Берік отбасы – есірткіден алыс!

Берік отбасы – есірткіден алыс!
жеке
блог

Дүние есігін ашқан әрбір адамның жаратылысы әртүрлі және әрқайсысы өмірде  өз таңдауын жасайды. Бірақ, барлық жан иесінің арманы біреу, ол – бақытты ғұмыр кешу. Осы бақыт жолында әркім өз жолын, бұрылысы мен құрылысын өзі қалайды. Әрине, «мөлт» еткен бақыт жолында қателікке бой алдыратынымыз тағы бар. Тағдырдың сыны мен сынағына шыдамай, шытынап кеткені қаншама...

Сол қателіктердің ең сорақысы – есірткі. Бұл жолды таңдаған адамдардың жолы жақсы болмасы анық. Бұған кім кінәлі, қоғам ба, әлде адам ба?! Шыны керек, адамның бұл жолды таңдауы – көңілден тыс қалуы, өмір үшін күрестегі әлсіздік және қиындықтарын бөлісерге жақынының болмауы. Өзін өмірден өгей көрген адамның оңай жолды таңдауы айтпаса да белгілі. Ол соның көмегімен өзінің мықтылығын, тәуелсіздігін және «күштілігін» дәлелдемек. Бірақ, бұл – қателік. Осы көкіректік оның өміріне балта шабады. Күн өткен сайын, адамгершілігінен айрылған хайуан адам ортасынан алыстап, сол есірткінің ізінде кетеді. Сәл қиындыққа қарсы шығып, «жоқ» дей алғанда, өмірдің ләззатын, жарқын түстерін жоғалтпас еді.

Өзін басқаруға ырық берген адамның бұл қиындықтан шығуына жанашыр туыс-туғаны мен достары ғана көмек көрсете алады. Ең бастысы, адам мұны ақыл, жүрек «сүзгісінен» өткізіп, саналы түрде өздігінен бас тарта алуы тиіс.

Менің отбасым түбегейлі «есірткі» атауына қарсы. Өмірдің ақ пен қарасын айшықтап, ненің жаман, ненің жақсы екенін айтып отыратын ата-анамның тәрбиесі – осы. Әрбір ата-ана баласына «мынаны істеуге болмайды», «жоқ» деп бетін қақпайлай бергенше, себебін ашып көрсетуі тиіс деп ойлаймын. «Ит қорыған жерге өш» деп қазақ мақалы бекер айтылмаса керек-ті. Балаға тіс жармай, өмір өзі үйретеді деу – үлкен қателік. Өмір үйретсе оңдырмайды, өйткені, өмір сабағы қатал.

Отбасы – ол шағын мемлекет десек, оның да өз заңдары мен өз үкіметі бар. Қандай жағдай болмасын, отбасың сенімен бірге. Өз «Отаныңның» атына дақ келтірмей, абыроймен көтеріп жүру – ата-ана алдындағы борышымыз. Менің досым, «әрбір қазақ менің жалғызым» десем, сенің де зиянды заттардан аулақ болғаныңды қалаймын. Саған үзікпен сыр айтушы,  Тулеуовтар отбасы.

   #ҚЗОПДЕҚҚІҚБбайқауына

   Байқоңыр қаласы

   №275 орта мектеп

   7 сынып оқушысы

   Тулеуова Рабия Кайратовна

   Тулеуовтар отбасы