Байқауға қатысушыларға арналған арнайы тапсырмалар
блог
Массагет порталы ұйымдастырған «Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!» байқауының соңғы аптасы да келіп жетті. Жарыс басында хабарлағанымыздай, бүгін біз байқауға қатысушыларға арналған арнайы тапсырмалар ретін жариялағалы отырмыз.
Қатысушылар алдарына қойған мақсаттарына орай блогтарын жариялап отырды. Көзі қарақты оқырмандар байқауға қатысушылардың үнемі жарияланған блогтарына сүйсініп жүрді.
Аспазшыларға арналған тапсырмалар:
Жангүл Алмас – «Кемеңгер»
Гүлсезім Әйтімова – «Кемеңгер»
Рысгүл Қазбекқызы – «Кен»
Әсел Аққалиева – «Кен»
Аяжан Каримова – («Кен»)
Аспаздар арасындағы сайысқа қатысушылар авторлық мәзір жасайды. Жасайтын тағамы кемінде 5 суретпен түсіндіріледі. Тағамды неден және қалай жасайтыны өз еркінде. Тек бұрын-соңды жасалмаған болуы тиіс. Интернет, газет-журнал беттерінен алынған мәзірді дайындауға тыйым салынады. Мұның барлығы тексеріледі. Мұнымен қатар, әзірленетін тағамына ат қойып, оның шығу тарихын ойдан құрастырады. Мәтін кем дегенде 1 500 символдан құралғаны жөн. Түсірген суреттерін фотошоппен өңдеп, коллаж жасауына болады. Бағалау барысында қатысушылардың мүмкіндіктері әртүрлі болғандықтан, суреттің сапасы ескерілмейді.
Жасалған тағамдарға аспаз мамандар баға беріп, ең үздік мәзірді әзірлеп, сайтымызға жариялайтын боламыз. Бағалау барысында тағамға ғана емес, оның сөзбен, суретпен жеткізе білуіне де мән беріледі.
Кітап оқу мақсатын алға қойғандарға:
Әсем Жолдасова – «Кемеңгер» – Ең үздік 5 пьеса
Айнұр Мейрбек – «Кемеңгер» – Ең үздік 5 ертегі
Ақниет Жаманқұл – «Кемеңгер» – Ең үздік 5 повесть
Ақмарал Канал – «Кемеңгер» – Ең үздік 5 роман
Сайысқа қатысушылар арасындағы кітап оқуды мақсат тұтқандарға көркем әдебиеттің үздіктерін анықтау тапсырылады. Өзіңіз бұрын оқып, қанық болған шығармаларыңыз ішінен 5 үздік туындыны атайсыз. Блогыңызда не себепті ол шығарманы таңдағаныңызды жазасыз. Әр шығармаға қоғамдағы құндылығы, оқырманға берер пайдасы, тәрбиелік мәні тұрғысынан сипаттап, бағалайсыз. Таңдаған шығармаңыздың өзектілігі, жазған мәтініңіздің (1500 символдан кем емес) тілі шұрайлылығы, орфографиялық-пунктуациялық сауаттылығы ескеріліп, әділ қазылар өз бағасын беріп, қорытынды шығарады.
Тоқу өнерін үйренгісі келгендерге:
Әселханым Ғайнеден («Кен») – Гүл немесе дөңгелек кілемше тоқу
Назима Юлдашева («Кен») – Гүл немесе дөңгелек кілемше тоқу
Жекелей тапсырмалар:
Томирис Есқали («Кемеңгер») – сурет салу
Томирис – сурет өнерін таңдаған қатысушы. Байқау барысында сурет салып, қабілетін көрсетіп, суреттерін жариялап отырды. Оған берілетін тапсырма: мұқабасына сурет салынбаған қазақ әдебиетінің туындыларының бірін таңдап, сыртқы бөлігінің көрігін ашатын сурет салады. Яғни, кітаптың сыртқы мұқабасын жасайды. Оны кітаптағы оқиға, айтылар оймен ұштастыра білуіне баса мән беріледі. Одан кейін сурет салу шеберлігі бағаланады.
Аяулым Алмас («Кемеңгер») – ойдан ертегі құрастыру
Аяулым – байқаудың ең жас қатысушысы. Балалық қиялмен өрілген ертегілерін асыға күтеміз.
Ақжарқын Нұрлан («Кемеңгер») – би билеу
Байқауға қатысушы биші ару үнді биін билеп, видеосын жолдайтын болады.
Зарина Мәлік («Сәйгүлік») – ҰБТ-ға дайындық есебі
ҰБТ-мен қосып жүргізе алатын маңызды істердің тізімін жасайды, оған қоса «ҰБТ-ға дайындалуға уақыт жетпейді» деген сөзді теріске шығарып, блог жариялайды.
Үкілай Алмас («Сәйгүлік») – ән жаттау
«The Beatles» тобының «Yesterday» әнін жаттап, оны видеоға түсіріп жариялайды.
Жанерке Зекей («Сәйгүлік») – видеоблог түсіру.
Байқауға қатысушылар 26 тамызға дейін үш блог жариялауы тиіс.
бірінші – осы берілген жеке тапсырмалар бойынша;
екінші – "Массагет порталына 5 жыл" тақырыбында өз фантазиясы бойынша кез келген жанрда (поэзия, проза, қолөнер, өнер) жазба жариялау;
үшінші – байқау басталғалы жазған блогтары бойынша, мақсатына қаншалықты жеткенін пайыздық көрсеткішпен есептеп, "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет" байқауынан және жетекшілерінен не үйренгенін, байқаудың жақсы-жаман жақтарын қорытындылап жазады.