Бақыт деген сенің бала күндерің,
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің.
Бақытын да, басқасын да білмеуің
Бақытсыз-ақ ойнағаның, күлгенің.
Иә, бақыт біреулерге ақша, дүние-мүлік, қымбат көлік немесе әдемі үй ретінде көрінер. Ал, мен үшін бақыт – балалық шақтан қалған ұмытылмас ыстық естеліктер. Балалық шақ дегеніміз не? Бұл сұраққа мен дөп басып жауап бере алмасым анық. Бірақ, менің бала кездегі іс-қылығымды оқып менің есімдегі балалықтың не екенін түсінерсіз деген ойдамын. Үйдің кішісі болғандықтан ба, өте ерке, қырсық мінезді болып өстім.
Бірде, ағаммен әпкем үй тапсырмасын орындап жатса керек, қастарына барып ананы сұрап, мынаны сұрап тыныштық бермегенмін бе, әйтеуір ағам еркелігіме шыдай алмай, басымнан беріп қалмасы бар ма? Ал кеп бақыр. Жан даусым шығып, айғайлап жылаған шешем мені көріп, бір уыс кәмпит пен күлше бергені есімде. Ол кезде кәмпит жеу біз үшін арман болатын, тіпті сол тәттіні ұрлап жейтінбіз.
Жер түбін шарлап, шкафтың бүге-шүгесіне дейін ақтарып, ақыры диванның астында тұрған чемоданның ішінен бірақ табатынбыз. (Анамның да тықпайтын жері жоқ). Ұрлау операциясы былай жүзеге асатын: ағам немесе әпкем есіктен басын қылтитып шығарып тұрады да, біреу келе қалса, маған ескертеді. Ал мен кәмпитті ұрлайтынмын. Ұсталып қалған жағдайда кім кінәлі? Әрине, мен. Үйдің кішісі болғанша, иттің күшігі бол десейші.
Қай жеріне келіп ем?! Аааа, иә, содан бір уыс алақан толған тәттілерімді көрсетіп, ал мақтанбаймын ба. Басына шығарып, еркелеткен мені, бір қарасам қолымдағы тәттілерім жоқ. Сөйтсем, ағам мен әпкем жеген екен ғой. Бала кезде неше түрлі мультфильмдер болатын. Мен көретін мультфильмдер , тағысын тағы. Ал қазіргі балдар ше? Бесіктен белі шықпай жатып айналдырғаны ұялы телефон. Шынымды айтсам, мен әлі күнге дейін мультфильмдер көремін. Бала кезімді қимай жүрмін бе, білмеймін. Жә, оны қойыңызшы, мультфильмді жақсы көретін мен, бір күні далада кішкентай шымшықтың өліп жатқанын көремін. Содан не керек, әлгі құсты көміп, бетіне гүл қойғанымды айтсаңызшы. Ойпырмай, құдды бір адам жерлегендей-ақ. Ә, бала кезде не істемедім мен?! Құмға да аунап, өгіз, бұзауға да мініп, үстім шаң-шаң боп, кешке үйге бір-ақ оралатынмын. Жалпы, мен ойын кезінде ұл балдармен ойнайтынмын. Білмеймін, біздің ауылда қыз жоқ па, әлде қыздармен ойнағым келмей ме? Ойын кезінде сөзге келісу, шатақ шығару болатыны анық қой. Осылайша, бір күні сөзге келіспей, бір баланы жылатып қойғаным есімде, Қазір осының бәрін есіме алсам, ай, Айнұр-ай, бала кезде қандай бұзық болғанмын деймін. Ал сіздер бала кезде қандай болдыңыздар?