Қаһарланған қыстың аязды күні. Өртке оранған көпқабатты үйдің айналасы толған адам. Өрт сөндірушілер де өртті сөндіре алмай, әлек болуда. Қырық екінші пәтердің тыныштығы бір қайғыны күтіп тұрғандай. Тыныштық, көңілсіз тыныштық. Қараңғы қайғы. Бұл қайғы - өрт емес, жас бойжеткеннің өмірден түңіліп, өзіне қол салмақ болу ниеті еді.
Жатын бөлмеде қолына арқан ұстаған Мақпал желдеткішке қарап тұрды. Өлгісі келеді. Бұрышта тұрған жұмыс үстелінде ылғи анасына оқытатын күнделігі ауыр қайғыға толып, ақтарыла ашық тұр. Соңғы беттер. Соңғы жазба. Қоштасу хаты.
Анашым, әкешім! Кешіріңдер мені! Өмірге келгелі бәрі жақсы болды. Сендерге еркелеп, шалқып өмір сүрдім. Өздерің талап еткендей, мектепті жақсы аяқтап, оқуға түстім. Бұл кезде де арманым орындалды. Америкаға оқуға бардым. Мұндай бақ әркімге бұйырмас деп ойладым. Бірақ ол сорым екен. Кетпе дегендеріңе құлақ аспап едім. Амал не?.. Сонда барып бір пәлеге ұрындым. Сенімдеріңді ақтамадым. Қалай болғанын айтып, жүректеріңді ауыртқым келмейді. Әйтеуір, мен нашақорға айналдым. Соның кесірінен сендерді жерге қараттым. Бүгін ұзату тойымда сендерді қуантамын деп ойлап едім, бірақ олай болмады. Кеше ол менен бас тартты. Ата-анасы мені келін қылмайтындарын айтты. Мұны естігенде төбелеріңнен жай түскендей күй кешкендеріңді білемін, сеземін. Досқа күлкі, дұшпанға таба болдық. Бәріне өзім кінәлімін. Одан әрі сендерді ел алдында масқаралағым келмейді. Келесі өмірде кездескенше қош!
Мақпал арқанды желдеткішке байлап, мойнына салды.
Сатымен жоғары шығып келе жатқан өрт сөндіруші пәтерге кіріп, бөлмелерді қарап шықты. Жатын бөлмеге келіп, желдеткішке асулы тұрған Мақпалды көріп шошып кетті.