Балаңызға ертегі оқып бересіз бе?
блог
Менi қазiргi таңда балапандарымыздың ертегі тыңдайтын тәтті шақта, әлеуметтік желі мен ұялы телефондағы атыс-шабыс ойындар мен ондағы мультфильмдерге алданып жүргендері жанымды ауыртады. Бала бiткендi бейне бір магниттей өзіне тартып алатын зиянды ойындар олардың психикасын бұзып, рухани дүниесін әлсіретіп, санасын улауда. Бала күннен жадымызда жатталған Алдар Көсе, Мақта қыз, Ғажайып бақ, Құйыршық, Қаңбақ шал, Алтын сақа сынды т.б ертегілерді оқып өспеген балалардың ертеңгі болашағы қандай болмақ?
Жоғарыда аталған ертегілердi оқыған сәтте ерекше бір әсерге бөленетiнбiз. Кейіпкерлердің бойындағы мейірiмділік қайырымдылық, адалдық, адамгершілік сынды т.б қасиеттеріне ерекше сүйсініп, оларға ұқсағымыз келетін. Ал, қазipгi мультфильмдерге көз салсаңыз, кейіпкерлері сондай ызақор, ашулы, бірін-бірі ұрып-соғып жатқаны. Осы ретте халық ауыз әдебиетінің озық үлгілері - бесік жыры, санамақ жаңылтпаш, жұмбақ, мазақтама, өлең, ертегілердің алар орны айтпасада түсінікті.
Аталған жанрлардың ішіндегі ертегі - баланың қиялына қанат бiтiрiп, таным-түсінігін, тілін, ойын дамытып, адами құндылықтарды бойына сiңiруде ерекше құрал екені жазба әдебиеттерде жиі айтылған. Сондықтан, балаңызға ұйықтар алдында ертегі оқуды әдетке айналдырыңыз. Баланың ертегіге деген қызығушылығын арттыру үшін оны оқуда аса шеберлік қажет. Яғни ертегіні белгілі әуезбен, қызықты етіп оқығаныңыз жөн. Ертегіні оқып болған соң міндетті түрде балаңыздан осы ертегіден алған әсерін, ойын білуді ұмытпаңыз.