Айтамын өзге емес, өзім жайлы

Армысыздар, құрметті оқырманым, 
Сайысқа қатысушы дарындарым,
Айтамын өзге емес, өзім жайлы, 
Мен боламын Жангүл атты әлем қызы. 

Ұлтым қазақ, мекенім бар Есіл деген, 
Мейіріміне ұстаз-ана мерейленем, 
Танымасаң танып ал көрерменім, 
Рина – анам, әкем менің – Алмас деген. 

Оқырманы ең үздік порталдардың, 
Массагетім – жас қызың мен боламын! 
Ақ ниетпен, шын көңілмен жазып тұрған, 
Сәлемін қабыл алғай жас қызыңның! 

– Сәлем, достар! Құрметті, оқырмандар! Менің аты-жөнім – Алмас Жангүл. Жангүл, жалпы түсінген боларсыздар, жанымның гүлі деген мағынаны білдіреді! Мені ерке Есілдің ерке қызы деп атасаңыздар да  болады. Жарайды, жұмбақтамай өзім жайлы айтайын. Ақмола облысы, Есіл ауданында туғанмын. Бүгінде 9-сыныпты бітіргенмін. Мәссаған, келесі жылы сабақ қиындайтын болар... 


 Өмірлік ұстанымым: Мен қаласам, қолымнан келмейтіні жоқ 

Сүйікті тұлғам: Баян Есентаева. Бүгінде кино әлемінде жүргенімен, оның негізгі мамандығы журналистика екенін білесіздер ме?! Тік мінезді,  нәзік жан. Неліктен менің еліктейтін тұлғам Баян Есентаева екенін енді түсінген боларсыздар?! 

Қазір Республикалық 1-8 сыныптарға арналған «Лидер» газетінің редактор орынбасары қызметін атқарамын. Бала кезімнен журналистикаға бір табан жақын жүремін.  Ал «Массагет», «Мәртебе», «Сұрақ-жауап» сияқты порталдар жуналистиканың жолдасы. Уақытым бос кезінде шығармашылықпен айналысып, ақ қағаз, қара қаламды серік етемін.

Қоржыным да  біраз өлең-жырларға, шығармаларға толы. Би билеп, қолөнермен, бастысы поэзиямен айналысқанды ұнатамын. Түрлі байқауларға қатыстым.  Бос уақытымда айналысатын хоббиім – осы істер. 

Ал «МАҚСАТЫҢА МАССАГЕТПЕН БІРГЕ ЖЕТ» байқауы – кешегісін ұмытпаған, бүгінін ұлықтаған, ертеңіне сенетін жалынды жастардың жолын ашатын мүмкіндік.  Дәл осы жоба арқылы өз мақсаттарыма қарай алға адымдаймын деген сенімдемін. 


Ал сүйікті порталыма, ұсыныс па?! Жалпы, жақсы. Бірақ, жас блогерлер неге кездеспеске?  Неліктен, тәжірбие алмаспасқа?!  Тек пайдасы тимесе, артық болмас еді. Байқау туралы жеке пікірім, әрине, керемет. Осындай байқаулар жиі өткізіліп тұрса екен.



Бөлісу: