2021 жылдың көктемінде жолдасым екеуміздің қарапайым кешкі шәй үстіндегі әңгімеміз өзіміз күтпеген шешімге әкелді.
— 1-2 жылға Алматыдан көшіп кетсек, қалай болар екен?
— Мысалы, қай жерге?
— Білмеймін. Картаны ашайық та, көзімізді жұмып тұрып, саусағымызбен түртіп қалған алғашқы нүктеге.
— Хех, Сенегалдың бір жерінде отты айналып билеп жүрмейік, белімізге шөп байлап…
— Мадагаскарға түсіп қалып, баобабтың түбінде лемурлармен бірге әндетіп тұрсақ дейсің ғой тағы? I like to move it, move it деп
— Соны айтам. Сен де қайдағыны айтып…
— Жоқ. Қазақстанның ішінде дегім келген.
Оның бұл әңгімесі әзіл ме, ұсыныс па, оны бағалап үлгермедім. Әртүрлі әңгіме айтып отырғанда мұндай ұсыныс аса шынайы көрінбеді. Бірақ Қазақстанның ішінде деген соң, төркінім Қызылордаға, көшіп кетпесек те, барып келсек деген ой қылп ете қалды. Мүмкін Алматы облысындағы өзінің туған ауылына баруды ұсынар ма деп те ойладым.
— Қызылордаға да, біздің ауылға да бармаймыз, — деді ол, менің ойымды оқып отырғандай.— Қазақстанның ішіндегі ешқандай танысымыз жоқ, ешқашан барып көрмеген жерге барайық.
— Және Алматыдан ең алыс жер болсын, — деп мен де қаңғып жүрген ойымды айтып қалдым. Абсурдты идея болса да, қызық болып көрінген бұл әңгімеге менің де ынтам ауа бастады. — Алматыда жүріп, Алматыны сағыну мүмкін емес. Жақын жерде жүрсек, келіп алу ықтималдылығы жоғары.
— Дұрыс айтасың. “Сағынбай барсаң, таулар да сенің алдыңнан шықпас атқақтап…” дегендей. Оның үстіне бізді Алматыда ұстап тұрған себептер де көп емес.
— Иә.
— Онда шамамен батыстағы облыстардың бірі болады, — деді біраз талқылаудан кейін. Сосын батыстағы қалалардың климаты, архитектурасы, көлемі жайлы айта бастады.
Содан кейін, біздің барлық критерийлерімізге сәйкес келетін Орал қаласы екенін түсіндік. Ешқашан барып көрмегенбіз, ешкімді танымаймыз, Алматыдан ең алыс нүктелердің бірегейі.
— Жоқ, — деді ол сәлден кейін, — Оралдың өзіне бармаймыз. Оралдың айналасынан бір кішкентай елді мекен тауып алып, соған барамыз, — деді де Google картасын ашып, Оралдың айналасындағы ауылдардың аттарын тізбелей бастады: Жәнібек, Тасқала, Шыңғырлау… Әрі қарай орысша атаулы ауылдар алдымыздан шыға берген соң, не де болса, орыстар көп тұратын ауылдар болар деп ойладық.
— Чапаев, Круглоозерный, Серебряково, Трекино…
— Қазағынан гөрі, орысы көп ауылдар сияқты ғой, атауына қарасаң, — дей беріп едім:
— Тіпті жақсы! — деп арқаланып кетті ол. — Сол жақтарға барамыз. Қазақтың үлесі бір отбасыға болса да арта берсін.
Алғашқы таңдауымыз Круглоозерныйға түскен. Алайда интернеттегі мәліметтерден оның басқа ауылдарға қарағанда үлкендеу, халық көп шоғырланған округ орталығы екенін біліп, оған 5 шақырым жердегі шағын Серебряково ауылына баруға шешім қабылдадық.
— Енді біз өзіміздің қандай тәуекелге бара жатқанымызды ойланып үлгермей, көшіп кетуіміз керек, — деді содан соң.
Сөйтіп, сол түні Оралға билет алдық та, 3-4 күн ішінде барлық дүниемізді буып-түйіп, ол заттар Оралға жеткенше, біз де жетіп қаламыз деген есеппен, логистикалық компания арқылы заттарымызды салып жібердік. Пәтерімізді жалға беріп, өзіміз балалардың киімі салынған екі сөмкемен ғана жолға шығуға тас-түйін дайын отырмыз…
1911 жылғы үй
Біз кететініміз туралы ешкімге тіс жармадық. Тіпті жақындарымыз да бұл жайттан бейхабар еді.
