300 мың теңгелік шағын грант алу үшін не істеу керек?

Білім саласында абитуриенттерге берілетін гранттарынан бөлек Қазақстан азаматтары ақшалай грант жеңіп ала алатынын білесіз бе? Министрліктер, ірі компаниялар және меценаттар тарапынан түрлі гранттар ұсынылады. Мысалы волонтерлердің білім саласындағы бастамаларына 300 000 теңге беріледі. Мұны «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ бірлесіп «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасының басталғаны туралы хабарлайды.

«Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасының мақсаты волонтерлерді тарту және бейресми тәсілді қолдану арқылы халықтың әртүрлі топтарының, соның ішінде ауылдық жерлерде цифрлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыру.

Мақсатқа қол жеткізу үшін еліміздің барлық өңірлерінен 2000 волонтер жиналады. Волонтерлер арнайы оқытудан өтіп, халықтың әртүрлі топтары үшін цифрлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауаттылық саласында оқыту іс-шараларын, шеберлік сыныптарын, семинар-тренингтер өткізетін болады.

Бүгінде жобаға қатысу үшін аталған бағыттар бойынша волонтерлерді тіркеу жалғасуда.

Жоба аясында шағын гранттар байқауы бастау алды. Қазақстанның барлық өңірлерінің волонтерлері байқау негізінде халықтың әртүрлі топтарының цифрлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыру саласындағы өз идеялары мен бастамаларын іске асыруға 300 000 теңге сомасында грант иегері атану мүмкіндігіне ие. Байқау аясында 30 шағын грант ұтысқа салынады.

Байқауға:

  • халықтың цифрлық және компьютерлік сауаттылығын арттыру бойынша волонтерлік жобалар;
  • халықтың тілдік сауаттылығын арттыру бойынша волонтерлік жобалар;
  • халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша волонтерлік жобалар;
  • волонтерлерді білім беру жобаларына тарту;
  • байқаудың мақсатына сай басқа да бағыттардағы жобалар қабылданады.

Шағын гранттар байқауына қатысуға «Birgemiz: Bilim» жобасы аясында оқытудан өткен жеке тұлғалар, бастамашыл топтар және Қазақстан Республикасының үкіметтік емес ұйымдарына рұқсат етіледі. Байқауға қатысуға өтінім берген жеке тұлға 18 жастан асқан болуы тиіс.  Бастамашыл топтың атынан өтініш берген жағдайда, топ жетекшісінің жасы 18 жастан жоғары болуы тиіс. Топтың қалған мүшелеріне қойылатын талаптар – жасы 14 жастан жоғары. Байқауға қатысуға өтінішті тікелей топ жетекшісі топтың барлық мүшелерін көрсетіп тапсыруы тиіс.

Байқау 3 кезеңнен тұрады: I – техникалық іріктеу, II – әділқазылардың жеке бағалауы, III – байқау комиссиясының отырысы (жеңімпаздарды анықтау).

Байқау жұмыстарын қарастыру кезінде жобаның өзектілігі, инновациялылығы, қисындылығы, шығыстар сметасының сәйкестігі және негізділігі, сонымен қатар жоба командасының тәжірибесі мен құзыреттілігі бағаланатын болады.

Шағын гранттар байқауына өтінімдерді қабылдау 2023 жылдың 7 тамызы мен 4 қыркүйегіне дейін жүреді.

Жобаның және ұйымдастырушылардың әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында шағын гранттар байқауының ережелерін түсіндіру бойынша тікелей эфирлер өтеді. Сондай-ақ, барлық өзекті ақпараттар мен байқау ережесін жобаның Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасынан @birgemiz.bilim2023 алуға болады.

Жоба мақсаттары мен міндеттерін бөлісетін және еліміздің білім деңгейінің дамуына үлес қосуға дайын әрбір азаматты қатысуға шақырамыз!



Бөлісу: