Білекті бірді жығады

Білекті бірді жығады
жеке
блог

   "Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады" демекші, бүгінгі жаһандану заманында өз орнын тауып, кез-келген өзгерістерге бейімделген, білімді де дарынды тұлғаны қалыптастыру мақсатында елімізде түрлі іс-шаралар өтіп жатқаны белгілі. Сондай іс-шараның бірі - Алматы қалалық "Жас Ұлан" бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қолдауымен меңгеруші Насирова Қарлығаш Сәулебекқызы мен жасұландықтардың ұйымдастырған - "Мен - патриотпын" атты зияткерлік сайысы.

   Сайысқа қаламыздың әр аудандарынан дарынды балалардан құралған командалар қатысып, өз бақтарын сынады. Жарыс орыс-қазақ тілдерінде өтіп, "Тарих білгірлері", "ҚР мемлекеттік рәміздері", "Қазақ халқының салт-дәстүрлері", "Кім айтқан?", "Мен сізді білемін" атты 5 кезеңнен тұрды. Зияткерлік сайыстың шарты бойынша сұрақтардың жауабын бірінші болып тапқан команда түрлі-түсті жалаушаларды көтеріп, нақты жауапты айтуға тиіс болды. Әр кезең бойынша қатысушылар жұмбақтардың шешімін тауып, қойылған сұрақтарға жауап беріп, сәйкестендіру тапсырмаларын орындап, өз білімдерін көрсетті.

    Жарыс соңында қазылар алқасының құрамында болған Алматы қалалық "Жас Ұлан" ұйымының хатшысы Қожамбір Ғалым Маратұлы жеңімпаз командаларға мадақтамаларды табыстап, оқушыларға өз ризашылығын білдірді. Оқушылар сарайы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сырлыбаева Ақерке Асқарқызы мен "Мәңгілік ел" мұражайының меңгерушісі Тагильцева Елена Дмитриевна әр топқа жеке пікір айтып, кітаптарды сыйға беріп, ақ тілектерін жаудырды.

   Командалардың ішінде ерекше белсенділік танытып, бірлігі мен білімінің арқасында көзге түскен Алатау ауданының командасы 1-орынды иеленіп, Медеу ауданы 2-дәрежелі дипломмен марапатталып, Түркісіб ауданының қатысушылары 3-орынды қанжығаларына байлады. Қалған командаларға сертификаттар беріліп, ынталандыру сыйлықтары табысталды.

    Сайыс жоғары деңгейде әрі тартысты өтті деп сеніммен айтуға болады. Оқушылардың білімдері одан әрі жоғарылап, бұдан да биік шыңдарды бағындыратынына сенімдіміз.