Алтын ине туралы аңыз... (Байқау)
блог
Сәлем достар! Міне байқаудың бесінші аптасынада қадам бастық, уақыт деген зырғып өтіп жатыр. Алдынғы аптада блог жазбағаныма, өкініш өзегімді өртеді. Мақсатыма жету жолындағы бір апта бос өтті. Сондықтан осы аптада сіздерді мақсатыма жету жолындағы қызықты блогтарыммен қуантамын деген ойдамын. Осы аптадағы алғашқы блогымда кітаптан оқып қалған бір қызықты әңгімемен бастағым келді. Әрине осы аптадағы мақсатым өсімдіктерден дәрі жасап сіздерге видео арқылы көрсету болатын, оны екінші блогымның еншісіне қалдыруды жөн көрдім.
Бүгін сіздерге талай дертке дауа болған, көптеген адамдарды ауруынан сауықтырып қуанышқа бөлеген, Қытайдың сиқырлы инетерапиясы жайлы аңыз әңгіме айтатын боламын...
Инемен емдеу тәсілі алғаш рет Қытайдан шыққан екен. Негізі будда дінінің шығуымен орайлас. Ал будда дінінің бір шарты ұзақ жылдар жазылмай сал болып ауырған адамды, отбасы мүшелерінің еңбек етіп, күн көрісіне тұсау болмас ұшін, ауылдан алыс жапан далаға апарып тастауы қажет. Ол науқас әкесі ме, шешесі ме немесе баласы ма – ол есеп емес. Және науқас туыстарына салмағын салмай жапан далада өлсе, ол о дүниеде жұмаққа барады деп уағыздалған. Сондықтан да баласы науқас әкесін не шешесін осы талап бойынша далаға апарып тастаса, өкпе білдіріп ренжімеген.
Бірде ер жеткен ұлы бар бір ақсақал сал ауруына ұшырап, төсегінде ұзақ жатып қалады. Дінбасылары жаңағы ұлға будда дінінің талабын орындап, күнәсінен арылуды ұсынады. Баласы науқас әкесін атқа өңгеріп алады да, ауылдан бір күншілік жердегі қалың жыңғылдың арасына апарып, әкесімен мәңгілік қош айтысып, жылап-сықтап кері қайтады.
Төрт-бес күн қозғалмай жатқан шал кенеттен денесі жеңілдегенін сезеді. Аяқ-қолын бауырына тартып көріп еді, баяғы сау күндегідей қиындықсыз жұмыс істеп тұр. Етпетінен аунап түсіп, қос қолдан жер тіреп , қалай орнынан тұрып кеткенін өзі де аңғармай қалды.
“Бұл не қылған ғажап, әлде ол дүниеде жүрмінбе?” деп денесін сипап көреді. Шалқасынан жатқандықтан, арқасына қараған-жыңғылдың тікені кіріп тұтасып тұрғанын байқайды. Көпті көрген қария өз ауруының емі осы тікеннен болғанын аңғарады. Тікен кірген нүктелерді ұмытып қалмас үшін оның әрқайсысына алдымен баласынан бастап, қандас туыстарының, ол жетпеген соң бүкіл ауыл адамдарының атып қойып белгі соғады. Жаттап алуға тырысады. Түсіп қалған тікен орнына жаңасын шаншып қояды. Ақыры шал науқасынан құлан-таза жазылып кетеді. Бірақ ауылына қайтуға болмайды. Ол деген қасиетті буданның беделіне нұқсан келтіріп, мазақ етумен бірдей бағаланар еді. Оны дін уағыздаушылары кешіре қоймайтынын біліп, тіршілік қорегін даладан тауып, ауылына қайтпай жүре береді.
Көп кешікпей өзі құсатып далаға әкеп тастаған науқастар кезіге бастайды. Енді шал өз жорамалының растығына көз жеткізу үшін сондай науқастарға тікен қадап емдей бастайды. Аурулар сырқатынан жазылып, ақсақалдың жорамалы дұрыс болып шығады. Бірде өлім ауызынан қалғандар жиналып, өздерінің емшісіне:
-Сіз құлақ естіп, көз көрмейтін басқа ауылға барып тәуіптікпен айналысуыңыз керек. Сонда біз құсаған талай науқасты жазып, сауабые аласыз, - деп ақыл-кеңес береді. Шал солай етеді де. Кейін ол қараған-жыңғыл тікенінің орнына темір инені пайдаланады. Сөйтіп, алтын инемен емдеу дүниеге келеді. Ал күні бүгінге дейін әр жүйке нүктесінің атауы сол ақсақалдың қойып кеткен аттары екен деген аңыз бар. Бәлкім солай болар, әлемге аты мәлім ғалым Ньютон атақты жаңалығын “Жердің тартылыс заңын” сабағынан үзіліп түскен алманы көріп барып ашқан дейді ғой. Мұндай ғажайып жаңалықтар кездейсоқта ашылатыны жайлы әңгімелер қазірде аз емес.
Содан бері қаншама мыңдаған жылдар өтті. Инемен шаншып емдеу жан-жақты жетіліп, қазір Қытай мен Моңғолияда, Тибет пен Үндістанда ғылыми орталықтар жұмыс істейді. Инемен емдеу Қазақстандада дамып келеді. Біз білетін инемен емдеудің тарихы осындай екен...