іс сияқты көрінегімен ол үлкен шыдамдылық пен табандылықты, еңбекқорлықты қажет ететін іс екенін мен бұрыннан білетінмін.
"Айзере" атты гүлімнің көшетін жақын туысымның үйінен алып келіп, ең алдымен гүл өсіруге арналған қара топырақты құмыраға салдым, артынан тамырын отырғыздым.
Гүлімді жарық жерге орналастырып алып, су құйдым, жапырақтарын сүрттім. Бөлме гүлдерінің адам денсаулығына жағымды әсері өте көп. Мектепте биология пәнінен сабақ берген Салиха апайымның сабақ кезінде гүл өсіру және оны күту, баптау туралы айтқан тағлымды сабақтары жадымда жаңғырып тұр.Бөлме гүлдерінің ұзақ уақыт «ауырмай», жайқалып тұруының сыры неде деп ойлайсыздар? Махаббатта. Гүлдермен де тірі жанмен сөйлескендей сөйлесіп, өз ілтипатыңды білдіріп, баптап, күтіп, махаббатпен қарап, еркелетіп тұру қажет, олар да өздерінше қуана да, мұңая да алады екен. Және жақсылап баптауға тырысу керек. Міне, сонымен менің ақ арманымның бастауы болған, үлкен өмірге қадам бастар, болашақ армандарымның алғашқы тілекшісі болар алғашқы гүлім де құмыраға қондырылды.
Естеріңізде болса, алдыма бірнеше мақсат қойған едім. Яғни гүл өсірумен қатар, майталман актрисалардың өмірі мен шығармашылығымен танысып, данышпан ұлы ойшылдардың нақыл сөздері жинақтап бөлісемін деген болатынмын. Бүгін, алғашқы тәй-тәйіммен таныс болдыңыздар, ал қалған екі мақсатыма қалай жетіп жатқанымды ертеңгі блогымнан көре аласыздар.
Ендеше, көріскенше күн жақсы болсын, достар!