Оралға ұшып келген соң, бірден Серебряков ауылына жол тарттық. Интернет арқылы алдын ала тауып қойған үйлердің бірін жалға алмақшымыз. Бірнеше үйлерді қарағаннан кейін, ұсынылған нұсқалардың өзара айырмашылығы жоқ екеніне көзіміз жетіп, жер телімі көбірек 1911 жылы бай казактар салған үйге тоқтатадық. Яғни үйдің салынғанына дәл 110 жыл болған.
Әлбетте Алматыдан кейін, мұндай үйге кеп тұру, белгілі бір деңгейде диссонанс туғызары анық. Іші үйге қарағанда мұражайға көбірек ұқсайтын бұл ғимараттың энергетикасы қызық көрінді.
— Сендер бұл үйден қорықпаңдар, — деді бізге үйді таныстырып жүрген жасы 70-тен асқан орыс апа. — Бұл үй қаншама уақыттың сынынан өткен. Сендерге де пана бола алады. Байқасаңдар үйдің мына бір бөлмесі кейін қосылған. Ол жақ өте жаңа.
— Ол бөлмесі қай жылы қосылған сонда?
— 1964 жылы қосылған. Жап-жаңа.
Күлкімізді әрең тыйдық. Жаңа деген бөлмесінің өзіне жарты ғасыр болса, апамыздың уақыты 1965 жылмен тоқтап қалған болар деп ойладық. Бізге ұнағаны үйдің жер телімі өте кең әрі топырағы құнарлы болғаны. Ойлана келе, таңдауымыз осы үйге түсті. 2-3 күн өткеннен кейін логистикалық компания өкілдері Алматыдан заттарымыздың жеткенін хабарлады.
Жұмысымыз тек интернет арқылы болғандықтан бірінші интернет орнаттық. Үйді жинап жүріп арасында революцияға дейінгі монеталар тауып алған жағдайлар көп кездесті. Бұл 1915 жылғы мыстан жасалған Ресей империясының монетасы.
Кейін білгеніміздей, бұл үйде сол дәуірдің ең бір дәулетті адамдарының бірі тұрған. Негізінен бұл ауылдағы үйлердің жоспарлары өзара өте ұқсас. Кей үйлер біз тұрған үйлерден де ертерек салынған болса керек, өңі қатты ескірген, десек те бұл үйлерде де тіршіліктің дәмі бар. Бос тұрған үйлер сирек. Тіпті жоқтың қасы.
Ешкінің сүті
Ал біз барлық тұрмыстық мәселелерді шешкеннен кейін, өміріміздегі кезекті тәжірибенің дәмін тату үшін жаңа істі қолға алдық.
Жалға алған үйіміздің жер телімі өте кең еді. Енді осы ресурсты барынша толықтай пайдалану үшін ауыл шаруашылығымен айналысамыз деп, шағын отбасылық көлік сатып алдық. Бұл біздің алғашқы көлігіміз еді.
Көлік ала салған күні ауылдан 20 шақырым шалғайдағы бір фермадан барып, Орынбор тұқымды сүтті ешкі сатып алдық. Лағымен бірге. Ешкінің өзі қап-қара түсті болғанымен, лағы қардай ақ еді. Балаларға ерекше ұнады. Біз алған ешкі күніне 3 литр сүт беретін. Сондықтан балаларға күніне бірнеше рет сауып, пісіріп беріп жүрдік. Алғашында “ішер ме екен” деген күдігіміз бекер болыпты. Олардың сүтті құшырлана ішкенін қарап біз де мәз болысып қалдық.
Жылыжай салу
Біздің негізгі ойымыз, бос жерге толықтай егін егу болатын. Жай ғана егін емес, арнайы жылыжай құрылғыларын алып, көкөністер, оның ішінде қызанақ пен қияр өсірмекшіміз. Яғни машақаты да, рақаты да жеткілікті жұмыстарымыз енді басталмақ. Жаздың ортасынан асқан кезде біздің жылыжайға арналған материалдарымыз дайын болып, оларды жерге орнатуға өте көп уақыт пен күшімізді жұмсадық. Темірлері әрі ауыр, әрі ыңғайсыз болғандықтан, біраз тер төгуге тура келді. Процесс осылай басталды.
Барлық жылыжайды орнатып, су жүру жүйелерін құрастырып болғанша, жаздың соңы да таяп қалды. Шындығында жерді өңдеп, оған көкөніс тұқымдарын егу сәл кештеу еді. Шамамен 20 күнге кешігіп қалдық. Мұны, әрине, біз өзіміз білген жоқпыз. Көкөніс тұқымдарын сататын, көптен бері осындай іспен айналысып жүрген тұқым сатушы Сергей аға айтты.
