ЭЛЕКТРМЕН ЖАЙНАП, ЖАҢҒЫРҒАН АСҚАҚ АСТАНА УРБАНИЗАЦИЯ ҮДЕРІСІНІҢ РУХАНИ КӨШБАСШЫСЫ
блог
Кіріспе. Біздегі қоғамдық өмірді қалаландыру үрдісі «даланы қалаға айналдыру» жолымен жүріп келгені белгілі. Басқа көптеген елдерде бұл өзі үдеріс түрінде, яғни қаланы салып алып, соған адамдарды қоныстандыру әдісімен орын алған. Кеңес дәуірінде ондай үдеріс әскери немесе құпия қалашықтарды салуда, мысалға, полигондарды ел-жұрттың көзінен таса жерде, құпия жағдайда әпсәтте тұрғызып-тұрғызып жібергенін енді ғана біліп отырмыз. «Рухани жаңғыру» жағдайында урбанизацияның берерін бір саралап қою қажет.
1 Біздерге – Астананың бұрыннан тұрып жатқан тұрғындарына егер-әки сауалдар қойылса ше...
Ол сауалдардың біразы:
A. Сіздерге, бұрынғы Целиноград қаласының тұрғынына ел бас қаласының Астана болып орнығуы не берді?
B. Астанадан басқа жаққа көшу мүмкіндігі ұсынылса, не істер едіңіздер?
C. Астананың бүгінгі келбетінің қалыптасуына өздеріңіз қандай үлес қостыңыздар, қоса бермекшісіздер?
D. Елге танымал ұлы тұлғалардың есімдері Астанада қалай көрініс табуын қалар едіңіздер?
E. Қандай тұрмыстық жағдайлар мен қалалық өмірдің көрініс табулары көңілдеріңізге жақпай жүр? Соларды жөнге келтірудің жолдарын көрсетер ме едіңіздер?
F. Шет елдіктермен, гасарбайтерлермен қарым-қатынас қалай болу керек?
1.1 Сауалдарға жауапты басқа емес, өзіміз берсек – бастапқыда...
A: Бірінші автор: бұрынғы Целиноград қаласының бүгінгі Астанаға айналуы жасампаздықтың өте сүбелі бастамаларын өмірімізге әкелді, дәлірек айтсақ: АқмМУ – Ақмола мемлекеттік университеті 1996 ж. Л.Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ – Еуразия ұлттық университеті болып, қайта құрылды, ал мен міне 10 жылдан аса осы ЖОО профессорымын, ЕҰУ 20-жылдығы қарсаңында университеттің мерейтойлық алтын төсбелгісіне ие болдым, ал университетіміз рейтингтік бәсекелестікте, яки әлемнің бетке ұстар 500 ЖОО арасында – QS World University Ranking рейтингісіне сай (11.05.2018 күнгі ресми мәлімдеме бойынша) 236-336 аралықтағы орынды иеленді (еліміздегі қарашаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен бірге) – бұл біз үшін аса үлкен мәртебе екенін мақтанышпен айтып қойғанымыз артық болмас; ТМД және әлем елдері шеңберінде есімдері әйгілі Мұхтарбай Өтелбаев, Жабайхан Әбділдин, Ғаділбек Шалахметов, Қаржаубай Сартқожаұлы, Мырзатай Жолдасбеков, Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Серғалиев, Рымғали Нұрғали, Қойшығара Салғараұлы, Сейіт Қасқабасов, Тұрлыбек Нұрахметов, Тұрдыбек Садықов, Рахметқажы Берсінбаев, Өткір Қабылбекова, Дәурен Ахметбаев, Мұратбек Арпабеков, Ерлан Сыдықов, Дихан Қамзабекұлы сынды әріптес-мамандармен бір білім шаңырағының астында қызметтес болғанымды мақтан тұтамын, олардың әрқайсысымен өмір өткелдерінің әр тұсында ақылдасып едім.
Екінші автор: мен осы жоғарғы мәртебелі Л.Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ білім ордасында білім алып, магистратураны тәмамдағаныма өте қуаныштымын.
