Ақ қайың

     Бұл ауыл басқа ауылдардан өзгерек тұғын. Жұрт осы ауылды Қарауылағаш дейтін. Олай атайтын себебі: өзі шағын ауылдың сыртын домалата қоршаған қалың ағаштар. Қонақ келсе ағаштар күтіп алады, қарсы алған ағашы қайта шығарып салады. Көлеңкелі ағаш астында қалғыған шағын ауыл мойнын ішке салып, бейжай бұйығып жатыр. Әсіресе, қоңыр дарбозалы үйдегі кісілер. Бұл үйде Асан анасымен ғана тұрады. Басы бүтін үшеулі адам еді, былтыр ғана әкесі көлік апатына ұшырап, дүниеден озды. Содан бері бұл үйдің іші жүдеу тартқан. Асанның анасы Әнипа – бір орында байыз таппайтын жан. Үйдің үлкенді-кішілі істерін атқарады, жүн түтеді, ұршық иіреді, сол үйдің бар ісін өз мойнына әлдеқашан жүктеген. Өзі шаруақор адам. Оның үстіне жұмыс істеп жүргеннен ыңылдап ән айтуын тоқтатпайды. Сол әуенмен лезде бір істен кейінгі екінші істі там-тұмдап істеп тастайды. Асанда бейжай емес.  Іске епті. Анасының қолқанаты. Әнипалардың мал түлігінен екі сиыры бар. Бірі қара ала, бірі қоңыр. Қара аласының мөңіреп қалған бұзауы бар. Үйдегі күйбең тіршілік осы мал атаулысынан басталады. Қоңыр сиырды сауып бітісімен-ақ, қара ала сиырды бұзауына идіріп сауып алып, жайылымға жібереді. Бұл кетісімен-ақ бұзауы анасын іздеп мөңірей жөнеледі. Оның үстіне бұларды дарбозадан шығарып, шопанға апарып қосасың. Құдды балаңды мектепке шығарып салғандай. Асанға жақсы, анасы қарайласып күтеді. Барынша баласымен ойнауға тырысады. Әнипа осы ауылдағы фермада сауыншы боп істейді. Шаруаға епті кісі. Қолынан келмейтіні жоқ. Керек десең тігінді де жақсы тігеді, тамақты да дәмді әзірлейді. Ер ісін де істейді. Отын жарып, сыртқы ауланың бар жұмысын атқарады. Осы үйдің еркегі де, әйелі де сол.

            Асан әкесін қатты жақсы көретін. Әкесі келгенше байыз таппайтын, тағатсыздана күтетін. Әкесі келгенде сырттан қарсы алатын, еркелейтін. Жұдырықтасып ойнайтын. Өзі 5-6 жасар болса да, әкесінің тізесінде отырып ас ішетін. Бірге ұйықтап, бірге оянатын. Бар тіршілік қамында әке жанынан шықпайтын. Той-томалақ, жиын бола қалса да әке қасын көріп жүрген бала. Марқұм әкесі тіптен балажан еді. Өзге балалармен де ойнайтын, бала басын сипап, өзі бірінші болып амандасатын. Асан: "Осындай әке менде ғана" – деп іштей мақтанушы да , сүйсінуші де еді. Енді, міне, әке жүзін көрмегелі бір жылдың жүзі болыпты. Асан әлі үйренісе алмаған. Әдеттегі тәртібі бойынша күн ұясына батқан уақыттарда дамылсыз жүретін. Әкем келеді деп есік алдына шығып отыру - оның күнделікті әдеті. Анасы да әкесінің жоқтығын  Асанның қасына келіп басын көтерместен маңдайынан иіскеп, көзіне толтыра жас алып, айналайындап бастап түсіндіргеніне де жыл болды. Ал қазір Әнипа әке орнына әке болып та жүр. Алайда, әкесіндей болу қайда?! Ұйқыға жатар мезгіл болған уақыттарда Асан ылғи әке портретін құшақтап жатады. Әкесіне деген сағынышы өксігіне қадалғандай жұтына алмай, демін бір нәрсе түйіп тастағандай күйде болады. Көрпе астында  әкеге деген сағыныш сезімімен  ұйқыға жатады, бірақ  жөнді ұйықтай да алмайды. Анасына білдірмей көз жасын ағызып та алады. Сонда да бауыр еті баласының осындай күйін Әнипа іштей сезеді. Өзінің де елегзи берген жүрегі, жүдеп бара жатқан түрі, солғындап бара жатқан бейнесі өзін-өзі аяйтындай халде. Асан күнде түс көреді. Кейде өзі қиялдайды. Түсінде әкесін көреді. Үзік-үзік түстер... Шуақты бейнелер...

            Асан биыл жетіге толды. Мектепке ертелеу барған. Өзі зерек. Осы кезде 3-сыныпқа көшті. Өзі көп сөйлемейтін, айналасындағылармен онша көп араласа бермейтін бала. Сөзден гөрі істі, ойды қажет ететіндей. Анасы ұлының осындайына қарап елжірейтін. Үйдің ауласында жерошақ, үсті жауынға қалқан болар бастырма, оның қасында шұбалма пеш. Пеш үстіндегі шелекте қайнап тұрған су. Әнипа үйдің қамымен әлек. Тысқа шығуға болар емес. Асанды шелек алып кел деп жұмсап еді. Енді міне, сол келем деген минуттер де өтіп кетті. Оның үсіне мына тұрған есік алды. Қақпадан шығар-шықпас жер. Әлі жоқ. Күтті-күтті...

