Адамның мүмкіндігі шексіз (Байқау)
блог
Сәлем достар!
Жақында мен «Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?» деген эстафета блогтарын түгелдей дерлік оқып шықтым. Бәрі де жан-жақты жазылыпты. Үш жарым сағаттық сынақтың қалай өтетіндігі жайлы тың мәліметтер алдым. Және көбісінің жоғары балл жинап, қалаған оқу орындарына түскендерін оқып, дайындығымды одан әрі арттыра түстім.
Сонымен, осы аптада математика пәнінен көптеген тақырыптарды қайталадым. Бұл мен үшін пән ҰБТ пәндерінің ішіндегі ең қиыны.
Әсіресе вектор тақырыбына ерекше тоқталдым. Бұл ҰБТ сұрақтарында міндетті түрде келетін есептер қатарында.
Сынаққа дайындық мұнымен шектеліп қалмайды. Бұрын "Бұл маған қиынға соғады"-деп кейбір тақырыптарды қарамай, қалдырып кетіп жүрдім. Ал қазір олай емес. «Адамның мүмкіндігі шексіз» деген сөздің жаны бар. Сіз бен біздің мүмкіндігіміз өзіміз ойлағаннан әлдеқайда жоғары. Сондықтан мен өз алдыма ҰБТ-дан жоғары балл аламын деп мақсат қойдым. Және сол мақсатымның орындалу жолында ешқашан аянып қалмаймын.