Үшінші автор: мен еліміздің жүрегі һәм бас қаласына анаммен көшіп келіп, қызмет істеп жүргенімді зор жетістігім деп қабылдаймын.
Төртінші автор: мен де осы жоғарғы мәртебелі Л.Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ білім ошағын тәмамдаудамын, ал бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді.
B: Бірінші автор: ондай мүмкіндік берілген күннің өзінде – қатты ойланар едім; қызметтік жұмыс бабымен болмаса, ондайға бара қоймаспын.
Екінші, Үшінші, Төртінші авторлар: біз алған білімімізді ең алдымен сүйікті Астанамызға, сонан соң өз еліміздің, туып-өскен жеріміздің көркендеуіне бағыттап, сөйтіп біліктілігімізді арттыра берсек – деген ойдамыз.
C: Бірінші автор: ұстаз, ғалым ретінде шама-шарқыма қарай бір кісідей еңбегімді сіңіріп жүрмін деп айта аламын: Целиноградқа 1979 ж. көшіп келіп, ЦИҚИ – Целиноград инженерлік-құрылыс институтында 1993 ж. дейін, 1993-1996 жж. АқмМУ, ал 1996 жылдан бүгінге шекті ЕҰУ халық шаруашылығының сандаған саласына мамандар дайындауға, солардың ішінде оншақты аспиранттар мен оншақты магистрлар, мыңдаған жас мамандар мен бакалаврларды түлетіп ұшырдық және де осы қырық жылға тарта уақытта жүзге жуық пәндерді оқыттым – дей аламын; бүгінгі күнге 410 жарияланымым бар, солардың үшеуі монография, біреуі 3 тілдегі оқулық: «Теория пульсирующих характеристик и проблемы комплексного единомодельного описания процессов в кибернетических системах» (Ақмола: Ғылым, 1998. 250 б. 15 б.т.); «Гармония – неисчерпаемый источник бытия и вечный двигатель интеллекта» (Под ред. J.Smirnov. Palmarium Academic Publishing is a trademark of: Omni Scriptum GmbH&Co. ISBN 978-3-659-60170-5. 2015. Germany. 220 с.); «Өлеңнен өрдім поэма, арқаннан естім тәсілді. Инновация инновации рознь» (Семей: Printmaster, 2006. 250 б. 14,5 б.т.); «Жүйелер теориясының негіздері. Основания теории систем. Bases of Systems Theory. Оқулық» (Астана: ЕҰУ, 2011. 500 б.), мұндағы үшнші монографиям сүйікті Астанамыздың һәм Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті құрылғанының 10 жылдығына арналған еді, осы кітапта белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері досым Несіпбек Айтұлының Астанаға арналған ең алғашқы «Бәйтерек» поэмасын орыс тіліне тәржімалаған едім, сол келтірілген.
Екінші, Үшінші, Төртінші авторлар: біз алған білімімізді ең алдымен сүйікті Астанамыздың игілігіне жұмсай бастадық, бізге заманауи білім берген ұстаздарымызды жерге қаратпаймыз, - деп, астаналықтарды сендіре аламыз.
D: Бірінші автор: мен Елбасымыздың көшелер атауларын бірізділікке түсіріп, цифрлау – сандық нөмірлеу идеясын жалпы қолдаймын, дегенмен де, АҚШ пен Қазақ елі арасындағы тарихи-хронологиялық, діни-ділдік һәм әдет-ғұрып тұрғысындағы айырмашылықтарды ескеретін болсақ, онда ұлы бабаларымыз бен ел-жұртқа танымал тұлғалардың есімдерін ел төрі Астанада ескерткіш- тер тұрғызу, көше атауларын беру т.т. арқылы жаңғыртпасақ, елді мекендер мен қалаларға берме- сек – қалай ұлықтамақпыз ардақтыларымызды, АҚШ-та президенттерінен басқа ұлықтайтын баба дейтін бабалары болмағаны баршаға аян, бетке ұстар белгілі дегендері, негізінен, келімсектер екені ні де мәлім.
Екінші, Үшінші, Төртінші авторлар: біздер бұл сұрақта бас авторымыздың айтқанына толықтай қосыламыз.