– Әй, бұл бала қайда жүр ей? Әлде көрші балалар шақырып, бірге еріп кеткен бе екен? –деп күбірлеп, үйден шыға берді. Әкел деген шелегі есік алдында тұр екен. -Ескертпестен шығып кеткені несі-ей? Баланың ісі шала-ау осы, бір жұмысты екі жұмыс етеді, – деп ішке еніп кетті.

            Ауыл іші қарағай, үйеңкі, қайың, емен, талдарға толы. Асанның үйіне жетер-жетпес жерде қызша майысып, иіліп тұрған қайың өседі. Ұшар басы үкідей шоқтанып сымбатты болып өскен. Мұны Асан бұрын-соңды байқап жүрсе де мән бере қоймайтын. Діңі түзу, бұтағы төмен қарай иіліп тұр. Жарық күннің алдында еркелеп тұр. Асанның осы қайыңға көзі түсіп, лезде қасына жеткен еді. Әкесі көлік апатынан көз жұмып еді. Соңғы өсиетін де тыңдай алмай қалды байғұс бала. Сондықтан осы қайың әкесінен қалған мирасы секілденгендей бауыры жылып сала берді. Көзің түсе бергеннен-ақ әкесі осы қайыңның қасында отыратын. Оны күтетін. Қайыңның жауы жұрттың балаларынан қорғайтын. 

– Сындырмаңдар бұтағын, жапырағын жұлмаңдар, қарақтарым, – деп ескертіп тұратын. Қайыңның басты жаулары да көше балалары, ойын балалары. Тек қайың емес-ау, бүкіл ағаштың жауы. Ағаштарды сындырып ап, қазақ – жоңғар болып соғысып ойнайды. Садақ жасап, біреуі дұрыс болмаса тағы да қайтара бірнешеуін жасайды. Садағына тағы оқ керек. Ағаштың түзу-түзу бұтақтарын сындырып, шөптерін жұлып алып тастайды да, ал жебеміз дайын болды дейді. Тек бұл емес, ағаш жапырағын жұлып пұл ретінде кәдеге жаратады. Ақша кімде көп болса, сол бай. Сол себепті де жапырақты молынан жинауға ұмтылатын балалардың арқасында жапырақ  шашылып кетеді. Ойнап біткен соң, қара жолдың ортасы жасыл желек жапыраққа айналады. Лақтырып кетеді... Бұл ауылда ағашқа байланысты ойын бітпейді. Жыры ұзақ. Күнде әр түрлісі шығып тұрады. Бітпейтін ұзақ ойын. Ғасырдан да ұзақ ойын. Әкесі мұны балаларға байыппен ескертеді.

– Балалар, өзге ағаштарға да пайда тигізбесеңдер де зияндарың тимесінші. Ойнайтын ойын көп қой. Мәселен... деп ойынға қызықтырып жібереді.

Асанның әкесі осы қайыңды өзге ағаштардан ерекше жақсы көретін. "Ақ қайың" дейтін әнді Асанға да салып беретін.

            "Пана қылған ақбөкен ақ қайыңды-ай,   

             Жалғыз біткен жапанда дақ қайыңды-ей."

Сол күндегісі есінде... Ал қазір ақ қайыңға іші тартып барады. Есіне ыстық естеліктер түсіреді. Әкесінің қасында отырғандай болады. Бұл ауылда өзге қайың жоқ-ты. Құдды, ауыл ханшасындай сызылған, иілген күйі ауылдың ішкі жағында тұрады. Бұл ағаш басқа ағаштардан өзгерек. Ал қарауылағаштар осы қайыңды күзетіп тұрған тәрізді. Асан енді осы қайыңмен сырласпаққа, достаспаққа бекінді. Күнде осы қайыңның қасына келіп үнсіз отыруды шығарды. Қайың да үнсіз, бұл да үнсіз. Үнсіздікпен сырласқандай күйде. Асан үйінде өз бетінше ойнайды. Сыртқы ойынға әуестенбейді. Көшедегі балалар бір-бірімен жиі дүрдараз болады да жүреді. Бұл балалар бала емес, бәле бір жүрген. Асан ойнағысы келгендей, сырттан қарағанның өзінде, балалар мұрнын шүйіріп, ойынға қоспайтындай көрінеді. Сондықтан Асан бұған аса құмартпайды да. Тек Ақ қайыңмен сырлас, Ақ қайыңмен мұңдас.Сабаққа бара жатса да, үйге қайтып келе жатса да көретіні бір қайың. Ауыл ішіндегі ең әдемі ағашы, өзгешесі осы қайың еді. Оны өзгелерден де қызғанады. Қасында біреулер тұрғанын көрсе, "менің ағашым" дегісі келеді. Дегенмен де кет әрісін айтпайды. Өйткені, сұлу қайыңға сотқардың өзі де тиіспейді. Сол қайың міне, Асанға қарап сыр айтатындай...

