Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос! (Арнайы тапсырма)

Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос! (Арнайы тапсырма)
жеке
блог

     Қазіргі қоғамда көтеріліп жатқан мәселенің бірі - өз-өзіне қол жұмсау, яғни суицид. Суицид деген не? «Суицид» латын тілінен енгізілген (sui caedere -өзін-өзі өлтіру ). Бұл терминді итальян психологы Г. Дэзен 1947 жылы енгізген. Суицид неден болады? Бұл сұраққа мен былай жауап беріп көрейін.  Көбіне адам өлімі жасөспірімдер арасында болады. Адам өлімі көбіне қаражаттың жетпеуі, сүйгені тастап кеткен жағдайда, ҰБТ тесттен төменгі балл жинаған түлектер арасында, өмірден баз кешкен жандарда, нашақор, ауыр дертпен ауыратын адамдар арасында және ата – анасымен кекілжіңге келіп қалған жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Қазаққа жат нәрсе біздің елімізге қалай жетті? «Сенің табаныңа қадалған тікен, менің маңдайыма қадалсын» деп, бауыр етіп балам деп еміренген ата – анадан кінә бар ма өзі? Бала – шағамды асыраймын деп, үй бетін көрмей жүрген ата – аналарда баршылық-ау, бұл күнде. Баласының тәрбиесіне, сабағына көңіл бөліп қарамағасын, еміренбегесін бала өзін қоғамнан тыс санайды. Міне, осыдан бала өзін ешкімге керексіз санайды да, өмірімен қош айтысады. Шетелдік атыс – шабысы көп киноларда адам ойын өзгертері хақ дүние. Сөзіме тұздық болсын. Осыдан бірнеше жыл бұрын, газет беттерінен мына жайтты көзім шалып қалды. Ұмытпасам Қызылорда өңірінде болған-ау деймін. Сол жылдары теледидардан "Ханзада Жумонг" атты телесериал жарық көрген болатын. 3 жасатағы бала  "Мен ханзада Жумонгпын"-деп, өз інісіне пышақ салып, мерт қылған. Міне, атыс-шабыс кинолардың баланың психикасына қалай әсер ететіні. 

   Осындай  жайттарға көңіл бөліп қараған өткен 20-ғасырдың басында австриялық психолог Зигмунд Фрейд адамның өзіне - өзі қол жұмсауы ызақорлық, агрессиядан болатынын мәлімдеген. Ал, америкалық психолог Карл Менниндер суицидтің барлығын санадан тыс жасалатын өзара байланысты үш негізгі себеппен: өш алу – жек көрушілікпен, тығырықтан шығатын жол таппағандықпен және кінәлі сезімнің күштілігімен түсіндірген.

    Қазіргі таңда Қазақстан суицид бойынша алдыңғы орындарда тұр екен. Жалпы әлемде жыл сайын шамамен миллионға жуық адам өз-өзіне қол салады екен. Соның 8 мыңы – қазақстандықтар, яғни республикада әр сағат сайын бір адам өз өмірімен қош айтысады.

 

  Ал енді Қазақстанның ішіндегі жағдайға назар аударсақ: соңғы бірнеше жылда осындай қаза бойынша көш басында Оңтүстік Қазақстан облысы (72 оқиға), Ақтау (64-67 оқиға) және Солтүстік Қазақстан облысы 100 мың тұрғынға шаққанда (57 адам) өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл дегеніңіз қаншама «балам» деп тебіренген ана қара жамылып, «балам» деп еңбек еткен әкенің қабырғасы қайысты деген сөз.

  Қазақстан психоаналитиктер ассоциациясының президенті Анна Құдиярованың айтуынша, өзіне қол жұмсаған ер адамдар көбінесе асылып өлуді таңдайды екен.
– Маған көбіне қыз-келіншектер келеді. Олар әдетте өз-өзіне қол салуда дәрі-дәрмектерді пайдаланады. Олардың қолына қару алып атылу мүмкіндігі жоқ, ал дәріхана дегеніңіз кез-келген жерде бар. Әйелдерге қандай дәрі ішу маңызды емес, тек ол көп болса болғаны, – дейді А. Құдиярова.