E: Бірінші автор: әлбетте, «Мәскеу – бір күнде тұрғызылған жоқ!» деген қанатты сөз бар ғой; Астанамызға биыл небәрі жиырма жыл толатын болып жатыр; иә, жас та болса, бас қала болып өз ішімізде түгілі, бүкіл әлем жұртына әйгілі бола бастады және де әйгілі бола бермек те; дегенмен де, бас қаламыз басқа да астаналарда кездесе беретін кемшіліктерден мүлде ада – деп айта алмаймыз:
1) санитарлық, тазалық мәселесі: бұл істе алға ілгерілеу Елбасының ескертпелерінен соң оңала бастады: сағызды қалай болса солай жапсыра салу, темекі қалдығын, түкірігін, фантиктерді оңды-солды лақтыра салу, кафе, дәмханалар, дүңгіршектер, рұқсат етілмеген базарсымақтар ашық-шашық жататынын көріп жүрдік, қазір шүкіршілік – жағдай түзеліп қалды, дей тұрсақ та, ендігіде ең жоғарыдан мұндай ұсақ-түйекте нұсқаулар күтпей-ақ әкімшілік бар, мәслихат бар, ҮЕҰ, ҚҰ бар дегендей, халық болып жұмылу өте маңызды болмақ;
2) архитектуралық – сәулеттік, құрылыс мәселесі: бұнда да осы күнге шекті Елбасының тікелей араласуын мамандардың күтіп отыратындары таңғалдырады, шынтуайтына келгенде, ол кісінің талғамына сол мамандарымыз жете алмай келеді; оның үстіне бұл салада ұрлық-қарлық тыйылмай отыр – үлесшілірдің қаражытын қалтасына басып алып, шет елге емін-еркін шекара асатындарын қалай түсінуге болады, осы бізде ҰҚК деген бар емес пе, солардың тікелей парызы емес пе осыны тыю: бір емес, екі жекеменшік ұшағымен әбілазовшылар қалай шекара асады, сонда ондайлар Аспанды да Құдайтағаладан сатып ала ма(?)
3) қала көркі, абаттандыру мәселесі: Астананың бүгінгі салтанаты, бет-бейнесі, әлем алдындағы мәртебесі – Елбасының тікелей жемісті еңбегі, аса қажырлылық, табандылықпен жүзеге асырған жасампаздығы, ел алдындағы перзенттік, ұрпақ алдындағы әкелік қамқорлығы, сол үшін бәрімізден мың да бір алғыс, тағзым(!); еліміз үшін аса сындарлы да тағдырлы кезеңде бас қаланы жаңа орынға көшіру идеясын ұсынудан бастап, көркі әлемнің ең ғажайып деген заманның уақыт тезіндегі озық талаптарына сай етіп астана сомдауға дейінгі ерен еңбектің зейнетін болашақ ұрпақтар бағалай жатар және де бас автордың жеткізіп берген биіктігін аласартпай, сәулеттік шыңдарға шарықтата берсе екен дейміз;
4) комуналдық, тұрғын үй кешендік мәселесі: Астанадағы тұрғын үй салу – еліміздегі ең жоғарғы қарқында екені еш талас туғызбас; АҚШ-тан бастау алған әлемдік ипотекалық дағдарыстың аса ушыққан уақытына Астана тұрғызу дөп келгеніне қарамастан, қарқынды жылдан-жылға үдетіп, әсем қаламыз өзінің еш уақытта көнермес келбетімен жарқырап, қызылды-жасылды гүлзарлардан үлде мен бүлдеге оранып, электрленумен мың құбылған су бұрқақтардың самаласына шомып, кіршіксіз таң самалындай айналаны нұрға бөлеп шыға келді; осы арада кейбір әттеген-ай дегізер бір-екі жәйтті айтпай кетсек, көңілде кірбің қалып қойғандай болары да хақ: қала көшелерінде оқтын-оқтын болып тұратын кептелістер мен аулалардағы сыңсып жайғасатын көліктер үймелері – «құмырсқаның илеулері» дерсіз; бұның тағы бір қынжылтатыны аула ортасында кең сарайдай автотұрақ – автопаркинг болған күннің өзінде де жағдайдың түзелмеуі, мұндағы гәп – көлік тұрағы бағасының үстемелеп өсуі және қоғамдық мәдениеттің төмендігі болса керек; екінші келеңсідік – биылғы қыс басындағы астаналықтардың бастан кешкен ауа кеңістігінің шектен тыс ластануы; қыс қыса түскен күндері жеке меншік үйлердегі пешті жағудан, оған қоса қаладағы екі ЖЭО апандай мұржаларынан органикалық отынның жануынан ауаға тарайтын күл-қоқыс төбемізді