Айбол Исламгалиев: "Бір анығы, поэзия өлген жоқ". (байқау)

Айбол Исламгалиев: "Бір анығы, поэзия өлген жоқ". (байқау)
жеке
блог

- Өмір шеті мен шегі жоқ мұхит. Осы мұхитқа шығар алдында адамда қандай қасиеттер болғанын жөн санайсыз?

 - Қорқыныш пен үрейден қашу керек шығар, алдымен. Онымен қоса, еркіндікті сүйген - дұрыс.  

     Ал, негізі, өмірді “мұхит” деп алып отырған болсақ, ол жерге кіріп алғаннан соң, өз еркіңмен шықпағаның жөн. Мен тек содан қорқамын.

     Кейде, өзім жасап алатын дүниелер мен ақыл-есім адасып, шығарға жол таппай жүретін әлемдердің есігін оқыс ашып қалып, кілт жаба салудан қорқамын.

     Онда батып кетпеудің амалдарын қарастырмадым тек. Қарсы тұратын қасиеттер жүре келе пайда болады-ау, демек. Демек, олар жағдай мен уақытқа байланысты да өзгеріп тұрады.

Екіжүзді болып немесе “иезуит” қалпында күн кеш деуден аулақпын.

     Қатты қуанғанда, өмірді - айналып келе беретін тағдырлар мен қайталанып жүре беретін сюжеттердің тізбегі деп қабылдайтынды шығардым... Өзімді жұбатақаным болса керек. Қызық...

Жапондарды аз оқимын деп шештім. Қалғанын көре жатармын...

- Сіз туралы бір досыңыз "Футурист, натуралист, реалист, акмеист, символист, имажинист" деп жазыпты. Бұл әзілдің астында бір шындық жатқандай. Өлеңдеріңізден бір өзгешелікті сеземін. Аталған ағымдармен қандай байланысыңыз бар?

-         Біреуі әзіл деп қабылдаса, екіншісі – “ақымақ” дейді. Керісінше болуы да мүмкін.

Тек сөйлемнің формасын сәл өзгертіп оқу керек.

Өлеңде өзгешелік байқалса, ол – уақыттың қоятын талаптары мен заңдылықтарының қағазда басқаша көрінісі беруі. Яғни, қызыл жиектің сыртындағы жазу... Көп жағдайда сыймай қала береді. Мен де сыймай қала беремін...

Жоғарыдағы “исттердің” түгелдей дерлігі шығармашылығыма немесе жолыма анықтама бермесе керек. Блок, Есенин, Маяковский, Мандельштамдарға жақындағымыз келіп жүргендегі әңгімелердің басы ғой. Және ол – тек орыстың поэзиясындағы ағымдар мен бағыттар дегенді білдірмейді. Көпшілігі ойлайтындай. Бізге дейінгі қазақ ақындары толықтай сіңіріп ала алмаған және көрсете алмаған бояулардың галереясы ғой... Бірді-екілі ұлыларынан бөлек.

Жоғарыда бір адамды айтпай өттім. Пастернак! Соны жақсы көрем, рас... (Бір қызығы, Блоктың алдына Есенин болып барған жоқпын...)

- Өлең, талант, ақын, шабыт ұғымдарын қалай түсінесіз? Өлең - өмірдің көшірмесі ме, әлде...

Өлең - көшірме емес. Жазушыға берілген таланттың бізге түк те қатысы жоқ.

- Шығармашылығыңызбен толық таныс болмағаныммен, біраз өлеңдеріңізді оқып шықтым. Маған қызық болып отырғаны - «Көк қызы» өлеңі. Бұл өлең қалай дүниеге келді?

- Көбі «Көк қызының» тұрағы – “жер” екен деп ойламайды да. Өзім де соған таңғалам кейде...

Бәлкім, сол - жердегі қыздың бейнесін ғана алған шығармын...

Бәлкім, түсімде көрген шығармын...

Бәлкім, танымайтын да шығармын...

Бұл өлең – аяқ асты дүниеге келді де, ойламаған жерден оқыла бастады... Ондай да түсініксіз жәйттар болады екен.

- Қазіргі қазақ поэзиясы туралы қандай пікірдесіз? Өзіңізге дейінгі буыннан қандай ақындарды сүйіп оқисыз?

- Қазіргі қазақ поэзиясында өзіміз де жүрміз. Сондықтан ештеңе айта алмаймын. Бір анығы, поэзия өлген жоқ.

Бізге дейінгі буыннан “Қазақтың Блогы” мен Тоқтарәлі Таңжарықты оқып жүрмін. Біреуін – түсіну үшін, біреуін – жалықпау үшін. Қалғандарына кітапханамнан орын табылады.

- Соңғы кездері қандай мәселеге көп бас ауыртасыз? Болашақта сізден қандай дүниелер күтеміз? Алдағы жоспарларыныз жөнінде айта кетсеңіз?

Соңғы кезде – көп дүниені әрі ойлап, бері ойлап, олардың шешімін таба алмай жүрмін. Өзіме-өзім қойған сұрақтардың да жауабын іздеп. Жоспарларым – анық емес. Жоспармен жүруден қашатын болуым керек. «Әрбір бала – суретші, қиындығы – суретші боп қалу, қалмауында» - демей ме Пабло?! Менің ойларым мен армандарымның “галереясы” үлкен. Адасып кетуге болады. Өлеңдерім – болашағымның атынан сөйлесе, не күтуге болатынын айтатын шығар.Аспан мен жердің арасындағы байланыс үзілмесе екен. Сосын жиі-жиі жаңбыр  жауып тұрса... 

                                                                                                     Сұхбаттасқан: Тасболат Сағыныш.