— Қазір сендер еккендеріңмен қиярдың жапырақтары тек 20 күнде ғана көріне бастайды, — деді ол. — Ол кезде қыркүйектің де аяғы көрініп қалар. Олар өсіп, бой алдырам дегенше, қазаның өтіп, қараша болады. Сендер өзі, бұл жақтың адамдары емес сияқтысыңдар. Біле білсеңдер, мұнда қыс қатты болады. Қараша басталмай қыс басталып кетуі, бұл жақта қарапайым құбылыс. Сондықтан сендердің тәуекелдерің өте жоғары. Дұрысында ақпан айында тұқым алып, оның сабағын шығарып, наурызда егіп бастасаңдар өнімді тез аласыңдар. Келесі жылы сонда бір жылда кемінде 2 рет, тіпті 3 рет егіп үлгересіңдер. Мені тыңдайтын болсаңдар, биыл екпеңдер.
Біз әрине, ол кісіні тыңдамадық. Өскенде ұзындығы 8-10 см болып шығатын, банка жабуға ыңғайлы қиярларды таңдайық деп, “Минари” фильміндегідей минари өсімдігін екпесек те, “Меренга” сортты қиярдан көбірек алып алдық. Интернеттегі “Қазір егуге болмайды” деген тегін ақылдарды да қыстырмадық. Не де болса, тәуекел деп бастап кеттік.
— Егеміз!
— Иә.
Уақыттың тығыздығынан және жерді өте жақсы өңдеген себепті тұқымды бірден жерге салдық. Стақандарға салып, жеке өсіріп алуға уақыт жоғалтқымыз келмеді.
Арада біраз уақыт өткен соң, салған тұқымдарымыз жап-жасыл болып көріне бастады. Мыңдаған түп қиярымыздың 90 пайызының басы көрінгенде қуанғанымнан көзіме жас ұялады. Өмірімізде бірінші рет осындай керемет тәжірибені бастан өткергендегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Тағы біраз уақыт өткеннен кейін барлық қиярларымыз өсіп, алғашқы түйнектері шықты. Бұл кез расында да күннің суыта бастаған кезі еді. Барлық көкөністерге күнделікті қарап, оларды күтіп жүргеннен кейін оларға қатты бауыр басып қалдым. Кез келген бір түп қияр сәл ауырып қалса, немесе жапырағының сарғайып қалғанын көрсем, көңілім елең-алаң болып кететін еді. Себебі мен үшін олардың әрбір түйірі өте ыстық болатын.
Осылай күтіп-баптап жүргенде қиярларымыз толықтай шығып, кей түптері жинап алатындай болып өсіп қалған. Тіпті алғашқы егілген түптерінің өнімдерін шетінен жинап, шамамен 100-150 кг өнім алғанда қалай мәз болғанымызды көрсеңіз…
Алайда, бір күні күтпеген жерден ауа температурасы бірден -9 градусқа түсіп кетті де, жылыжайдағы көкөністер үшін мүлдем қолайсыз жағдай туындады. Бұл бізге едәуір соққы болғанын жасыра алмаймын. Біз барымызды салып, қиярларымызды құтқару жұмыстарына кірістік. Бірақ күн сол суығаннан қайта жылыған жоқ. Бұл қараша айының орта кезеңі еді…
Өкінішке қарай, ондаған тонна қиярымызды толықтай құтқару мүмкін болмады. 4 жылыжайдың екеуінде ғана жылу жүйесі болғандықтан, қалған екеуінің қиярлары толықтай үсіп қалды. Тіпті жылуы бар теплицалардағы көкөністердің, бәрін болмаса да, бірталай бөлігін үстіріп алдық. Нәтижесінде жоспардан екі есе төмен өнім жинап, жалпы инвестициямыздың белгілі бір бөлігін өндіруге жетті. Бұл жағдай біз үшін үлкен сабақ болды. Әлбетте әу баста біздің мақсатымыз табыс табу болған жоқ. Орын алған жағдайға релистік көзқараспен қарап, бәрін салқынқанды елеп-екшеп, осыдан не болар екен деп бастаған қарапайым тіршілігіміз еді бұл. Әлбетте істі бастарда үлкен энтузиазм мен осы іске деген махаббатымыз және шектен тысқызығушылығымыз бәрінен биік тұрды. Тіпті дәл уақытында екпегендіктен қандай тәуекелге барып отырғанымызды да түсіндік. Сондықтан осы кезеңде жинаған тәжірибемізді келесі жылы пайдаланамыз деп, қыстан кейінгі мезгілге бірден дайындықты бастап кеттік. Сәйкесінше келесі 2022 жылғы егіс науқанымыз мүлде бөлек нәтижелер алып келді. Бірақ бұл жолы біз қияр ғана емес, қызанақтың 5 түрлі сортын қатар ектік. Бірақ ол мүлде басқа жазбаны қажет ететін бөлек әңгіме…