тұмшалап, демімізді тарылтқаны жасырын емес, тіптен, сол күндері Алматы смогтарымен көшіп келгендей әсер қалдырғаны да рас; осы құбылысты саралай отырып, мен XXI ғасыр үшін һәм сүйікті Астанамыз үшін өз ішімнен ұялып жүргенім де шындық; сонда ойлағаным: сонау ықылым замандарда жартылай тағы, жартылай есті адам баласы өзіне жау жабайы табиғат ортасынан өртенділерден қалған қоламтадан бастау алған, қолына түскен жанатын заттарды, кейінірек қазба органикалық отындарды талғаусыз, мөлшерсіз жаға беретін экстенсивті жылыту жүйесін (ЭЖЖ) пайдаланудан арыла алмай, бүгіндері «жылымық ерен құбылысқа» әкеп соқтырып отырған тәсілден айырылғысы келмеуі алаңдатады; бүгіндері астаналықтар «газ келеді!» деп, бөріктерін аспанға лақтыруда; айтарым: «оу, жерлестер, газың да – органика, оның да өсер бағасы демекші, өрт, жарылыс қауіптілігі демекші, адамның улану зияны дегендейі тағы бар; осынау жағдайдан мүлде құтылатын жол бар ма – деген сұрақ туындауы өте заңды емес пе(?)»; менің белсенді тобым бұл сұраққа нақты жауап та тауып қойған, тіпті кешегі «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмеміз «Болашақ энергиясы» үндеуімен ұрандап өткізілді ғой; ендеше, неліктен көптен бері ұсынылып, экономикалық тиімділігі, экологиялық кінәратсыздығы, өртке, жарылысқа қауіпсіздігі, БЭК жұмыс істей алатындығы дәлелденген интенсивті жылыту жүйесіне неге түбегейлі көшпеске; оны біздер ИЖЖ деп атадық, осы және де басқа осыған ұқсас инновациялық тәсілдер (мысалға, СЯС – салқын ядролық синтез, найзағай қағидасына негізделген ЭГЖ – электрогидравликалық жылытқыш – көпіршік-атар термокамераға негізделген) ЭЖЖ және ЖЭО мүлде арылуға мүмкіндік береді (ол туралы қала әкімі, жауапты құрылымдар біледі!);
5) қауіпсіздік, сыйластық, мәдениеттілік пен рухани жаңғыруға қосар үлесі:
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» Елбасы мақаласында: «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек; бұл жердегі «мәдениет» ұғымы кең көлемді қамтитын түсінік екені белгілі, бірақ, кез келген өзен бұлақтан басталмай ма, жоғарыдағы қоғамдық мәдениет дегеніңіз сондай бұлақтың бірі емес пе, ал күнделікті тіршілікте негізінен сол қоғамдық мәдениеттен сүрініп жататынымыз бар; сондықтан да, Астана осындай кішігірім, бірақ қолданыс аясы күнделікті алдымыздан шығатын орындарда қалыптастыруы абзал, өйткені Астана бүкіл елдің катері іспеттес, ал Қазақстан – тіркемедегі ұлан-ғайыр баркас, міне, сондықтан да бас қалада қандай мәдениет райы, сол ел аумағына бірден таралады; ел ауқымында қалыптасып бекіген, сіңіскен мәдениет үрдістері жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет болып әлемдік аренаға жол табады, тіпті жаздағы «ЭКСПО-2017» шарасы кезіндегідей шет елдіктер өз аяқтарымен келіп, соған тәнті болады, бір келген адам тағы-тағы келгісі келіп тұрады; бұл жерге қосып айтарымыз: қауіпсіздік, сыйластық – жалпы мәдениеттен мән-мағынасы жағынан еш кем соқпайтын нәрселер, қалалық жас-кәріге де, ізгі ниетпен келуші қонақтарға да қажеттілігі бірдей құнды қала қасиеттеріі; ақынның сөзімен айтсақ:
...Бүтінге сызат түссе сынады оңай, Біріңді-бірің сыйла ғұламадай. Бұйырды өз төрлерің өздеріңе, Баспалап босағадан сығаламай. |
|
|
Салынып жатқан шаһар кең далаңа, Сыйласын асыл мұрат әр балаңа. Азаттық астанасы аталады, Қазақтың астанасы сонда ғана!.. |
осы «Бәйтерек» поэмасында Несіпбек Айтұлының тұспалап айтайын дегені де біз уағыздап отырған адамдардың өзара сыйластығы, содан туындайтын қауіпсіздік.
