Бүгінгі блогымды қаламы қарымды жазушы Ілияс Есенберлиннің "Алтын құс" романына арнамақпын. Көңілімді көкке ұшырып, жанымды тебіренте толғандырып, əсер сыйлаған бұл романда – Сабыр есімді кеншінің хикаясы жазылған.
Роман желісі былай өрбиді:
Сабыр – қарапайым кенші.Оның сүйіктісі Ақбаян – Сабырдың досы Садықтың қарындасы. Ұлы Отан соғысы басталған соң Сабыр əскер қатарына алынып, ол кетісімен Ақбаян шахта инженері Əлжан есімді жігітке күйеуге шығады.
Сабыр майданда жүргенде, досы Садықпен бірге немістерге тұтқын болады. Бірақ басқа тұтқындармен бірігіп, қашып құтылады. Жараланған ол елге келеді де, қайта соғыс алаңына оралмайды. Бұл кездері соғыс та аяқталуға шақ қалған.
Татьяна есімді дәрігер қызбен отау құрады. 7 жылдан соң Аида есімді қыздары дүниеге келеді. Үйленгеннен 25 жыл өткен соң Сабырдың жұбайы Татьяна дүние салады.
Ақбаян болса Əлжан директорлық қызметтен түскен соң, онымен ажырасады. Ақбаян Əлжанға дәрежесіне қызыққандықтан шыққан-ды. Ақбаян мен Сабырды осылай тағдыр қайта қауыштырады. Бір кезде Сабырдың жүрегі ұстап, ауруханаға түседі.
Ақырында, Ақбаян өзіне қол жұмсамақ болып, у ішеді. Сабырға кешірім сұрап, хат қалдырады. Алайда, ол ажалдан аман қалады.
Романның бас қаһарманы Сабыр болса, Сабыр əңгімесінің бас кейіпкері – Ақбаян. Сабыр Ақбаянды еркелетіп "алтын құсым" деп атайтын. Роман сондықтан, "Алтын құс" аталған. Автор шығарма аяғында оқиғаға қатысты әжесі айтқан аңызды келтіріп, керемет үйлестіреді.
Романдағы тұжырым – жастарды есейгенде өкінбеу үшін, жас кезінде дұрыс ойлануға, күндік рахатты күйттемей, мағыналы өмір кешуге үндейді.
Қымбатты оқырман! Сіз де оқыңыз! Бәлкім, жақсы көзқарас қалыптастыруға үлес қосар!
Журналистік жолымда жазған рецензияммен қоса, тағы бір әңгімемді назардан тыс қалдырмаңыздар.
Бақыт құшағында...
Əркім де ұйқыға кетер алдында белгілі бір нәрсені қиялдауы – заңдылық. Бұл – менің əр түн сайын ойымды жаулайтын тәтті қиялым. Қиялымды сіздермен де бөлісуді жөн санадым.
Жайдары жаздың жаймашуақ күндерінің бірі. Бұл күн – Ақжанның туған күні. Ақжан – сүйікті жар, аяулы ана, өз ортасына сыйлы жан.
Оның туған күніне орай іні-сіңлісі, əпкелері және жұбайы – бүкіл отбасы оған тосын сый жасап, кеш ұйымдастырғалы жатыр. Дайындық та қызу жүруде. Бəрі де атсалысып жүр. Себебі, Ақжанды барлығы да жақсы көретін.
Əсіресе, күйеуі барын салды. Ол Ақжанды шексіз сүйетін. Оның есімі – Арман, өзі белгілі ақын. Филология факультетін тəмамдаған. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Ақжан екеуі осы факультетте танысқан. Арманның əн салатын да, əр түрлі музыкалық аспаптарда ойнайтын да өнері бар.
Ақжан болса, майталман журналист. Екеуі – өте жарасымды жұп. Үйленгендеріне екі жыл болған олардың Бауыржан және Исламхан есімді бір жастан асқан егіз ұлдары бар.
Міне, кешкі сағат жетілер шамасы. Көшеде жарқыраған шамдар, зулаған көліктер. Ақжан да шаруаларын бітіріп, үйге қайтып келеді. Көлігін үй маңына қойып, сөмкесінен кілтін алып, қақпаны ашты. Бақша арқылы үйге қарай өтті. Терезеден мүлде жарық сәулесі білінбейді. Шамдар сөніп тұр. "Мұнысы қалай? Бүгін бəрі үйде болуы керек еді ғой. Менің туған күнімді ұмытқанымен қоймай, тым болмаса, бүгін жанымда бола алмағаны ма?" Осы ойлар миын шағып, көңілі жабырқаған ол есікке қарай аяңдады.
Есікке кілтін салып, аша бергені сол еді, "тосын сый" деп хормен айтылған дауыстар естілді. Шам жағылып, шар жарылды. Көктен жауған қар ұлпасындай үлпілдек шашу төбесінен жауа берді. Мұны көрген ол таңданды ма, қуанды ма, əйтеуір, жүзінде бір күлкі пайда болды. Алдынан бір құшақ гүл ұстаған ақ костюмді Арман шығып, оны ең алғаш болып құттықтады, жылы лебіздер айтты. Гүлін ұсынып, жарының бетінен сүйді. Артынан анасының келгеніне қуанған Бауыржан мен Исламхан оны құшақтай алды.
Бəрі мəз-мейрам, қуанышты. Бұл кешке Арман Ақжанның ескі достарын да қонақ етті. Мерекелік кеш басталды. Ақжан өте бақытты. Оның бал-бұл жайнаған жүзін көріп, бақытты отбасына ескі жора-жолдастары қызыға да, қызғана да қарады. Əркім өз тілектерін білдіріп, лебіздерін жаудырды. Сөз кезегі Арманға да келіп жетті :
– Асылым, аяулым! Туған күнің құтты болсын! Бақытты бол!
Жан жүрегім, аяулым, асыл жарым,
Қандай бақыт біздерге сенің барың.
Сенсің менің – жалғызым, жан гүлім де,
Тəңірі сыйға берген менің бағым.
Оған Ақжан күле қарап:
– Рақмет, қымбаттым! – деді.
Осылай сөз аяқталған соң Арман фортепианода Бетховеннің "Бурясын" ойнай бастады. Ақжан оған сүйсіне қарап, қонақтар да таңдана таңдай қақты.
Əуен ойнап болған соң Арман Ақжанды вальске шақырды. Екеуі ортада билей бастады. Бауыржан мен Исламхан да айғайлап, əннің сөздеріне түсініксіз бірнəрсені қосып, өздерінше əндетіп, шаттанып жүр. Басқалар да ортаға қосылды.
– Бақыттысың ба? – деді Арман көңілдене.
– Əрине.
– Мен де бақыттымын.
Бұлардың қуанышты жүзіне, бір-біріне деген сүйіспеншілігіне жұрт тамсана қарады. Солай бұл кеш те осы қарқынмен жалғаса берді. Бұл Ақжан үшін естен кетпес кеш болды.