   Мамандар жыл сайын Қазақстанда 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 6-8 суицид фактісі тіркелетіндігін айтады.
Елде 2005-2007 жылдары кәмелетке толмағандар арасында 1364 өз-өзіне қол салу фактісі анықталып, оның – 887-і қазамен аяқталған. 2005 жылы – 261, 2006 – 274, ал 2007 – 352 суицид тіркелген.

  Психолог мамандар, әдетте жалғыздық – суицидке итермелейтін бірден-бір себеп екендігін айтады.
– Өз-өзіне қол салу – түсініспеушілік пен жалғыздықтан туындайтын проблема. Әрдайым адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасында түсініспеушілік орын алып жатса, ата-ана баласын түсіне алмаса, күйеуі әйелін түсінбесе немесе керісінше дегендей, жақын жандардың бір-бірін түсінбеуі осындай қайғылы оқиғаларға алып келеді, – дейді сұхбатында Қазақстан психоаналитиктер ассоциациясының президенті Анна Құдиярова.

  Не десе де, бір кездегі өр ҚАЗАҚтың ұрпағы расымен уақталып барады екен. Көрінген нәрсе үшін өз-өзін өлтіріп жатқан тұқымын көрсе бабаларымыз не айтар еді? Қиындықтарға бола өз-өзін өлтіре берсе жерде адам қалмас. Өмірдің қиындығын көру, сол қиындықпен алысу, алға қиын мақсат қою дегендердің бәрі өмірдің нағыз қызық тұсы емес пе? Соны көру үшін өмірге келдік емес пе? Ал сол шамалы қиындыққа төзе алмай, мақсатына жете алмай өзіне қол салғандар - әлемдегі ең қорқақ адамдар! Ондай қорқақтарға отбасы,ҰБТ дегендердің бәрі өтірік сылтау, шындығы - оның бәрі өздерінің жігерсіз болғандығынан!

  Баланы жігерлі етіп қалыптастыру үшін, алда – жалда баласы ажал құшпау үшін,  ана қызын барынша мейірімге бөлесе, өтпелі кезеңнен сүріндірмесе, әке баласына қамқор болса, бар жылуын берсе, алғашқы махаббат жайлы сыр шертсе, бүкіл ата – ана жұмыс – жұмыс дей бермей, балаларына бір мезгіл көңіл аударып, «Осы менің балам қоғамнан алшақтап бара жатқан жоқ па екен? Маған айтуға қымсынатын мәселесі бар ме екен? Менің балам не үйреніп жүр екен?»,-деп, балаға баса назар аударса, суицид дейтін бәледен құтылушы едік.

  Хакім Абай  айтқандай «Ашу – дұшпан, ақыл дос, ақылыңа ақыл қос» демекші әр сәтімізді бағалап, ұрыспай, ренжіспей жүрсек, осының өзі бір ғанибет емес пе?! Неге десеңіз қазіргі суицид кекілжіңнің кесірінен туындап жатады. Ата – анасымен ұрысып, өмірімен қош айтысатындар да аз емес қой бұл күнде. 9 ай көтеріп, толғатып, кішкене ғана шаранаға өмір сыйлаған жанға «сен» деп айтуға да тілің бармайды ғой. Ал ұрысу деген не сұмдық? Сонда әке баласына дұрыс тәрбие бермеді ме? Ата – ананы сыйламау қоғамда ұят нәрсе ғой. Бар кінәні ата – анаға артып қоя салуға да болмас. Мектептегі тәрбие сағаттарында өмірдегі құндылықтар жайлы, өмірдің қымбат әрі қайталанбайтынын, ата - ананы сыйлау керектігін мұғалім санасына құйса аты жаман нәрсенің алдын алуға болатын шығар бәлкім.

Айтуға оңай ғой, әрине!