Байқау нәтижесі туған күнімде жарияланатынына қуаныштымын! (Қорытынды блог)

   Байқау нәтижесі туған күнімде жарияланатынына қуаныштымын! (Қорытынды блог)
жеке
блог

2 айдан бері болып жатқан байқау да өз мәресіне жетуге таяп қалды. Шын жүйріктер анықталатын додада бағы мен бабы келіскен қатысушылар өз бақтарын сынауда. 2 ай бұрынғы сәт пен 2 айдан кейінгі сәтте айырмашылықтар жер мен көктей. Мен өзіме керекті нәрселердің бәрін қабылдадым. Мысалы, мен осыған дейін блог жазуды білмейтінмін. Қарлыға апайымның арқасында оны да меңгердім. Әр аптаның дүйсенбісі мен сәрсенбісін күтуші едім. Сол күндері блог жазып, массагетке жариялайтынмын. Анам да үнемі «блогыңды шығардың ба?»-деп, қадағалайтын. Уақыт та зымырап, жазғы демалыс та бітіп, байқау да межелі уақытқа таяп қалды. Бұл байқау мен үшін практика болды. Мен бұған дейін айтқан мақсатымда журналист болуды армандайтынымды жазған болатынмын. Осы байқау сол арманымды орындауға сәл де болсын септігін тигізді. Неге десеңіз, әр блогты оқыған сайын, жазған сайын мен өзімнің тілдік қорымды байытамын және осы бастан журналист болуға ысыламын. Маған берілген арнайы тапсырма да журналист болуға жол сілтейді. Себебі, рейфер дайындаған тапсырмада маған қоғамда болып жатқан түйткілді мәселені қарап, айшықтап, оның қоғамда бар екенін дәлелдеу болды. Мен бұл тапсырманы орындап шықтым. Енді, бәрін саралап, осы кезге дейінгі мақсатымды алға қойып, қайсысына жеттім, қайсысына жетіп үлгере алмағанымды қарап шығайын. Менің жазғы каникулда қойған мақсатым:

1) Ағылшын тілін меңгеру;

2) Торт пісіру;

3) Лагерьде демалу болатын.

Ал, журналист болу – бұл менің алдағы уақыттағы мақсатымның бірі және 9-сыныптың сынынан аман-есен өтіп, «Үздік куәлік» алу. Енді осы шыңдарды бағындырамын деп ойлаймын. Мақсатымның 2 сатысынан өтіп, 3-сатысына беттеп келе жатырмын, яғни ағылшын тілін меңгеруге бет бұрудамын. Ал, торт пісіруді мен үйрендім. Жазғы тынықтыру лагерінде де болдым. Массагет менің мақсатыма жетуіме көмектесті. Осындай байқауға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Бұндай байқаулар алдағы уақытта да ұйымдастырылса екен деп тілеймін. Байқау нәтижесі 1 – қыркүйекте анықталатынына қуанамын. Себебі білім күні 1-қыркүйекте дәл салтанатты жиын болып жатқан сәтте, таңғы 09:00-де дүние есігін ашыппын. Сол себепті байқау нәтижесінің анықталу уақыты дәл менің туылған күніммен тұспа – тұс келетініне қуаныштымын.