Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға
Есірткісіз өмір ғажайып
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген емес пе дана халқым?! Ал, бесігінен дұрыс тәлім-тәрбие алмай, дұрыс бағытты таба алмай, дұрыс таңдау жасай алмай тоқырауға торығып, түрлі ағымдар мен арбаулардың соңында жүрген азаматтарымыз қаншама. Осындай қоғамның дертіне айналып, кенедей жабысқан үлкен мәселелердің бірі – есірткіні тұтыну.
Күллі әлемді өз торына түсірген есірткі сан ғасырлар бойы ғаламдық проблемалардың көшін бастап келеді. Бұл аурудың емін табуда әр мемлекет өз алдына жұмыс атқарып, күресуде. Алайда емдейтін дәрінің ұшқыны табылар емес.
Жалпы, нашақорлық – еліміздің арасын құртып, болашақтың тамырын балтадай шауып отырған қатерлі дерт. Ғылыми дәлелдемелерде нашақор адамдардың психикалық тұрғыда ауру адамдар қатарына жататындығы айтылған. Өкініштісі, бір тұтынсаң басыбайлы құлына айналатын есірткіні тұтынушылардың басым бөлігі жасөспірімдер екені анықталды. Еліміздің көрсеткішіне сүйенсек, нашақорлыққа салынғандардың 46%-ы 16 мен 47 жас аралығындағы адамдар.
Жаңалықтардан есірткіні тұтыну немесе сату үстінде ұсталып жатқандарды жиі көреміз. Мысал ретінде, жасөспірімдер арасында танымалдылыққа ие болған, қазақ мәдениетіне жаңа жанрды алып келген «Mad men» тобының жанжалын алуға болады. 2021 жылы топ мүшелері есірткіні тұтыну және сату қылмысы бойынша тұтқындалған болатын. Осындай еліміздің туын көк аспанда шарықтататын, болашағын арқалап, үмітін ақтайтын қорғандарымыздың қисық жолға түспей, нашақорлыққа салынбауын қадағалау – бүгінгі күні мемлекетіміздің алғышартының біріне айналып отыр.
Өздеріңіз білетіндей, мемлекетімізде нашақорлықпен күресу туралы, оның зияны мен зардаптары жайлы плакаттар ілініп, насихаттар жүргізілуде. Мемлекет тарапынан «есірткіге қарсы» ұйымдар ашылып, нашақорлыққа салынғандарды қатаң жазалауда. Сондай-ақ, мектеп оқушыларына нашақорлық жайлы тәрбие сағаттарымен түрлі жарыстар ұйымдастырылуда. Осы орайда Президенттің «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарына арналған мемлекеттік бағдарламасын» айтуға болады. Осындай бағдарламалар мен күресулер еліміздің аясында қарқынды жүруде.
Қорытындылай келе, еліміздің қара көз қыздары мен тепсе темір үзетін ұлдарын тура жолға салып, бағыт-бағдар беру – біздің қолымызда. Нашақорлықтың адам өміріне аса қауіпті факторлардың бірі екенін, адам денсаулығы мен елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер екенін ертеңгі ұрпаққа насихаттау – біздің негізгі міндетіміз болып табылады.
Сәрсенбай Нұрай
Қызылорда қаласы
212 мектеп-гимназиясы
#есірткігеқарсыбайқауы