Басқаларды үйрете жүріп біз өзіміз үйренеміз. Луций Анней Сенека

       Басқаларды үйрете жүріп біз өзіміз үйренеміз.  Луций Анней Сенека
жеке
блог

Сәлем "Массагеттіктер"!

Менің бүгінгі жазбам мен үшін де сіздер үшін де ерекше болатынына сенемін.

Өмір. Қандай керемет ия?! Ойланып отырсаң ойдың шырмауында шырланасың. Ал мен қазіргі кездегі тұрсам да, күлсем де, жыласам да есімде бары тек ҰБТ деген махаббатым. Менің өмірім осы сынақпен тікелей байланысты екен, ойланып бақсам. Мен өзімді салынып жатқан ғимарат секілді көремін. ҰБТ менің көзге көрінерлік ең әдемі қабырғам болғалы тұр . Егер ол жақсы салынып бітсе, жұрттар маған қарап қызығады-мыс. Бірақ менің бүгінгі жазбам ҰБТ мен бірге жүре алмайтын, жүрсе де бір біріне уақытты қия алмайтын, қиса адамды қинайтын, бір көрсең сезіміне мас болатын, ол ауру секілді, ешқашан айыға алмайтын керемет дүниеге арналады!

Мен өзімнің алдыңғы жазбаларымда қыздар анасына, ұлдар әкесіне қарап өседі деген едім. Бірақ өзімнің әкеме қарап өскенім бе, кім білсін, дегенімді жасамай тынбаймын.

Менің әкем өзінің өміріндегі барлық болған жайттарды айтатын. Үйдің тұңғышы болған соң ба, әпкем екеумізді жиі қасына алып өзінің қуанған сәттерін, көрген жақсы адамдары бізге мәлім, мұңайған сәттері беймәлім күйде қала берді. Әкем жақсы адамдарды айтып отырған сәтте, мен ылғи да ішімнен мені де осылай біреу айтып жүретіндей жасаймын деп әкеме уәде беруші ем. Бірақ бұл сөзімнің бірде бірін ол кісі білген емес. Мен Гүлжанар әпкенің әке туралы жазбаларын жиі оқимын. Кейде бір жазбаны екі немесе үш реттен қайта оқимын. Жүректен шыққан сөздер ғана жүрекке жетеді деген осы шығар тегі. Ия, жүректен шыққан сөздер...

Әкемнің бір әңгімесі сіздерге айтып берейін: "Волгоградтағы оқудан ауылыма сағынышпен қайтқан кезім. Менімен бірге поездға орыстың жас қызы анасымен бірге мінді. Қыздың қолында том-том болған кітаптар. Ішімнен бұл неғылған жан деп қоямын. Көзінде көзілдірік, қолында кітап. Адам баласына назар салмайды. Кітаптың қызығына кірген одан ешнәрсе сұрай да алмайды екенсің. Анасымен сөйлесе бастадым. Жол ұзақ. Жаныңда әңгіме айтар адам болғаны жақсы ғой мұндайда. Қызы туралы сұрай бастаған едім, қанша жасынан бастап кітап оқиды, қалай адамдармен сөйлеспей тек кітап оқи беруге болады деп. Анасы: "менің қызым баста кітап мүлде оқымайтын. Мен өзім осыған итермеледім, енді осының зардабын көріп келемін. Әрдайым кітап оқымайсың деп жекуші едім. Ал бүгін кітаптан айыра алмай жүрмін. Кітаппен ұйықтап, кітаппен бірге оянады. Жанары да шаршады, бірақ амалым жоқ. Қызым осыны таңдады. Күніне 1 кітап оқымаса, отыра алмайды." Әкемнің әңгімесін осы тұстан бітірейін.

Ең бастысы сіздер менің не туралы айтатынымды білдіңіздер деп ойлаймын. Әкенің осы сөзін мен 10 жасымда есіттім. Бүгінде бұл әпке де тұрмыс құрған шығар, кім білсін. 10 жаста естіген әңгімем осы күнге дейін, құдды кеше естігендей болып, жадымда мықтап сақталды. Әкенің сөзі оқ деген осы болар. Бізге кітап оқы деп айта алмаған соң, осылай айтқан шығар деп ойлаймын. 

Сол сөзді естігенімде 7 жылда болып қалды. Мен әлгі қыз секілді, том том кітап оқымаймын, бірақ кітапсыз да өмір сүре алмаймын. Әттең, менің бұлай жүргенімді маған өзі сөздерді айтқан ардақты жан білмейді ғой.

Мектепте ҰБТ-ға күнделікті дайындық кезінде, кітапханашы апайым ауданда жарыс болатынын айтты. Мен әрине қуандым, өйткені бұл мен үшін керемет болғалы тұр. Жарыстан бір күн бұрын мектепте пробный болатын болды. Пробный болды. Ең бірінші болып сыныпта 100 жинаған мен болдым. Қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес еді. Түстен кейін жарысқа бардым. Қанша оқушыларды көрдім. Барлығы дерлік кітап оқиды. Кереметқой ия! Мен дайындығыммен қосып, кітапты бірге алып жүргенім үшін қуандым. Жарыс басталды. Жүрегім үрейге толы. Мені оқыған кітаптарым қай жерге дейін апарар екен... Білмедім. Бас жүлде! Шүкір! Қуанышымда шек болмады! "Ең үздік оқырман-2016" атағын иемдендім.  2 газетке басып шығарды. Ең бастысы өзіме бағдар берген әкемнің аты жақсы жағынан газет беттерінен көріне бастады. 

"Артық білім кітапта- ерінбе оқып көруге",-деп Абай атамыз айтқандай кітап- тозбас ақыл. Мен өзімнің оқыған ең қызықты шығармаларымды жазайын, миды демалдыруға үлкен көмегі тиеді.

"Махаббат қызық мол жылдар!" Әзілхан Нұршайықов


"Әйел қырық жанды" Джек Лондон


"Сто лет одиночества" Габриэль Герсиа Маркес


"Бақытсыз Жамал" Міржақып Дулатов


"Әке" Төлен Әбдіков


"Робинзон Крузо" Даниэль Дефо

 

Бұл менің жаныма жақын болған ең сүйікті шығармаларым. Мен осылар арқылы демаламын. Әрине, басқа шығармалар да бар, бірақ оларды келесі посттарымда жариялайтын боламын. "Әрбір адамның ең жақсы досы, өмірлік досы кітап болуы тиіс",-деп Абай өмірін 4 томға сиғыза алмай кеткен Мұхтар ағамыз керемет айтқан ғой. 
Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегінде болсын көз.-деп
Абай атамыз айтқандай, көкірек көзімізді ашайық, жас достар!