Айта келе...(Байқау)
блог
Адамдық асыл қасиетті өмірлік ұстаным етіп, үлкен өмірге тәй-тәй қадам басып келе жатқан Мадина қыздарыңызбын! Тегім- Оқас.
Шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен үлкен әулеттің еркесі болып бойжету- тағдырымның тәтті табалдырығы болса керек. Әже өнегесін бойға сіңіре отырып,ұлттық құндылықтарға деген құрметім күн санап артты. Сондықтан болар, «Елім!» деген ерен тұлғаларды сүйіп өсіп келемін. Мұқағали жырлары арқылы әдебиеттің ақ майданына топ ете түстім. «Әдебиет- адам жанының рухани азығы, ал поэзия- ең тәттісі».
Хоббиім-кітап оқу.Құмар адаммын. Бос уақытымды білім кеңістігімді кеңейтуге, өлең жазып, сұхбат дайындауға жұмсаймын.
«Жас өркен» ұйымы арқылы өткен жылғы массагеттік байқаудың қатысушыларымен етене жақынмын. Бұл сайыс алғаш естігеннен-ақ ерекше мотивация болатынын ұғындым. Жас буынның мақсатқа жету жолында себепкер болатын осынау көмек құралы- талайлардың бағын ашып, бабын келістіреріне сенімім мол. Осы орайда, өзімнің де алға қойған ірілі-ұсақты межелеріме «массагетпен бірге жетсем» деймін. Жандарбек ағайдың қанатының астына топтасқан «Бастау» атты шағын отбасымыз. Қорытындылай келе,барша қатысушыларға сәттілік тілеймін!