Бабадан қалған мұра (Байқауға)

Домбыра, жүрегіммен үндес едің,

Өзіңмен сырласымдай күн кешемін.

Бабамнан қалған мұра, сен болмасаң

Өнердің не екенін білмес едім!

                                                                           Мұқағали Мақатаев

(Бар айтарым жыр жолдарына сыйып-ақ кетті).

Домбыра... Қазақ үшін киелі де қастерлі сөз. Тарихы Шыңғыс хан тұсында, Жошының құлан қуып қаза болғанын естірткен найман Кет-бұғадан басталатынын барлығымыз білетін болармыз. Қорғасын құйып, шанағы тесіліпті-мыс. Содан бері арада қанша уақыт өтті, сайын далада сазды үніне елітіп қаншама жанның жанын баурады. Небір ақындардың мұңын мұңдасып, жыршылармен сайысқа түсті, тарихи оқиғаларға куәгер болды, ананың зарын, әкенің ақылын, сәбидің күлкісін естіді. Той-думан да, қайғы, қасірет те өлең-жырсыз, сөз мақамынсыз өтпейтіні мәлім. Ендеше, домбыра- атаның сөзі, көненің көзі емей немене?!

Орайын тауып, оңтайлы айтылған осынау екі жол әрқайсымыздың тіліміздің ұшында. Реті келсе, айтпай қоямыз ба? Қазақ болғасын, қазақы қан мен тәрбие ұштасса, аттың дүбірі мен домбыраның үніне арқа қозып кететін халықпыз ғой. Сізде де солай болар?

Шанағы шашылса да, қара домбыра төрден түспеуші еді. «Әләуләй» деп әжеммен өтірік айтыс жасайтыным есімде.Сол желікпен, араға жылдар салып бастауыш сыныбымда мектепте өтетін домбыра үйірмесіне қатыстым. Республикалық байқауларда ансамбль боп бақ сынап, жүлделі орындарға ие болғанымыз тағы бар. Домбыраның қасиетін жетекшіміз терең ұғындыруға тырысатын. «Көшеде жүрсең де, үйдің бір бұрышына тастасаң да оның өз тұру мәдениеті бар» дейтін. Қолға алғанда, қорқа әрі құрметтей ұстайтынымыз да содан еді.

...Үйірмеге ат ізін салмай кеткеніммен, домбырадан қол үзе қойған жоқпын. Кеше есіме түсірейін деп екі ішекті жөнге салып, біраз уақыт отырдым. Көптен сағынысып көріскенім ғой, сіздермен бөлісе отырғанды жөн көрдім.

(Нота білмеймін, еліктеушілікпен үйренген күйім). Кәсіби күйші болмаған соң, айып етпессіздер!



Бөлісу: