Абайдың алғашқы махаббаты (байқау)

Абайдың алғашқы махаббаты (байқау)
жеке
блог

  Негізі, біз ұлы тұлғалардың өмірбаяны жайлы оқығанда, алдымен, бізге олардың балалық шағы мен жастық шағы қызықты. Сол сияқты Абай жолы роман-эпопеясының "Бел-белесте", "Өрде", "Қияда", "Тайғақта" деген келесі төрттік бөлімінде Абайдың жасөспірімдік, бозбалалық, жігіттік шағы бейнеленеді. Бұл бөлімдерде Абайдың өмірінде өзгерістер көп, яғни ол әкесімен ел аралайды, ауылдар арасындағы түрлі келеңсіздіктерге тап болады, алғашқы махаббаты Тоғжанды жолықтырады, ата-анасының ұйғаруымен атастырылған жары Ділдәға үйленеді, 17 жасында әке атанады және әжесі Зереден айырылады.

   Осы романды жазған жазушы Мұхтар Әуезов ең бір әдемі, ең бір әсем көріністердің бірі ретінде Абайдың алғашқы махаббаты - Тоғжанды ерекше сөзбен әспеттеп, оның сұлулығын көркем сөзбен көмкеріп жазған. Сіздерге бүгінгі сүйікті кейіпкерім ретінде - Тоғжанды баяндағалы отырмын.

  Тоғжан жайлы қысқаша дерек келтірсем, ол Абай ауылына көршілес жатқан Бөжей ауылының қызы. Әкесінің аты - Сүйіндік. Ағаларының аттары - Асылбек, Әлібек. Абай оны алғаш рет көктем мезгілінде сол Сүйіндіктердің үйіне қонаққа барғанда көреді. Алдарыңызға Абайдың алғаш рет Тоғжанның жадыраған жүзін көрген сәтінен үзінді ұсынамын.

  "Сылдырлаған шолпысы ,әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді. Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшат бөркі, білек толған неше білезіктері- баршасы да бұл өңірден Абайдың көрмеген бір сәні сияқты.Толықша келген ,аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай боп қиылып тұр.Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас,жүрекке шабар жендеттің жебесіндей.

  Тоғжан үйдегі сөзге құлақ салып, не күліп,не қымсынса, сұлу қастары бір түйіле түсіп, бір жазылып, толқып қояды. Елбіреп барып дір еткен қанат лебіндей.Самғап ұшар жанның жеңіл әсем қанатындай."

   Бұл алғаш кездесуден кейін олар тағы бірнеше рет кездеседі. Бірақ, бұл жолы Абай оны жайдары кейіпте емес, мұңды, қаралы жүзін көреді. Осы сәттен тағы бір үзінді ұсынамын. 

 

  

"Бұл көш қаралы көш - Бөжей көші екенін Абай мен Тәкежан бағана-ақ таныған болатын...    

   Өтіп бара жатқан бес қыздың тап ортасында, жібек жал ақ жорға мінген Тоғжан екен. Көктемнен соң көргені осы.                                                                

Судыраған қара жібек биқасаптан әдемі жеңіл шапан киген. Басында жап-жаңа қара кәмшат бөрік. Мойнында әсемдеп, кең ораған құбылма түсті торғын шәлі. Құлағында үлкен алтын сырғасы ырғалып келе жатқан Тоғжан, мынау ат үстінде, мынадай топ қыздың ортасында, дәл көп жұлдыз арасындағы шолпандай.                  

Ақ маңдай, алпақ жұмыр мойнына, қолаң жібек шашына бетінің үлбіреген қызылы соншалық жарасып тұр.                                                                                            

Қара шапан сыртынан белін шымқай буған сарғыш жібек белбеуге оң қолын сүйеп, мықынын таянған. Маңайға бұрылып қарамастан, шырқап жылап, жоқтау айтып келеді. Абай кірпік қақпай қадалып, тыныстары да тыйылып, Тоғжан үнін тыңдаумен тұр...                                                                                                        

Сырттап бара жатқан Тоғжанның арттан көрінген мүсіні де өзгеше екен. Атқа отырысының өзінде де бір нәзік-еркелік пен соншалық биязылық, мықтылық та бар сияқты. Жылтырап өрілген жуан бұрымдарының ұшында үлкен шолпы ырғала түсіп, шылдырап барады. Сонау сағынышты көктемде көңіл өртеген, одан бері де көзін жұмса әрдайым құлағына шылдырлай түсіп, былдыр етіп: "Есіңде бармын ба!" деп кететін осы шолпының үні."         

 

  Абайдың бұл көргенінен кейінде Тоғжанды көруге сан мәрте асық болады. Тоғжан да оны ұнатып, олар бірнеше рет жасырын кездескен еді. Бірақ, Тоғжан Абайға бұйырмады. Ол кейінірек амалсыздан Аққозы деген біреуге тұрмысқа шығады. Сөйтіп, Тоғжан Абайға арманда кетеді. Ал, Абай мынандай жыр жолдарын арнапты:

         "Жарқ етпес қара көңлім не қылса да,

          Аспанда ай менен күн шағылса да,

          Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,

          Саған жар менен артық табылса да.

          Сорлы асық, сарғайса да, сағынса да,

          Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да.

          Шыдайды риза болып жар  ісіне,

          Қорлық пен мазағына табынса да.

   Сіздерге баяндар келесі сүйікті кейіпкерім ақылды да данагөй, Абайдың ұлы тұлға болып қалыптасуына бірден бір себепші - Әжесі Зере.

  

  Әжесі Зере жайлы мағлұмат айта кететін болсам, ол 1785 жылы дүниеге келген. Әрі Өскенбай бидің бәйбішесі, Құнанбайдың анасы. Құнанбаймен қатар Тайбала деген баласы болған. Жалпы, Зере жары Өскенбайдан да ұзақ ғұмыр сүреді. Тарихқа көз салсақ оның өмір сүрген заманы тәуелсіз Қазақ хандығы мен елдің Ресей боданына өткен уақыт аралығын қамтиды. Көргені мол көреген әже немерелерінің ішінен Абайды ерекше жақсы көріп, аса мейірімге бөлеп өсіреді. Абай әжесінің қасында жатып көп-көп әңгімелер, ертегілер, сонымен қатар «Еділ-Жайық»,  «Құла мерген», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Жүсіп-Зылиқа», "Жұпар қорығы" дастандарын тыңдап өседі.Оның әдебиетке деген құмарлығы осыдан басталды десе болады. Негізінен, Абай әкесінен қарағанда анасы мен әжесіне жақын болып өсті, себебі Абай олардан бар жылулықты, бар мейірімділікті көрген еді. Сондай-ақ, Зеренің отбасы тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлген. Бұзықтық жасаған немерелерін бірден жазалап отырған. Ауыл халқы оны аса қадір тұтқан. Жұрт арасында Абайдың әжесі мейірімділігімен, парасаттылығымен, ақылгөйлігімен сыйлы да құрметті болған. 

  Абайдың әжесі - Зере Абайдың 28 жасында дүниеден өткен екен.

 P.S. Сонымен, сіздерге осы жолғы сүйікті кейіпкерлерімді жақсы баяндап, өскелең ұрпаққа  тәрбиелік мәні бар романнан жақсы талдау ұсындым деген ойдамын. Ұнатсаңыздар, пікір қалдыруды ұмытпаңыздар!