Екінші, Үшінші, Төртінші авторлар: біздер бұл сұрақта да бас авторымыздың айтқанын толықтай құптаймыз және де уағыздарына, ұсыныстарына қосыламыз.
F: Бірінші автор: өнер, білім һәм мәдениет салалары бойынша шеттен келетіндер академиялық қауымдастық адамдары деп қабылданса, олардың жөні бөлек – жүріс-тұрыстары белгілі бір шеңбер аумағынан аумайды, олармен онша көп мәселелер туындамайды; дипломатиялық арналармен ресми шақыру түрінде келетіндерді өздерінің белгіленген маршруттарынан тысқары көрудің өзі қиын; неше түрлі жағдайлар гасарбайтерлер тарапынан туындап жатады; Астана жаңа салына бастағанда Түркия азаматтыры қаптаушы еді, тіптен тайраңдап, өз жұмысшыларымызды шетке итеріп, өркөкіректік керсетуден де тайынбайтын; осындай келеңсіздіктерді естіп те, көріп те жүрдік; азаматтарымыз ондай ғұлама ғимараттарды салмақ түгілі, көздерімен де көрмеген, сондықтан шыдамдылық танытып, артын бағуды жөн санап жүрді; енді міне «Абу-Даби плаза» құрылысына Индия, Пәкістан және басқа да Азия елдерінен сондай шеттен келген жұмысшылар әңгір-таяқ ойнатуды әдеттеріне айналдырып алғанға ұқсайды; жалпылай айтсақ, осы жерде Арабия елдерінің гасарбайтерлермен және шет елдік келімсек фирмаларымен жұмыс қатынастарын орнату тәртібін ескере жүрген дұрыс па деп ойлаймын: оларда бұндай жұмысшы контингентін тайраңдатып қою былай тұрсын, келісім шартта көрсетілген пайыздық мөлшерден жергілікті жұмысшы бір аламға азайып кетсе, инспекторлары келіп, ондай еншілес фирманың жұмысын тыйып, өздерін елден қуып жіберетін болған;
«өй, сендердің қара жұмысшыларыңның білімі мен біліктілігі жетпейді!» – дейтін шет елдік шіренгендерге, онда «оқыт, үйрет, - үйрете алмасаң – еліңе кет!» – деп, қайырады екен арабтық қожайындар; біздің адамдар кейде қонақжайлылықты жалпақшешейлікке айналдырып, келімсектер- дің алдында құрдай жорғалап кететіндігін қайтерсіз; мен бұл арада екі жақтың арасына іріткі салу- дан аулақпын; тек қанша уақыт ләппайлыққа салынамыз: «өзін өзі сыйламаған – қалай біреуге өзін сыйлата алмақ?!»
Екінші, Үшінші, Төртінші авторлар: біздер бұндай сұрақты талқылауға әлі жасымыз да, еңбек тәжірибеміз де жетіңкіремейді, сондықтан профессор ағамыздың ой топшылауларын дұрыс деп есептейміз; «жорғалап жүруге жаратылған – ешқашан ұша алмайды!» – деген нақылды бәріміз есте ұстасақ игі.