Арман… Адам мен арман… Екі сөзді бір-бірінсіз елестету қиын шығар. Басқа жанзаттарда армандау сезімі бар ма, жоқ па білмеймін, ары кетсе, қарным тойса ғой деп армандайтын шығар жануарлар. Адам баласында арман деген көп қой, десе де арманның жөні бір бөлек мақсаттың жөні бір бөлек. Мақсат – арманға жету үшін қойылатын талаптар. Ал сол талаптарды орындай білсе адамзат арманына жақындай түседі. Баршамыз арманға жету жолында әр түрлі мақсат қойып жатырмыз. Сіздердің көштен қалмай (байқау шарты бойынша) мен де өзіме өзім міндеттеген мақсаттарым желісімен бөліссем:
1) Әрине бітіруші сынып болғандықтан білім ізденуіміз еріксіз мақсат болады. Менің арманым – 125 балл жинау. Ал осы арманымды жүзеге асыру жолындағы мақсатымның бірі тарих пәнінен күн сайын 1 тақырып 4 тест шешу, нәтижесінде 21 баллға жету(осы екі айда);
сонымен қатар мен болашақта шет елде білім алғым келеді, ол үшін әлемде маңыздылығы жоғары ағылшын тілін игеру қажет болып саналады. Осы жолда мен білімімді одан әрі шыңдау мақсатында, Массагет тв-нің English time видео дәрістерін бірме-бір қарап, ағылшын тілінің грамматикасын меңгергім келеді.
2) Амандық болса, келесі жылы мектеп бітіріп үлкен өмірге қадам басамыз,үйден ата-анадан бауырдан әпке қарындастан алшақ кетеміз, үлкен қала көреміз, нәсіп болса шет ел асамыз. Сол уақытта өзіңе өзің бас көз болу керек. Қыстың қамын жаз ойла демекші, ол кезде маңыздының бірі - күнделікті азығың, соны ойлап осы демалысымда аспаздықпен де шұғылданып көрмекпін. Апта сайын назарларыңызға үйренген тағам түрін ұсынып отырмақпын. Қызық болатын сияқты)))...
3) Алғашқы блогымда айтып өткенімдей, футбол - жаныма өте жақын спорт түрі. Өмір қай салада болсын шеберлікті қажет етеді, сондықтан техникамды шыңдау алға қойған мақсатымның бірі. Алдағы уақытта әр футбол қимылымды видео арқылы көре аласыздар.
Футбол – дене қимылы мен шапшаңдыққа негізделген командалық ойын, бұл ойында жылдамдық маңызды рөл ойнайды, осыны назарда ұстап әр күн сайын жүгіру жаттығуларын жасап нәтижесінде 100 метр қашықтықты 12 секундта басып өтуге тырысам. Осы орайда ақпарат бере кетсем, 100 м әлемдік рекорд - 9,58 секунд Ямайка желаяғы Усейн Болтқа тиесілі. Бұл жаттығу оңайға соқпасы анық, бірақ Абай атам «Болмасаң да ұқсап бақ» деді емес пе?! Алдағы уақытта көре жатармыз...
Міне менің болашақ 2 айға жоспарлаған ойларым. Барлығын орындауға тырысып бағам. Жоғары нәтиже күтем. Арманға жету жолындағы ізгі істеріңізге сәттілік тілеймін байқау қатысушылары.
Ей Мұзбалақ
Мен сенің қанатыңмын талмайтұғын,
Биік жоқ мына біздер алмайтұғын.
Өзіңдей алғыр қыран бар ма бүгін?
Қалықтап, көк аспанда самғайтұғын!