            Табиғат сары бояуын өшіріп, аққа малынғанына, міне, екінші ай. Қаталдау түскен. Құдды ақпан ауылға ызаланғандай долы. Уілдеген семсерлі желін сұғып өтеді. Асан осы жақыннан бері төсек үстінде жатыр. Ана жүрегі одан сайын жабырқау, еңсесі түсік. Бар ойы- баласының сырқатынан айығуы. Биыл  қоңыр ала сиыр өкпе туберкулезін жұқтырыпты. Бірақ қалай жұқтырғаны үй ішіндегілерге беймәлім. Ауылдың төрт-бес шаңырақ сиырлары да сол бәлені тауыпты. Қар жауғалы түлік тебіндіде. Күндегі күйбең тіршілік те осы мал атаулысымен өтеді. Асанға оқыс жұқпаған. Әнипа сиыр кесапатты жұқтырған күні сүтті сауып алып, ыдысқа сүзіп қойып кеткен. Асан шикі сүт екенін білсе де, сабақтан ашығып келген бетімен сіміріп салған. Артқы жағдай осы болды. Науқастанғаннан бері қайыңмен де сырласпапты. Бірақ, оның жайын ойлайды. "Жаурады ма екен?" дегендей ойға кетеді. Тіптен қар борап жатқанның өзінде әкесі қайың жанында жұқа жемпірмен отырғандай көрінеді.

– Әке ауырып қаласың ғой!- деп дыбыс шығарып жібереді кейде. Ауырғандықтан ба, әлде басқа ма оны Асан жайы біледі. Бұрын үйден ешқайда ұзап шығып көрмеген Асан екі айдай емханада жатты да қойды. Емделіп жүр. Бәрі де жақсы-ау, жайлы төсек, тамақ ас та көк. Тек... денсаулық нашар болғасын қалғандары бір тиынға да керек емес. Үйіне деген сағыныш бала жүрегін сыздатады. Бар ойы- тез айығып үйіне жете қою. Соңғы кетерінде ақ қайыңға көзі түскен-ді. Ол да жүдепті. Өзге ағаштарға рақат тәрізді. Бір-біріне жақын. Бір-бірімен сырласатындай. Ағаш атаулысының да ымдасатын тілдері бар шығар?! Ал қайың ше? Сырласатын Асан да жоқ. Бірақ Асанға осы кезге дейін сырласқанына, күтім жасағанына алғыс айтатындай. Сол күні қайың тоңған тәрізді болып көрініп еді. Бірақ қайдам ағашта жан жоқ қой... Жоқ, бар дейтіндей екінші ой да бұған тыпыршып маза бермейді. Асан екі иінінен дем алып, енді өз қамы жайында ұзақ ойға кетті...

            Көктем шыға, жер жүзі құлпырып, бұлақтар сай-саланы аралап, бүкіл табиғат атаулысы ұйқыдан оянды. Асанның толық айығуына ақ қайың өз үлесін қосып еді. Асанның әкесінен естігені бар-тын. "Қайыңның шырыны өкпе туберкулезіне ем" дегені. Көктем шыға қайыңның шырынын бұ да ішіп жүр. Асан емханадан келгелі бойы өсіп қалғанын сезбей де қалды. Бойы ұзарып, шидей арықтап, беті ағарыпты. Сырқаттың әсерінен болар?!

– Үйдің дәмін сағынған боларсың, Асан-ау?! Қазір саған неше түрлі дәмді пісіріп беремін,– деп анасы іске кірісіп те кетті. Асан бұған аса мәз болып:

 – Қазір келемін,- деп тысқа шығып кетті. Сыртқа тартып тұрғаны сол бәз баяғы ақ қайың. Тек қайыңның әрбір бұтағына қарғалар ұя салыпты.

– Сен жалғыз емес екенсің ғой, -деп езу тартты Асан. Қайыңға зор алғыс білдіргендей болды. Маған өмір сыйлағаныңа шексіз рақмет дегендей. « Сенің пайдаң телегей екен-ау» деп ойлады.- Мен кеткелі өзіңе қараған адам болмаған шығар. Оның үстіне мынау қу қарғалар саған маза бермей қақылдайды. Досың да жоқ, тек бәріне мейіріммен қарайсың, - деді қайыңға. Қайың мұны түсінгендей боп, самал желдің ығымен әсте тербеліп қойды. Бірдеңе дегісі келгендей, Асанның көзі бал-бұл жайнап кетті. Көктемнің жылы лебімен қайың "Ақ қайың" әніне салғандай дыбыс шығарады. Асан енді бақытты! Өмірдегі нағыз досы қайыңға айналғандай болды. Күн де сол шығыстан көтеріліп, батысқа барып тірелді. Ала шұбар бұлттар сапарға аттанғандай бірте-бірте жөңкіліп алға жылжып кетті. Асан қайыңмен қоштасып, үйге еріксіз кете барды. Қайың қайтадан жападан-жалғыз күйде...

 



Бөлісу: